• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Желтоқсан, 2021

Сүзгіден өткен субсидия

422 рет
көрсетілді

Қостанай облысының ауылшаруашылық тауарларын өндірушілері Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған жаңаша субсидиялау ережелерінің жобасын талқылады. Фермер-шаруалардың пікіріне сүйенсек, түзетіліп қайта ұсынылған жаңа Ереже салада көптен бері қордаланып қалған күрмеулі мәселелерді шешпейді. Керісінше, жағдайды ушықтыра түседі.

Субсидиялау ережесін тал­қы­лаған жиын облыстық кә­сіп­­керлер палатасында өтті. Палата бөлімінің жетек­шісі Саят Жүсіпов ауылшаруа­шылық кешенін субсидиялау жү­йесін реформалау әбден тол­ғағы жеткен, әрі қарай созбақ­қа салу­ға келмейтін маңыз­ды мәселе екенін айта келіп, жи­нал­ған көпшілікке Ауыл шаруа­шылығы министрлігі қосарын қосып, аларын алып, қайта әзірлеген жаңа құжаттағы өзгерістер жөнінде баяндап берді.

– Жаңа ереже бойынша субси­диялаудың бағыттары бұ­рын 47 еді, енді ол 20-ға де­йін қысқарып отыр. Субси­дия беру барысында қос тарап­ты міндеттемелер енгізіл­ді. Суб­сидия алу үдерісі жеңіл­детіл­ді. Сондай-ақ бюд­жет қа­лып­тастыру үшін «күту пара­ғын» енгізу қарастырыл­ған, – деді бөлім жетекшісі.

Мал шаруашылығы саласында асыл тұқым алу сияқты аралық технологиялық жұ­мыстарды жүр­гі­зуге бөлініп келген суб­сидия да алынып тасталмақ. Мұнда тек соңғы нәтижеге ғана, яғни бор­­да­қы­лау алаңдарына етке өткізі­ле­тін мал­ғ­а ғана демеуқаржы бөлі­неді. Қазір ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері 1 литр сүтке 20 теңге суб­сидия алады. Егер жаңа Ереже дәл осы күйінде күшіне енсе, өткізіп отыр­ған сүті ветсанитарлық талаптарға сай кел­­мей­тіндіктен, кооперативтер де суб­си­дия­дан қағылуы мүмкін. Сондай-ақ асыл тұ­қымды бұқашық пен тәуліктік балапан алуға беріліп келген инвестсубсидия да алынып тасталуы ықтимал.

Егін шаруашылығында да бірқатар бағыттағы субсидиялар жойылады деген болжам бар. Мәселен, тұқым, минералды тыңайтқыш, пестицид сатып алуға және су өткізу қызметтері бойынша, сонымен қатар қант қызылшасы, жүгері, қарақұмық, майлы өсімдіктер тұқымы, картоп, пияз, сәбіз өнімдерінің саты­лым көлеміне қарай берілетін демеу­қар­жы­ны алып тастау көзделіп отыр.

Құны 3 млн теңгеден төмен аспалы және тіркеме құралдар да субсидияланбайды. Есесіне, арнайы техника мен технологиялық құрылғылар сатып алуға берілетін субсидия мөлшерін 50 пайызға ұлғайту жоспарланған.

– Сондай-ақ құрылыс-жөндеу жұ­мыс­тарына, жайылымдарды суландыру мақ­сатында құдық қазуға қажет жаб­дық­тарға демеуқаржы бөлу алынып тас­талды. Тек су ұңғымаларын қазу­ға жұмсалған шығындарды субсидия­лау ғана қалдырылды. Тіпті, бұл да алы­нып тасталуы мүмкін. Мұның ор­ны­­на құдық, ұңғыма қазудың жаңа те­тік­терін енгізіп, оны іске асыруды жеке бюджеттік бағдарламаның есе­­бінен «Қазсушаруашылығына» жүк­теу көзделуде. Мұндай құ­дық­тар кейін шаруаларға жалға берілетін болады. Сонымен қатар несиелердің пайыздық мөл­шер­­лемесін әкімшілендіру мақ­са­тын­да оны субсидиялауды «Даму» қорына беру, ал жануарларды сәйкес­тен­ді­руді мал иелері есе­бі­нен жүзеге асыру ұсынылуда, – деді Саят Жүсіпов.

Жаңа ереже өзгеріске толы, алайда фермерлердің көбі бұл өзгерістердің орынсыз екенін айтты. Мәселен, шаруалар құны 3 млн теңгеден төмен аспалы және тіркеме құралдарды субсидиясыз қалдыруға қарсы болып отыр. Мы­­салы, стогомет, шалғы сияқты қосал­қ­ы құрылғылардың бағасы 3 млн теңгеге жетпейді. Алайда оны шағын шаруашылығы бар кез келген фермер сатып ала алмайды.

