• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
08 Наурыз, 2014

Cөз сойыл

454 рет
көрсетілді

Әзіл - оспақ, сын - сықақ

Сыйлық Дәлдеп айтсам негізінде, Наурыз айының сегізінде, Осы бір «қасиетті» күн, Ерлер үшін үлкен бір сын. Сол күні сиырды да сауасың, Тазартасың үйдің ауасын, Бәрінен бұрын керекті, Сыйлайтын сыйлық табасың. 8-ші наурыздың жыры болып, Мен де көптің бірі болып, Алтыннан алдым сақинаны, Көрінейінші деп ірі болып, Тамақты да өзім даярладым, Дәл сол күні аянбадым. Жүгіріп барып, құстай ұшып, Келіншегімді алдым құшып, Бетіне бетімді тигіздім, Саусағына сақинаны кигіздім. – Саған сыйлық, Айым, – дедім. Ішсең, тамақ дайын, – дедім. – Маған сырға неге алмағансың, Әй, сен оңбағансың, – деді. – Жо-жоқ, сендегі анау құлақтың Сырға тағатыны болмаған соң... – дедім. Дастарқан қалды жасаулы, Кім көрген мұндай асауды? Инемен тесіп құлағын қанатты, Ұйқысыз 9-шы наурыздың таңы атты. Бәкеш АЙСИН.  ҚОСТАНАЙ.

«Ет-жүрегін» елжірету үшін

Вероника БЕРТОЛИ. Қыздың жолы жіңішке дейді... Оған ғашық болып қалғанымды айтсаңшы. На­ғыз жігіт. Жұмысына мығым, мәдениетті, сәнімен киінеді. Бір сөзбен – бесаспап, жігіттің нарқасқасы. Ұнататынымды білдірейін десем, мен жаққа пысқырып та қарамайды, көзіне де іл­мей­­ді... Неде болса деп, шы­ным­­ды айтсам, құлай ұнат­қан­дықтан, оның жақсы қа­сиет­­­терін меңгеруге бел будым. Піссімілдамды қызметтен бастадым. Өзімді-өзім қолға алып, бар күш-жігерімді жұмылдырып көріп едім... аз күнде-ақ есеп-қисаптың шебері атанып шыға келдім. Оным өте жоғары бағаланып, бас­шылар риза болды. Тіпті, сыйлықпен марапаттап ме­рейім­ді өсірді. Тек анау, ға­шы­­ғымды айтамын, селқос, үнсіз. Онымды «көзге түсуге ұм­тылған қызылкөз» деп бағалапты. Мүмкін оған менің киім киісім ұнамайтын шығар деп, жиған-тергенімді жұмсап сән үлгісімен құлпырып шыға келдім. Алайда, ең соң­ғы үлгідегі киім де, қо­лы­ма ұстаған қолтырауын терісінен жасалған сөмкеме дейін оған ұнамапты. Қай­та: «тыраштанып-тырбанып бағатындар, әсіресе, сәнденіп-әрленетіндерді жақ­тырмаймын» депті. Бұдан беті бері қарамасын біліп, енді мен ел айтатын «рухани жан-дүниемді» байы­туға бел будым. Небір клас­сиктердің шығармаларын оқып, көз майымды тауыс­тым. Тарихқа да тереңдеп бар­дым, философиялық туынды­лар­ды да қотардым. Өнерге де өзеуреп, көрме атаулыны аралап көріп, небір ғажап ән-әуеннің де мән-мағынасын түсінетін қалыпқа жетіп жығылдым. Бір-екі өзге тілде былдырлап сөйлейтін де болдым. Төңірегім талантыма таң-тамаша. Көбісі «тірі энциклопедия» деп бағалап, менімен сырласуға, пікірлесуге құмар. Тек қана пәлекетім жуымайды. «Әйелдердің кей іске құныға берілгені жақсылыққа апармас» деп сыртымнан сұқ саусағын шошайтыпты. Бұдан қайыр болмағасын, неде болса деп, өзі секілді сымбатты да саламатты болайын деп, спортқа сүңгідім де кеттім. Гимнастикасы бар, аэробикасы бар, ең аяғы штангіні де көтеріп көріп, бұлшық етім бұлтыңдап, күш-қайратым тасып, тасыраңдап шыға келдім. Не дегенін білмеймін, анауым бұнымды да бұйым көрмеді. Шешінген судан тайын­бас деп, соңғы рет оның кәсібін терең меңгердім де, ретін келтіріп дәмханада оңаша отырып ағыл-тегіл істеп жүрген кәсібінің ұңғыл-шұңғылын айтып білермендік таныттым. Жетістігін айттым, әлі де өйту керек, бүйту керек деп тоқтамай айттым... Неге екенін, үн-түнсіз жұмған аузын ашпай, ертерек есеп айырысты да, жігіттік танытып таксимен үйіме әкеп тастап, қарасын батырды... Сол түні ұйықтай алмай­ дөңбекшіп шықтым да, ерте­сінде намысқа тырысып оған деген сезімімді біржола сөн­дірдім... Содан, қызық болғанда, әлгі ғашығым қызметтегі бір­ қызға үйленгені... Ана қыз,­ басқасын айтпағанда, мен­ ғашық болып жүріп мең­гер­ген қасиеттерден жұрдай болатын... Реті келгенде ғашығыма үйленген қыздан «Бұл қалай болды?» деп сыр суыртпақтап едім: – Мен де «ет-жүрегін» елжірету үшін оны терең зерттеп, әйелден не қасиетті құп көретінін білуге құнықтым... Сөйтіп білдім де дөп бастым... – дейді. – Ол не екен?!. – деп таңданыс білдіріп едім: – Асханадан алты ай шық­пай, оның сүйікті асын­ анықтап барып қол жеткіз­дім... – дейді. Аударған  Бақтыбай ЖҰМАДІЛДИН.

