• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
08 Наурыз, 2014

Кинорежиссер Марина ҚОНАРОВА: «Түсіру алаңында түсініксіз мистикалық оқиғалар бола береді»

381 рет
көрсетілді

Киносүйер қауымға «Қазақфильм студиясы» биылғы прокаттық маусымды «Елес қуған сайыпқыран» атты фантастикалық фильммен ашқанын біледі. Аталмыш картинаның ұлттық кинематография үшін жаңалықтары көп. Қазір үлкен экранда жүрген картина заманауи шешімдерімен, каскадерлік шеберліктерімен көрермендерін тауып отыр. Бұл фильмге Кристанна Локен («Терминатор-3: Көліктер көтерілісі») және Арманд Ассанте («Одиссея», «Гангстер») сияқты голливудтық жұлдыздардың түсуге келісім беруі кездейсоқтық емес. Ең бастысы, Санта Моникада өткен кинорынокта осынау экшнды әйел адам түсіргенін білгенде кинопрокатшылар таңданыстарын жасырмаған. Ал сценарий авторы әрі фильм режиссері – қазақ қызы Марина ҚОНАРОВА болатын. Түсіру алаңында «Тигр» деген лақап атқа ие болған режиссермен тілдесіп көрген едік. – Марина, жаңылыспасақ, сіз отандық кинематографияда жап-жақсы сценарист ретінде таныла бастаған едіңіз. «999» деп аталатын тырнақалды режис­серлік жұмысыңыздан хабар­дар­мыз. Дегенмен, күрделі де қиын экшн жанрына баруға не түрткі болды? – Шындап келгенде, қазақ­стан­дық кинематографияда таптаурын болмаған жолға түсіп көру үшін осындай тәуекелге бардық. Ерекше бір туынды жасағымыз келді. Көрермендерімізді таңғалдыру үшін жаңа технологияларды пайдалана отырып, фантастикалық экшн түсіруге бел байладық және осы арқылы әлемдік стандартқа аздап болса да жақындамақ едік. Мәселе мынада, ендігі жерде біздің фильмдерге голливудтық блокбастерлермен бәсекеге түсуге тура келеді. Қанша дегенмен, біз әлі де кейбір киножанрларды үйренуге ұмтылып, соны қадамдар жасауға тырысып бағудамыз. Осы талпыныстарда «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы режиссерлерге үлкен мүмкіндіктер туды­ра бастағанына қуанамын. Мұның отандық киноның дамуында маңызы өлшеусіз. Байқап жүрген шығарсыз, соң­ғы жылдары Қазақстанда кино шапшаң дами бастады. Әне­бір жылдарға қарағанда үлкен айырмашылық бар – сапасын бір-бірімен салыстыруға болатын фильмдер пайда болуда. Ең бас­ты қасиетіміз, біз тез үйренетін халықпыз. Картинада қандай да бір кемшіліктер болуы мүмкін, бірақ біз оны көрермендерімізге деген үлкен құрметпен түсірдік. – Ауқымды киножобаны қолға аларда жүрексінген жоқ­сыз ба? Өйткені, фильмде «трюктер» өте көп. Картинада кез келген актерға бағына бермейтін сценалар жетіп артылады. Көп дайындық керек болған шығар? – Қазақстанда каскадерлік мектеп өте жақсы дамыған. Жү­рек­жұтқан жігіттер бар. Мені марқайтқан бір жайтты айтайын. Түсіру жұмыстарын жалғастыру үшін Лос-Анджелеске келген кезімізде америкалық кас­кадер­лармен жұмыс істедік. Салыс­тырып қарап біздің жігіттер бұ­лардан еш қалыспайтынына, тіпті, кейбірі шеберліктері жағынан асып түсетініне көзім жетті. Біздің мамандар тәуекелге барудан қорықпайды екен. Жігіттердің жанкештілігі мен энтузиазмдарына қарап, іштей басымды идім. Түсіру алаңында авто-мото­трюктерге Александр