Бас қаланың ең жас театры – Музыкалық жас көрермен театрында А.Л.Ж.И.Р. тұтқындарының рухына арналған жазушы, драматург Мәдина Омарованың «CHANEL №5» деректі драмасының премьерасы өтті. Тарихтың қанмен жазылған қасіретті парақтарынан сыр шертетін қойылым ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында сахна төріне шықты.
Адамзат тарихында орын алған ең үлкен һәм қасіретті террордың бірі 1937-1954 жылдар аралығындағы сталиндік репрессия екені белгілі. Арыстай Алаш азаматтарының ғұмырын қиып, талай жазықсыз жанды өлім құштырған өткен ғасырдың қанқұйлы қайғысы – қазақ үшін ғана емес, күллі адамзат үшін үлкен трагедия. Тұтас дәуірді дүр сілкінткен қанды қасірет жылдарын ашық айыптап, елдік жолында қанқұйлы жүйенің құрбанына айналған қазақ зиялыларының рухына тағзым ету, сол арқылы өткеннің іздерінен сабақ алу – бүгінгі жас ұрпақтың ғұмырлық парызы десек, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты Музыкалық жас көрермен театрының көрерменіне ұсынған кезекті жұмысы ұлт алдындағы осы жауапты да ұлы мұраттың маңызды бір парасы екені анық.
Ұлттық мүдде мен елдік мақсатты ту еткен, отандық білім мен ғылымның, өнеріміз бен мәдениетіміздің ілгерілеуіне атсалысқан Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, Т.Жүргенов, Ж.Досмұхамедұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердіұлы, Ж.Шанин сынды өткен ғасыр басында қалыптасқан қазақтың саяси элитасы «халық жауы» деген жазықсыз қиянатпен қуғын-сүргінге ұшырап, ату жазасына кесіліп, тірі қалғандары түрмеге қамалып, тауқыметті тағдыр кешкеніне тарих куә.
Алаштың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған үркердей арыстар тобы түгелге дерлік жалған жаламен «халық жауы» аталып, сталиндік әкімшіл-әміршіл жүйенің құрбаны болса, олардың жарлары мен ұл-қыздары да жазықсыз қалмады. Оларды да озбыр қоғам оңдырмай азаптады.
Кеңестік тоталитарлық жүйе «халық жауларының» әйелдерін де сатқын есебінде қамауға алу жөнінде бұйрық шығарды. Осы бұйрықпен әр өлкеден, әрбір жерден жиналған 20 мыңнан астам жазықсыз әйел темір торға қамалып, Қазақстан аумағындағы КарЛАГ-тың бөлімшесі саналатын «А.Л.Ж.И.Р.» лагерінде (Акмолинский лагерь жён изменников Родины) жазаларын өтеді. Алаш арыстары жарларының лагерьде өткізген азапты күндері – шын мәнінде тарихтың үлкен трагедиясы.
Музыкалық жас көрермен театры сахналаған «CHANEL№5» деректі драмасына – аяулы арыстарының идеясына, өмірлік мұраттарына адалдық танытып, сол үшін «А.Л.Ж.И.Р.»-ге айдалып, нәзік тағдырлары тәлкекке түскен, қилы сәттерде жан сарайларына дақ түсірмей, ішкі рухының мықтылығын жоғалтпаған әйелдер бейнесі арқау болған.
Қойылымда кеңестік қатал жүйеден қиянат пен қорлық көрсе де, жігерлері жасымаған, болашаққа деген сенімі мен үмітін үзбеген Г.Майлина, Д.Ермекова, Ж.Шанина, Н.Сац, Р.Мессерер-Плицеская, К.Андронникашвили, А.Тимирева, Г.Платайс сынды азаматтарына адал аяулы жандардың бастарынан өткерген тауқыметті тағдыры баяндалады. Спектакльдің басынан аяғына дейін А.Л.Ж.И.Р. арулары өздерінің шынайы естеліктерімен, өмірлеріндегі сәулелі сәттерімен, шұғылалы шақтарымен бөліседі. Олар небір аласапыран шақтарда да өз бойларынан адалдық пен тазалықты, мейірім мен махаббаты, өмірге деген іңкәрлік пен құштарлықты жоғалтпайды. Жасампаздықты ту еткен әйелдер – көрерменді рухани құндылықтардың, еркіндік пен азаттық секілді киелі ұғымдардың тереңіне бойлатады.
Деректі драманың авторы – М.Омарова, сахналық нұсқасын жасаған және қоюшы режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Маемиров, сценография және костюм суретшісі Т.Охикяни (Грузия). Спектакльде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Самал Еслямова, Мақпал Дүйсен, Оразалы Игілік, Дінислам Нұрмағанбетов, Саламат Мұқаш, Еламан Иманбай, Замира Сапар, Шынар Қалдыбай, Инабат Ризабекова, Дана Қабылова, Гүлдана Әбдісадық, Нұрай Рысбекова, Әлфия Хайзуллиева, Дария Болсанбек, Сәбира Сүгірова, Диана Тұржанова бастаған театрдың талантты әртістері өнер көрсетіп, азапты жылдар шындығын шынайы жеткізді.