Бүгінгі ұрпақтың үш тілді меңгеруі, қай жағынан алғанда да, тиімді бастама. Бұл – бір жағы заман талабы. Негізгі мақсатына келсек, бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік бағдарға қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» деген болатын. Бұл еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеп отырған білім саласы қызметкерлеріне де сын болмақ.
Әрине, ел арасында қазақ тілі басқа екі тілдің қалқасында қалып кетпей ме дегенде қорқыныш жоқ емес. «Баланың бойына ұлтының ұлылығы ананың сүтімен, тілімен дариды. Сондықтан бұл жүйе ең алдымен қазақ тілін жетік меңгертуді көздейді. Қазақ тілі – ұлтымыздың рухы, рухани байлығы, оны білу әрбір Қазақстан азаматының борышы. Ғылымға, инновацияға, технология мен бизнеске жол ашатын орыс және ағылшын тілдерін де біліп үйренуіміз қажет», дейді бұл жөнінде педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асма Қалыбекова.
Сарыағаш қаласындағы №4 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты жас ұрпаққа үш тілді үйретуді кеңінен қолға алуды мақсат тұтқан білім ошақтарының бірі. 2007 жылы есігін айқара ашқан бұл мектепте бүгінде 350-ге жуық оқушы білім алып жүр. Оларға 40-қа жуық ұстаздар сабақ береді. Мектеп басшылығы нағыз білікті, тәжірибелі ұстаздарды жинай біліпті. Мұғалімдердің арасында ғылым кандидаттары мен профессорлар да бар. Мектеп директоры Раушан Джеренованың өзі педагогика ғылымдарының кандидаты, 70-тен астам еңбектің авторы. Ғалым басқарып отырған білім ошағының жетістіктері жетерлік. Биыл облыстық олимпиадада осы мектептің үш оқушысы бірінші орынды иеленді. Екі оқушы екінші орын, біреуі үшінші орынды алды. Тағы бір қуанышты жағдай, жақында Санкт-Петербург қаласында физика пәні бойынша өткен байқауда тағы бір оқушы үшінші дәрежелі дипломға ие болды. Осы білім ошағының 7 оқушысы Назарбаев зияктерлік мектебіне қабылдануы мұнда білім сапасының жоғары деңгейде екенін байқатса керек. «Біз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Сондай-ақ, Алматы қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеппен келісімшарт жасастық. Енді біздің мұғалімдер мен оқушылар Алматыға барып, осы білім ошақтарымен тәжірибе алмасады. Біз қазір соңғы технологияларды енгізудің арқасында балалардың білім сапасын көтеруіміз қажет. Ол үшін ғалымдарды дәріс беруге көп тартуымыз керек. Оқушылар арасында сауалнама жүргізгенде көбісі халықаралық қатынастар мамандығын қалайтынын айтты. Осы мақсатта, алдағы уақытта Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті сияқты беделді оқу орындарының ғалымдарымен байланыс орнатсақ дейміз», дейді мектеп директоры Раушан Омарханқызы.
Қайбір күні педагогика ғылымдарының докторы Асма Қалыбекова осы мектептің оқушыларымен үш тілде білім алу мәселесі турасында кеңінен әңгіме қылды. Жас ұрпақтың бұл жүйеге деген қызығушылығы мол. Ең қуаныштысы, жастардың бойынан еліне, жеріне, Отанына деген мол сүйіспеншілікті көрдік. Тәуелсіз еліміздің әрбір абыройлы ісін мақтан тұтады. Білімге ынтасы ерекше, ықыласы мол 10-сынып оқушысы Жұлдыз Қайыпжан тіл білудің арқасында білім кеңістігінде көп биіктерге қол жеткізуге болатынын, ана тілін ардақтаумен қатар, ел тарихын, ұлтымыздың салт-дәстүрін тереңірек білгісі және оны әлемге кеңінен насихаттағысы келетінін айтып, ағынан жарылды. Лайым, жастарымыз тілегіне жете берсін.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.
Суреттерде: мектеп директоры Р.Джеренова және мектеп оқушылары.
Суреттерді түсірген
Арман ӘБДІРАШҰЛЫ.