Тереховтың, Игорь Цайдың «Кун-до», Владимир Бессоновтың «kz3runners» мен Сергей Старцев пен Евгений Семеновтың каскадерлық топтары кәсіпқойлықтарын көрсетті. Екінші топ әскери кадрларды, үшінші топ паркурларды, яғни кедергілерді еңсеруді орындады. Оған қоса актерлар әскери өнер түрлерінен, паркурдан шеберлік дәрістеріне қатысты. Мысалы, Санжар Мәдиев пен Кәмила Ер­мекова сияқты бірқатар актерлар жарты жыл бойы жаттығулардан қалған жоқ. Алла Пугачеваның жиен немересі Никита Пресняков екі ай ғана өзіне тиесілі трюктерге дайындалды. Өйткені, паркурдан оның жақсы тәжірибесі бар екен. Сондықтан да, көптеген трюк­терді, оның ішінде су астын­дағы түсірілімдерді де өзі орындады. – Қалай дегенмен де, бұл бұрын сіз жүрмеген соқпақ десе де болады. Шайқастарға толы экшнды түсіруде қиналып, тығырыққа тірелген сәттеріңіз болды ма? – Қазақстандағы түсіру жұ­­мыстары үш айға созыл­ды. Оқи­ға­лардың басым бөлігі Ас­тана қаласында өтетіндіктен, кар­тина­ның біраз бөлігін Астанамызда тү­сіріп алдық, кейбір қосалқы кадр­ларды Алматыда жалғастырдық. Жалпы, дайындықтар мен түсіру жұмыстары үшін бір жарым айдай АҚШ-та жүрдік. Бізде аса күрделі бір нысан болды. Бұл жолайырық пен темір­жол­ға қатысты сценалар еді. Ең қиыны, көлік тынбай қозға­лып жататын жолайырықты бір күнге жаба тұруға рұқсат алу қиын­ның қиыны еді. Ал теміржол бой­ын­дағы кадрларды түсіру үшін Қа­зақстанның барлық тарабына қарай қозғалатын пойыздарды ірке тұру қажет болды. Сол сияқты, қойылым жос­па­рындағы бассейн түбіндегі сценалар да оңайға түспеді. Өйткені, су астында физиканың өзіндік заңдылықтары бар. Кез келген қате қимыл мен соққылардың соңы қайғылы аяқталып, орны толмас өкінішке душар етуі ғажап емес. Сондықтан көптен бері су асты жүзуімен айналысып жүрген Никита Пресняковтың бізге көмегі аз тимеді. Суға батып бара жатқан адамды ойнау үшін ол сұп-суық, тереңдігі бес метрлік бассейнге өзі сүңгіді. Келесі бір кадрларда Әсел Сағатованы су түбіне өзімен бірге батыру үшін каскадерға байлап қойдық. Бұл да өте қауіпті болатын. Кристанна мен Санжарға да бір тәулік бойы салқын судан шықпауға тура келді. Әуеде түсірілген картиналар да экстремальды оқиғаларға толы. Кейбір кадрлар үшін сақтық шараларын ұйымдастыру қиын болды. Парашютсіз, басқа да қауіпсіздік белдемшелерінсіз трюктерді орындаған актерлардың батылдығына риза болмау мүмкін емес. Құдай сақтады, түсіру тобы мен актерлер де, каскадерлар да кәдімгідей ерлік жасады деп айтуға болады. Осы арада фильм «RED Epic» камерасына түсірілгенін айта кеткім келіп тұр. Өте үлкен шап­шаң­дықтағы картиналарды түсі­руде бұл камераның мүмкіндігі өте жоғары. – Түсіру тобына деген риза­шы­лығыңызды қайта-қайта ауыз­ға алып отырсыз. Танымал гол­­ливудтық актерлердің тәкап­парлығына тап болған жоқсыз ба? – Актерлер әлемнің әр шалғайынан шақырылса да, олардың тарапынан ақылға сыймайтын талаптарды көрген жоқпыз. Бірден тіл табысып кеттік. Жобаға жақсы бір жандар тартылып, тату ұжым құра білдік деп ойлаймын. Жалпы, мұндай интернационалдық топтарды тартудың біздің кинематографияға