Шолақ мылтық

Ауылдағы оқиға. Әйелі мен күйеуі әңгімелесіп отыр: – Бұйыртса, сен ауылдың әкімі боласың. – Кім айтты? – Қатындар айтты. – Қатындар оттай береді. Бір айдан кейін қараса, күйеуі ауылдың әкімі болып сайланыпты. Тағы бірде әйелі күйеуіне: – Сені ауданға әкім болады деп жүр. – Оны кім айтты? – Қатындар айтты. – Қатындар оттай береді. Бір айдан кейін қараса, күйеуі ауданның әкімі болып сайланыпты. Тағы бірде әйелі күйеуіне: – Сен облыс әкімі болады екенсің ғой. – Кім айтты? – Қатындар айтты. – Қатындар оттай береді. Бір айдан кейін қараса, күйеуі облыстың әкімі болып сайланыпты. Тағы бірде әйелі күйеуіне: – Сені «ақша жеп қойыпты, соттағалы жатыр» дейді. – Кім айтты? – Қатындар айтты. – Қатындар оттай береді. Бір айдан кейін қараса, күйеуі түрмеде отыр екен. Тағы бірде әйелі күйеуіне келіп: – Сенің бес жылыңды үш жылға азайтқалы жатыр екен. – Кім айтты? – Қорғаушы айтты. – Қорғаушы оттай береді, қатындар не деп айтты? Көрген БІЛГЕНОВ. АСТАНА.

Әйелдер «әлдиі»

Құрбылар әңгімелесіп тұр: – Мына бешпетің керемет қой! – Түйенің жүнінен то­қыл­ға­н, ағзаға пайдалы әрі төзімді. – Сонда сен де 45 күн су ішпей жүре аласың ба? * * * Көрші әйелдер кездесіп қалады. – Қайда барасың? – Супермаркетке. – Ақшаң көп қой деймін, екі күннің бірінде сол жаққа бара жатасың, әйтеуір... – Қайдағы ақша?! – Онда супермаркетте нең бар? – Жай, дүкен аралағанды ұнатам... * * * Құрбылардың әңгімесінен: – Күйеуің екеуің бақыттысың­дар ма? – Әрине, үш рет ажырасайық деп тұрсақ та, олай істемедік...

Қыз баққаннан...

