Анкарада (Түркия) волейболдан әйелдер арасындағы клубтық әлем чемпионаты аяқталды. Бұл жарыста Өскеменнің «Алтайы» тек Қазақстанның ғана емес, Азия құрлығының намысын қорғады.
«Алтай» әлем чемпионатының топтық кезеңінде Бразилияның «Минас» және Ыстанбұлдың «Вакифбанк» клубтарымен ойнады. Жерлестеріміз әр құрлықтың үздіктері жиналған біріншіліктегі алғашқы кездесуін былтырғы Оңтүстік Америка құрлығының ең үздік ұжымы деп танылған «Минас» клубымен өткізіп, үш партияда 20:25, 22:25, 18:25 есебімен жеңіліп қалды. Екінші матчта Ыстанбұлдың «Вакифбанк» ұжымымен шеберлік байқасқан «Алтай» бұл жолы да жеңілді. 2013, 2017 және 2018 жылдары клубтық әлем чемпионатында топ жарған Түркия волейболшылары 3:0 (25:13, 25:10, 25:17) нәтижесімен жеңіске жетті.
Финалдық сайыста Италияның «Карраро Имоко» клубынан 3:2 (25:15, 22:25, 25:22, 22:25, 15:7) есебімен басым түскен «Вакифбанк» төрт дүркін әлем чемпионы деген атаққа қол жеткізді.