берері мол. Жастар ауқымды жобаларға қатысуды үйренеді. Бәріміз үшін де бұл картина өзара үйлесімділік алып келді. Біз шетелдерден келген актерлерден, мамандардан бірдеңе үйреніп жатсақ, олар да бізден өздеріне керекті тәжірибе алғандарын айтып жүрді. Тіл мәселесінде де айтарлықтай кедергілер болған жоқ. Жақсы тәр­жімашылар жұмыс істеді. Шындап келгенде ортақ іспен айналысатын адамдарда кәсіби терминдер ұқсас болғандықтан тез түсініседі. Сондықтан да, қолайсыздық­тар­ды сезінген жоқпыз. – Фильмге жазылған музыка туралы айтыңызшы. Ком­по­зиторларға қатысты бір ба­ғыт­тар мен талаптар болды ма? – Бұл мәселеде де жолымыз болды деп ойлаймын. Талантты композитор Арман Мұқатаймен жұмыс істедік. Ол музыканың барлық бағытында, барлық сти­лінде жазады. Этникалық музыка, блокбастер мен рок саздарын тудыра алатын, ерекше түйсікпен жұмыс істейді. Кадрларды сезіне біледі, ең бастысы, бізге керекті саздарды дәл тапты. Бұл кез келгенге бұйырмаған ғажайып дарын. Біз кинематографияда жүріп көптеген композиторлармен қоян-қолтық жұмыс істеп келеміз. Арманды табу, үлкен олжаға кезіктіргендей қуантты. Әріптестігіміз үшін оған алғысымыз шексіз. Бастапқыда мен фильмде қазақ әуендерінің болғанын қала­ған едім, себебі «Елес қуған сайып­қыранда» дала да, аңшылықта бар. Бұл үшін композитор ұлттық музыка аспаптарының үнін таңдап алды. Бұл шешім картинаға эт­никалық реңк берді. Ал атыс-шабыс, әділдік үшін шайқастар кезінде қан ойнатқан «драйв» болғанын қалап «Маған өте күшті ырғақтар қажет» деп талап қойдым. Композитор бұл та­лап­тың да үдесінен шықты, ол әсіре­се, пойыз жылдамдығымен түсі­рілген кадрлар барынша шиыр­шық атқан сәттерді бере білді. – Қазіргі кинематография­да спецэффектілер жиі қолда­ны­лады... – Фильмді түсіру барысында үш мыңнан астам кадр түсірген болсақ, оның ішінде екі жарым мыңы компьютерлік графикаға, үшөлшемді графикаға, композитинг, сондай-ақ, ротоскопингқа құрылған, техникалық өңдеулер бар. Ал графикаларды жасауда қазақстандық, түркиялық, канадалық және италиялық мамандар қатыстырылған үлкен халықаралық топ жұмыс істеді. Бұған қоса пост-продакшн кезінде америкалық колорист (түстер бойынша суретші және түстерді түзету шебері – А.Е.) Джефф Олммен әріптес болу бағы бұйырды. Ол шын мәнінде өте сауатты маман екен. «Фаворит», «Кунг-фу Панда 2», «Мадагаскар 3», «Айдаһарды қалай үйретуге болады 2» сияқты ауқымды жобаларға қатысқан. Оның Голливудта беделі жоғары. Кадрды сезінеді, режиссердің айтқысы келген тұжырымын түсіне алады. Фильмдегі түстердің бояуы қай жерде қою, қай жерде жұмсақ болуға тиісті екенін түйсінетін қасиеті бар. Біздер Джефф Олм мырзамен фильм сценаларының қай жері табиғи жұмсақ, қай жері қатқыл болуы керектігі жайлы алдын ала келісіп алғанбыз. Мәселен, романтикалық қойылымдар ке­зінде сүйіспеншілікке толы сәт­терді беру үшін жылы реңк­терді таңдадық. Өйткені, кө­рер­мен жеңіл де мөлдір көңіл күйді сезінуін қалаған едік. Техно­логияларға байланысты сценаларда технологияландырудың өзі табиғи және кәдуілгі түстерге бірден ұласып кетсе деп өтініш білдірген