Орта салмақтағы қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы келесі жылы WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасады. Бұл туралы отандасымыздың ісін жүргізетін әйгілі Top Rank промоутерлік компаниясының басшысы Боб Арум мәлімдеді.
«Менің компаниямдағы қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы келесі жылдың басында орта салмақтағы WBO ұйымының чемпиондық белбеуін сарапқа салады. Ол – орта салмақтың әлемдегі ең үздік боксшысы» деп жазды Арум өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бұған дейін Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) отандасымызды осы салмақтағы WBO чемпионы америкалық Деметриус Андрадеге (31-0, 19 KO) міндетті үміткер қарсылас еткен болатын. Екі тарап бір мәмілеге келу үшін аталған ұйым келіссөздерге 20 күн берген еді. Бірақ екі жақ бір шешімге келе алмаған соң, жекпе-жек бәс саудаға шығарылды. Ол 15 қаңтарда өтеді.