Тұңғышымыз да қыз, кенжеміз де қыз болып, бір Алла бізге осы екеуін бұйыртыпты. Қыз балаға шешесі ие. «Қыз баққаннан қы­сы­рақ баққан оңай» де­ген мәтелдің бар екені тұң­ғышымыз мектептің соң­ғы сыныбында оқып жүргенде есімізге оралды... «Анау керек, мынау керектен» бастап, шешесінің зарлауы бойынша, қызы­мыз­дың киім-кешегін соңғы сыныбында ай сайын­ жаңартып тұрыппыз. Жүріп-тұруы, қыдыруы, ырду-дырдуы, басқа бар – бұнысына екеуміздің айлығымыз әрең-пәрең жетіп тұрыпты. Сондағы шешесінің көл болған көзжасын көрсең... қайтесің, көнесің, басқа салса басбақшыл деген. Сол қызымыз мекте­бінен «түлеп» ұшып, үл­кен қаладағы оқуға барып түскендегі шешесінің қуанғанын көрсең... Алғашқы айында-ақ тұң­ғышымыз «анау керек, мынау керек» дегенінде баяғы байғұс шешесінің зар-мұңын естіп мен де пұшайман болғаным бар. Не керек, бала бауыр етің, көнеді екенсің. Оқыған екі жылында арша етіміз борша болып, барымыз таусылып, жүдеп-жадай бастаған шағымызда, шешесінің көзжасын көрді ме... бірақ күнде қызымыз күйеуге шығып, көз-жанарымыз жарқ еткені... Ойпырм-ай, сон­да­ғы той­да шешесінің қуан­ған­нан қалқып-шалқы­ға­нын айтсаңшы. ...Барған жерден бағы ашылмай, екі-үш рет қайтып келіп, баяғы шешесінің самай шашын ағартып... Не керек, ажырасып тынып, жиен немерені тәй-тәй басқан күйі бізге бұйыртып, өзі анау үзіліп қалған оқуын жалғастыру үшін үлкен қала­сына тайды да тұрды. Зымыраған заман-ай, тұң­ғышпен «тұншығып» жүріп байқамаппыз, кенже қызымыз да есейіп, «Құдай қаласа» міне-міне мектептің де соңғы сыныбына барады екен... Ұқсамасаң тумағыр, жүріс-тұрысы, киім киісі дейсің бе, өзі де, сөзі де әпкесінің дәл өзі... Шешесіне «анау керек, мынау керек» деп алғашқы әңгімесін айтып отырғанын құлағым шалып қалды... Ерсұлтан МАҒЖАН. ТАЛДЫҚОРҒАН.

Етектің мұңы

Ертеден есін жиған етек едім, Қыздарды ар-ұятқа жетеледім. Мен төмен түскен сайын тобық жаққа, Беделін бойжеткеннің көтеремін. Қымтап ап сұлулықтың құпиясын, Мәңгілік қорғаштаумен өтер едім. Кең етек кездей емес бірақ қазір, Жағдайым нашарлады өте менің. Алқына аласарған күннен-күнге, Келемін күйін кешіп бетегенің. Кіндікке қарыс-қарыс жақындап ап, Ұяттан бетті басып жөтелемін. Қайтемін, амалым жоқ, айлам да жоқ, Ас қорытпай қиналған бөтегемін. Қыздардың етек-жеңін жаба алмаған Ойпырм-ай, мен неғылған бөтен едім?! Шырқырап, дауыс салып боздасам да, Кеселге осы біреу жете ме емім?! Бар-жоғы бір жапырақ жамаудаймын, Қаңғырып, бәрін тастап кетер едім... Бұдан да сорақы ғой, енді қайтем, Етектің абыройы шетелдегі... Қысқарып әбден бітті қоғамменен, Сүргенім өмір енді бекер менің. Ай қарап жүр ме дейсің осындайда, Етегі ұзын болған шешелерім! Қыздарын шолақ етек көріп, қолдан Түсіріп алмас па екен кеселерін?! Осылай менің жайым, уа, дариға, Үйде де, далада да, көшеде мұң... Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ. АЛМАТЫ.

«...Қайран қалам»

Мен қазақ қыздарына қайран қалам, Бұтына шортик киіп тайраңдаған, Осындай қыздарыңды көрмей кеткен, Не деген бақытты едің, қайран бабам. Мен қазақ қыздарына қайран қалам, Тұмшалап бет-ауызын байлап алған. Көре алмай қыздарыңды араб болған, Кеттің-ау, арманда боп, қайран бабам. Мен қазақ қыздарына қайран қалам, Қытайға тиіп алып сайраңдаған. Немерең құран оқып жоқтамаса, Кімдерге өкпелейсің, қайран бабам. Мен қазақ қыздарына қайран қалам, Санасы адасудан ойрандалған. Қыз-қырқын, жігіт-жыртың боп кеткенін, Сезініп жатырсың-ау, қайран бабам. Мен қазақ қыздарына қайран қалам, Намысын, қазақпын деп қайрамаған. Көріп қайт өз көзіңмен, десем егер, Тіріліп келер ме едің, қайран бабам. Мұхамбедия АХМЕТОВ. АЛМАТЫ. Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР *«Вокруг смеха» журналынан алынды.