Бұл күндері Алматыда каратэден кезекті Азия чемпионаты өтіп жатқаны белгілі. Сары құрлық додасының кезекті күнінде жерлестеріміз үш алтын, бір күміс медаль жеңіп алды.
Атап айтқанда, ерлер арасындағы бәсекеде Андрей Ақтауов (55 кг), әйелдер жарысында Мөлдір Жаңбырбай (50 кг) топ жарды. Сонымен қатар командалық сайыста Қазақстанның ерлер құрамасы да Азияның үздігі атанды. Андрей Ақтауов алтын медаль үшін болған кездесуде Сауд Арабиясының өкілі Барги Ясирдан басым түссе, Мөлдір Жаңбырбай филиппиндік Джун Цукті жеңіп, алтыннан алқа тақты.
Командалық жарыстың финалында Қазақстан ерлер құрамасы Иран спортшыларымен кездесті. Данияр Юлдашев, Нұрқанат Әжіқанов және Нұрнияз Елдашев бастаған жерлестеріміз қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, Әнұранымызды шырқатты. Сонымен қатар Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева ел қоржынына күміс жүлде салды. 68 кило салмақта өнер көрсеткен Софья финалда жапониялық Юдзуки Саваиге есе жіберді.