ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде хабарлағандай, Қарағанды облысында заңнамалық тыйымға қарамастан кәсіпкерлік қызметпен айналысқан лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі басшысының орынбасары мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғаларға теңестірілген тұлға бола отырып, қабылданған сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді бұза отырып, кәсіпкерлік қызметпен айналысқан», делінген агенттік хабарламасында.
Оның атына тіркелген ЖК Теміртау мәдениет сарайына «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жауыртаудағы кездесу» фестивалін өткізу бойынша 3,9 млн теңге сомасына қызмет көрсетті.
Осыған ұқсас факт Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданның санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманына қатысты анықталды.
«Оның жеке кәсіпкерлігі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға азық-түлік емес тауарларды жеткізумен айналысқан», деп қосты агенттіктің баспасөз қызметі.
Аталған тұлғалар Қарағанды қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен ӘҚБтК-нің 154-бабы бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысына 408 380 теңге көлемінде айыппұл салынды.
2021 жылдың басынан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әкімшілік құқық бұзушылық туралы 109 іс қозғады, 31,2 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Әкімшілік жауапкершілікке 100 жеке және 2 заңды тұлға тартылды.