Бүгін Қазақстанның қасиетті әрі қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күні. Осыдан 30 жыл бұрын 16 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңды қабылдаған еді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Қазақстан елеулі жетістіктерге жетті және күрделі сын-қатерлерден өтті.
Төл валютасын қолданысқа енгізді. Айбынды әскерін құрды. Шекараларын бекітіп, жаңа астанасын салды. Мемлекеттік рәміздерін бекітті. Орнықты мемлекеттік институттары бар және экономикасы бәсекеге қабілетті демократиялық мемлекет ретінде қалыптасты.
Әлемдік сауда-экономикалық жүйеге толық еніп, өзін сенімді серіктес ретінде көрсете білді. Бүгінде әлем бойынша 120-дан астам ел Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Биылғы мерейтойлық жылда да елімізде ауқымды реформалар басталды, экономика мен әлеуметтік сала жаңғырып келеді.
Пандемияға қарамастан, мемлекет отандық бизнеске қолдау көрсетіп жатыр. Халқымыздың саны 19 миллионнан асты. Қазақстан ССРО тарағаннан кейін араға 8 күн салып, тәуелсіздігін жариялады.
«Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең-байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді», деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 17 желтоқсанда Алматыдағы Орталық алаңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жариялануына орай өткізілген жиында.
Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш Америка Құрама Штаттары мойындады. Одан кейін Қытай, Ұлыбритания, Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде таныды.
Ал Түркия бірінші болып Қазақстанда өз елшілігін ашты.