едім. Меніңше, осы қалауымды ол жақсы түсінді. Адам технологияландырылған әлемге тереңдегенде табиғатпен байланысын үзіп алады. Біз түс­тердің көмегімен осы сезімді беруге тырыстық. – Бұл фильм сізге мүлде бө­лек тәжірибе әкелген болар? – Әрине. Бәрінен бұрын осын­дай күрделі жанрды маған сеніп тапсырғандары үшін ризамын. Компьютерлік гра­фи­ка­ларға келетін болсақ, өзім үшін мүмкіндіктердің терең қыр­тыстарын аштым. – Сізбен тілдесудің сәті түсіп тұрғанда алғашқы режиссерлік жұмысыңыз жайлы, «999» атты толықметражды картинаға қатысты мистикалық оқиғалар жай­лы да сұрағым келіп тұр. Жа­ңы­­лыспасам, бұл драма жанр­­ын­да түсірілген фильм ғой? – Иә, бұл фильмді біздің тәуелсіз кинокомпаниямыз «MG Production» түсірді. Картинаның төңкерілген алтылықтар магиясымен тікелей қатысы да бар шығар деп ойлап қоямын. Мұндай тәуелсіз студиялар түсі­ре­тін фильмдер барынша аз қара­жатқа түсіріледі. Және барлық кө­рермендер түсінетіндей етіп қоғамды толғантатын мәселені қозғау керек. «999» картинасы өнер әле­мін­дегі жігіттің теперішті тағдыры туралы. Шоу-бизнестің де өзіндік қызығы мен шыжығы, азабы мен мазағы бар. Бұл картинаны түсіру барысында көптеген кедергілерге ғана емес, адам ақылы жетпейтін түсініксіз оқиғаларға талай рет тап келдік. Мысалы, басты кейіпкерді ойнайтын Кәмила Ермекова Жаңа жыл мерекесі алдында көшеде садақа сұрап отырған кісіге аздап ақша береді. Ол адам актрисаның қайырымдылығына риза болып, қайтарымы ретінде өте ескі музыкалық ойыншық сыйлапты. Кәмила кейін фильмге түсуге ұсыныс келіп, сценарийді оқып отырғанда жыл бойы шаң қауып жатқан сынық ойыншық ғажайып бір музыканы ойнай жөнеледі. Оны актриса жоғарыдан келіп тұрған белгі деп қабылдап, осы фильмде ойнауға бірден келісім берді. Біз киножобаны талқылаған кезде көбелектерге қатысты көптеген нышандар болады деп жоспарлағанбыз. Айтқандай, жапондар да осы бір нәзік жән­дікті гейшалардың құпия кәсібі­мен астастырады. Бірақ, фильм­де көбелек-нышандардың айтары басқа болатын. Өмірде ада­сып жүргендер жайлы ғой. Мәсе­лен, ежелгі гректер де Аид қараңғылық патшалығына аттан­ған адамдардың жанын көбелек бейнесінде береді. Алайда, түсіру жұмыстарының соңына қарай, қанатты символ­дарды қысқартуға шешім қабыл­дадым. Фильм атауына қатысты толық шешімге келе алмай, төбеге қарап ойланып жатыр едім, қап-қара көбелектердің ұшып жүргенін көрдім. Бір қиял-ғажайып дерсіз! Жалпы, бұл картинаға қатысты түсініксіз оқиғалар аз болған жоқ. Өйткені, фильмде басқа да нышандық бейнелер көп болатын. Соның бірі – кейіпкердің түсінде келетін оғаш бір әйел. Шын мәнінде рэппердің ерсі елесі жан азабына душар болған адамды бейнелейді. Айтпақшы, картинада бір кадр бар. Кәмила айна алдында тұрған кезде ол күл-талқан болып қирап түседі. Бұл жағдай да түсірілім барысында нақты өмірде қайталанды. Түсіру жұмыстары жүргізілген сол бір «жаман пәтерде» айналар шын сына бастады. Мұндай да түсініксіз оқиғалар бола береді екен... – Әңгімеңізге рахмет. Сіз­ге шы­ғар­машылық табыс тілей­міз! Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.