Тәуелсіздік мерекесі аясында Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданындағы Ақсуат ауылында ұялы байланыс жүйесі іске қосылып, ауыл тұрғындары үлкен қуанышқа бөленді.
Адам жақсылыққа тез үйренеді ғой. Ұялы байланыс жүйесі күнделікті ең қажет сұраныстың біріне айналды. Әсіресе пандемия кезінде көп шаруаны қашықтан бітіруге әбден үйреніп алдық. Осындай кезде тұрғылықты жеріңде ұялы байланыс нашар болса, интернет шабан болса, жүйкені жүндей түтеді. Облыс орталығы Орал қаласының іргесіндегі Ақсуат ауылы – «шам жарығы түбіне түспей тұрған» осындай ауылдың бірі еді.
Биыл жазда ауыл әкімдерінің сайлауы болды. Сол кезде Ақсуат ауылының әкімі лауазымына екі үміткер таласты. Сайлауалды насихат кезінде екі үміткер де халықпен кездесіп, бағдарламаларын таныстырып жатты. Сол кезде ақсуаттықтардың алдымен айтқан сұрауы – ұялы байланыс болатын.
Енді ше? Орал қаласынан небәрі 25 шақырым жерде орналасқан Ақсуат ауылдық округінде 3 мыңға жуық халық тұрады. Мұнда 628 оқушылық екі орта мектеп, 100-ге жуық балдырған оқитын екі бастауыш мектеп бар. Мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өткен. Табысты кәсіпкерлер, белгілі май зауыты да осында. Ауылдық округте ауыз су құбыры, ауасыз электр желісі, газдандыру және жол құрылысы мәселелері шешілген. Күре жолдың бойында, Жайықтың жағасында тұрған әсем ауылдың бір «кемдігі» – дәл осы байланыс-тын.
Ақсуат ауылын осы арманға жаңа әкім Жаннұр Ахметов жеткізді.
– Биыл сайлау нәтижесі бойынша шілде айында Ақсуат ауылдық округінің әкімі болып сайландым. Халықпен кездесу барысында тұрғындар байланыс мәселесін бірнеше мәрте көтерді. Жұмысқа кіріскен кезімде өзім де мұның қандай кедергі екенін түсіндім. Сөйтіп, бірден байланысты күшейту үшін қажетті мұнара орнату, қажетті құжаттаманы ресімдеу бойынша іске кірістім. Әрине, бұл жұмыс халықтың тікелей қолдауымен және жеке кәсіпкерлердің көмегімен жүзеге асты. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында сайлауалды бағдарламамның бір бөлігі, халықтың аманаты орындалғанына қуаныштымын, – дейді ауыл әкімі.
Шыны керек, бюджеті шағын, қысқа жіптей күрмеуге келмейтін ауыл үшін биіктігі 24 метрлік мұнара тұрғызу оңай болған жоқ. Әлдебір мекеменің қолданылмай жатқан мұнарасын тауып, келісіп, оны жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен ауылға жеткізу үшін жаңа әкім зыр жүгіріп, біраз тер төгіпті. Бұған дейін Тасқала кентінің әкімі, Теректі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы болған тәжірибелі азамат үлкен-кішімен тез тіл табысып, бұл шаруаны ауыл тұрғындарының, меценаттардың күшімен атқарып шықты. Сөйтіп, бес жылдан бері ақсуаттықтар армандаған сапалы байланыс, жүйрік интернет қолжетімді болды. Қазірдің өзінде халық «Жаннұрдың мұнарасы» деп атап кеткен қондырғыдан байланыс желісінің сапалы мобильді интернеті тарап жатыр.
– Дамыған заманда байланыссыз отыру өте қиын. Карантиндік шектеулерге байланысты көп қызмет онлайн режімге ауысты. Сабақ, жұмыс секілді дүниелер ұялы телефонға байланды. Сол кезеңде қатты қиналдық. «Сапалы байланыс жүйесін қосу керек» деп ауыл тұрғындарынан қол жинадым. Төрт жүзден астам адаммен кездесіп, қолдау таптым. Құдайға шүкір, тілегіміз орындалды. Енді ауылға жаңа леп, жаңа жүйе келді. Қуаныштымын, – дейді ауыл тұрғыны Әлібек Айтқалиев.
Жоғарыда айтқандай, «тасбақа байланыстың» тақсіретін ең көп тартқан мұғалім қауымы болатын. Сондықтан бұл жаңалыққа жүрегі жарыла қуанғандар да ұстаздар болды.
– Біздің мектеп жұмысының көп бөлігі бүгінде желіге байланысты. Кешегі қатаң карантин тұсында ауылдағы студенттеріміз кезекті оқу сессияларын тапсыра алмай қиналды. Сондықтан мұнара орнатылғанына бәріміз қуанып жатырмыз. Телефон 4G ұстап тұр! Қаладан 25 шақырым жердегі Ақсуат ауылының халқын толғандырған мәселелер осылайша рет-ретімен шешімін тауып жатыр. Бұл мереке алдындағы керемет тарту болды, – дейді Гүлмира Бақбасова.
Жаңа мұнараның іске қосылғанын ауыл болып атап өткен ақсуаттықтардың жиыны тойға ұласты. Салтанатты жиында ауыл әкімі Жаннұр Бекбауұлы ауылдың дамуына белсенді қолғабыс етіп жүрген бірқатар ауыл азаматын марапаттады. Олардың қатарында «Кәрім» дүкенінің иесі Р.Әлібекұлы, ауыл азаматтары Р.Ақмырзаев пен Ә.Айтқалиевтер де бар.
Батыс Қазақстан облысы