Қазыналы Қарағанды облысы еліміздің индустриялық тірегі болып қала береді деуге толық негіз бар. Өңірде «АрселоМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс» сынды қала құраушы алпауыт кәсіпорындар өз алдына, өңірде басқа да өндіріс ошақтары өсіп келеді. Бұған мысал ретінде Қарағандының іргесіндегі Саран қаласында қолға алынған жобаларды алуға болады.
Бұл қаладағы бұрынғы Резина-техника бұйымдарының қаңырап бос қалған кәсіпорнының орнына жылына Yutong маркалы 1 200 автобус пен 400 бірлік техника мен арнайы көлік құралдарын шығаратын QazTehna зауыты бой көтерді. Бұл кәсіпорын өзінің толық қуатына жеткенінде, ондағы жұмысшылардың саны 1 мыңның шамасында болады деген болжам бар. Айта кеткен жөн болар, әлемдегі аса ірі автобус өндіруші Yutong компаниясымен бірлесе құрылған жобаның құны шамамен 11,9 млрд теңгені құрайды. Мұның 5,7 млрд теңгесі – құрылтайшының жеке қаржысы.
Мамандар қазірдің өзінде бұл жобаның аталған қала үшін «зәкірлі жоба» болып, облыс экономикасын әртараптандыруға да мол мүмкіндік береді дегенді нық сеніммен айтады.
Былтыр Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс орталығындағы жаңадан пайдалануға берілген №104 мектеп-гимназияға автобус сыйға тартқан болатын. Бүгінде Сарандағы зауыттың да қатысы бар сол автобус оқушы балаларға сапалы қызмет көрсетіп жүр. Бұдан бөлек, кәсіпорынның өнімдері Қарағанды және Саран қалаларындағы жолаушылар тасымалы қызметіне де пайдаланыла бастады. Аталған техника түрлері қоғамдық тасымалдау саласындағы халықаралық сапа стандарттары талаптарына толық жауап береді. Автобустар мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы пандустармен, орындармен, электронды билет беру және бақылау жүйесімен жабдықталған.
Соңғы мәліметке сәйкес, қазіргі уақытта Саран зауытының облыс орталығында – 24, Сәтбаев қаласында 32 автобусы жолаушыларға қызмет көрсетеді. Жезқазған қаласына бөлінген 31 автобустың 20-сы жеткізілген. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысына – 100 автобус, Алматы қаласына 8 көлік жіберіліпті. Білім және ғылым министрлігінің келісімі бойынша барлық облыстық білім басқармаларымен арада оқушылар автобустарын сатып алуға келісімшарт жобалары әзірленіп жатқан көрінеді.
Айта кету керек, Сарандағы зауыттың конвейерінен қалалық автобустардың төрт моделі шығады. Оның қатарында ішіне 51 адам сыятын, ұзындығы 8,5 метрлік автобустан 103 орындықты 12 метрдей ұзын көлікке дейін бар. Жаңа зауыт қалалық, қалааралық және мектепке арналған автобустарды шығарумен ғана шектелмей, сонымен қатар электр автобустарын өндіруді де жоспарлап отыр. Ал биыл ауыр жүк техникаларын құрастыру жұмыстары бастау алды. Оның ішінде 40 және 60 тонна жүк көтеретін кеніш көлігінің екі түрі де болады. Жалпы, кәсіпорын басшылары Саран зауытының өнімі ел ішінде ғана сатылып қоймай, жақын шетелдерге экспортталатынын да айтады. Жаңа жобаның Қарағанды облысы экономикасының дамуына және отандық автобустар жасап шығару арқылы қоғамдық көлік қорын жаңарту және жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруға игі ықпалын тигізеді деген сенім бар.
Саран қаласында қолға алынған екінші ірі жоба – автокөлік шиналарын шығаратын зауыт құрылысы. Ресейлік «Татнефть» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан бұл жобаға салынатын инвестицияның жалпы көлемі шамамен 111 млрд теңгені құрайды. Бүгінде жаңа кәсіпорынның құрылысы қызу жүргізілуде. Мамандар жаңа зауыттың Қазақстанның, атап айтқанда, Қарағанды облысының автомобиль өнеркәсібін дамытуға қомақты үлес қосатынына сенімді. Жоба аясында жаңа жұмыс орындарын ашу, импортты алмастыру және экспорттық әлеуетті қамтамасыз ету сияқты өлшемдер бойынша жұмысты ұйымдастыру жоспарда бар.
Жалпы, жоспар бойынша 2022 жылы іске қосылады деп болжанған кәсіпорын арада үш жыл өткенде өзінің жобалық қуаттылығына толық қол жеткізбек. Яғни кәсіпорын жылына жеңіл көліктің 3 млн шинасы мен жүк көлігінің 500 мың шинасын өндіретін болады. Ал жергілікті климаттың ерекшелігіне сәйкес жасалынатын Made in Kazakhstan маркалы бұл өнімдер ішкі нарықпен қатар шетелдерге де экспортқа шығарылмақ.
Болашақ кәсіпорынның облыс үшін жаңа бағытты дамытуға мүмкіндік беретін маңызды жоба болғалы тұрғаны сөзсіз. Ең бастысы, зауыт іске қосылған кезде мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Инвестор мен жергілікті атқарушы билік арасында өткен кездесуде айтылғандай, кәсіпорында жергілікті мамандар жұмыс істейді. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарынан үміттілерді Татарстанда оқытып алу да даярлық бағдарламасы бойынша қарастырылған.
Жасыратыны жоқ, Қарағанды облысында қолға алынған жарқын жобаның «отандық өнім жоқ» деп ауызды құр шөппен сүртуді дағдыға айналдырған бәзбіреулердің аузына құм құятын түрі бар. Бір есептен мұның өзі істің қиюын тапса, индустрия әлеуетін ел экономикасының игілігі жолына жұмсауға болатынын дәлелдеп берді. Сол себепті де Сарандағы серпінді жобалардың өндіріс нарығының көгінде қанаты талмай самғай берсе екен деп тілейсің.
Қарағанды облысы