– Субсидиялау ережелеріндегі соңғы өзгерістер – Бас прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өткізген тексеру жұмыстарынан кейін туындап отырған жағдай. Көптеген ұсыныс сол жақтан келді. Аспалы құралды субсидиялау тізі­мі­нен алып тастаған АШМ оның себебін мұндай құралдар сатып алғаннан кейін еш жерде есепте тұрмайтындықтан, оны ба­қы­лау қиын деген уәж айтып отыр. Мұнымен келіспейтін болсаңыздар, бұл турасында өз ұсыныстарыңызды әзірлеп, оны негіздеу керек, – деді об­лыс­тық ауыл шаруашылығы және жер қа­ты­настары басқармасының бөлім бастығы Нұрсұлтан Қаб­делов.

«Львовский колос» ЖШС директоры Андрей Двуреченскийдің айтуынша, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау бағдарламасын басқа емес, сала мамандарының өздері жазу керек.

– Біз алдағы уақытта көптеген ауқым­­ды шаруаларды қолға алуды көз­деп­ отырмыз. Жоспар бо­йынша шы­ғын­ның 60-70 пайызы шаруашылық ғимараттарын жөндеуге, жаңа нысандар салуға жұмылады. Ал министрлік қосалқы құрылғыларға дотация қосудың орнына субсидияны алып тастау керек дейді. Мұны қалай түсінуге болады? Демек барлық шығынның ауырт­па­лы­ғын фермердің өзі ғана көтереді. Бұл жағдайда кез келген жобаның құны өсіп, алдағы уақытта фермерлердің көбі инвестжобаларды іске асырудан мүлде бас тартуы мүмкін, – деді А.Двуреченский.

Ауыл шаруашылығы тауарын өнді­ру­шілер субсидия алу­шылардың бел­гіленген міндет­те­мелері болғаны дұрыс дейді. Шаруалар сөйте тұра, Ауыл шаруа­шылығы министрлігі ұсы­­нып отырған міндеттемеде қа­рас­­­ты­рыл­ған өндіріс деңгейін төмендетпеу, жұ­мыс орындары мен аналық бастың ке­мі­меуіне кепілдік беру сияқты тар­мақ­­тардың қисынсыз екенін айтты. Өйткені өндірістің деңгейі фермердің мүмкіндігінен тыс өсуі немесе тө­мен­деуі ық­ти­мал. Мысалы, биыл об­лыста құрғақшылық болып, егін шаруа­­­шылықтары екі есе төмен өнім алды. Ал ережеге ен­гізілген өзгеріске сәйкес, та­би­ғи жағдайдың салдарынан дұ­рыс өнім ала алмаған шаруа, бұл аз болғандай жығылғанға жұдырықтың кебін киіп, субсидиядан да қағылады. Осылайша шаруашылық басшылары қос тарапты міндеттемелердің кейбір тармақтарын қайта қарауды талап етіп отыр.

Кәсіпкерлердің пікіріне қара­ған­да, мемлекеттен бөлінетін де­меу­қаржы­ның негізгі міндеті фер­мерлердің ауыл­шаруа­­шылық өнім­дерін өндіруге кететін шы­ғын­дарын азайту бол­ған­дықтан, сатылған өнімнің көлеміне де субсидия берілу керек.

– Мемлекеттен бөлініп жатқан суб­си­ди­яның қызығын өнім өнді­ретін шаруа­шылықтар емес, техника, гербицид, тыңайтқыш сататындар көріп жатыр. Бұрын тыңайтқышты субсидиялаудың қолайлы әрі тиімді жүйесі бар еді. Шаруа тыңайтқышты тікелей зауыттан сатып алатын, ал Ауыл шаруашылығы министрлігі демеу­қар­жыны тыңайтқыш өнді­ру­шіге бөлетін. Ал бүгінгі таңда құнын толық төлемесең, тыңайтқыш ала алмайсың. Дотация ашық болғанда ғана тиімді болады, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің өкілі, «Зуевка» серіктестігінің директоры Александр Бородин.

Шаруашылық басшыларының ай­туын­ша, АӨК-ке субсидия­лау­дың қа­ра­пайым әрі ашық жүйесі қажет. Мысалы, егін шаруа­шы­лы­ғы саласына «астық саттың – дотация ал» қағидасы бо­йынша өнімнің сатылымына қарай субсидия белгілеуге болады. Ал мемлекет берген демеуқаржыға техника сатып ала ма, әлде тұқым немесе тыңайтқыш алуға жұмсай ма, ол жағын шаруаның өзі шешеді.

Жиын соңында облыстық кә­сіп­керлер пала­тасының директоры Данияр Күзен­баев шаруа­лар­дың субсидиялау жүйе­сін­е қатысты айтқан ұсыныс­та­ры Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі мен «Ата­мекен» ұлттық кә­сіп­керлер палатасына жі­бе­рілетінін айтты.