МАДРИД. Либералды демократия әлі де тірі, бірақ әлсіреп қалғанының белгілері айқын көрінеді. Freedom House мәліметтеріне сүйенсек, әлемде 15 жыл қатарынан жаһандық демократиялық кері кету үрдісі жүріп жатыр.
Авторитаризмнің күшеюімен күресу үшін АҚШ президенті Джо Байден жақында 100-ден астам мемлекет басшысын жаһандық деңгейде демократияны нығайтуға бағытталған виртуалды саммитке шақырды. Мен қатарлас испандар үшін демократияның құндылығын көрсетуге жеткілікті себеп бар. Өмірімнің бір бөлігі Франсиско Франконың диктатурасы тұсында өткендіктен, ел үшін ашықтық пен өркендеуді таңдаудың маңызын жақсы түсінемін. Испаниядағы La Transición деп аталатын режімді диктатурадан конституциялық демократияға өзгерткен саяси процесс жаңа өкілді институттардың құрылуын, әлеуметтік мемлекеттің дамуын және Еуропамен тізе қосуға бастаған тарихи ерлік еді.
Бірақ демократияны моральдық, әділ және практикалық саяси жүйе ретінде қорғау халықаралық аренада демократия мен автократия арасында қақтығыс бар деп қарастыруға мәжбүрлемеуі керек. Өйткені әртүрлі саяси жүйесі бар елдердің нақты жаһандық мәселелерді шешу үшін бас қосуының еш айыбы жоқ. Ең бастысы, мұндай жиындар түйткілдерді шешуге үлес қосады.
Демократия Саммитіне қатысушылар адам құқықтарын қорғау секілді аса маңызды мәселелерде табандылық танытуға уәде бергенімен, бұл шараның нәтижесінен гөрі символдық мәні ерекше. Бұған Байденнің Тайваньды жиынға шақыру туралы шешімі дәлел. Бұл қадам Қытаймен шиеленісті күшейтпесе, азайтқан жоқ.
Екінші жағынан, қазіргідей болжам жасау қиын, қауіпті әлемде тиімді жаһандық басқару қажеттілігі бұрынғыдан да өзекті. Өткен ғасырда пайда болған ядролық қауіптен бөлек, қазір кибершабуыл, миграциялық қарулану, әскери технологияға инвестицияның артуы және жасанды интеллекттің зияны секілді қиындықтармен күресуіміз керек.
Байден ұйымдастырған саммит секілді әлемді идеологиялық жағынан бір-біріне қарама-қарсы екі лагерьге бөлу үлкен геосаяси тәуекел әкеледі. Еркін елдер мен автократиялық мемлекеттер арасындағы бөліну жаһандық мәселелерді шешу немесе басқаруға арналған негізгі халықаралық ұйымдарға да әсер етуі мүмкін.
Мысалы, Дүниежүзілік сауда ұйымы түрлі экономикалық жүйелерді қабылдайтын халықаралық сауда ережелерін құра алмауының салдарынан бұрынғыдай жұмыс істеуін тоқтатты. ДСҰ-ға мүше елдерді демократиялық және демократиялық емес деп идеологиялық тұрғыда бөлу шешім табуды қиындатады.
Америка Құрама Штаттары мен Қытай арасындағы экономикалық тайталастың ауыр салдарын болдырмау үшін бұл дауларды шешу өте маңызды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін көпжақты жүйені құру тарихи жетістік еді. Бірақ оның институттарында өзара тәуелді, күрделі және динамикалық әлеммен күресу үшін құралдар жоқ.
Коронавирус дағдарысы мұны анық көрсетті. Адамзат індетпен күресуге дайын емес. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына қаржы жетіспеді. АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп АҚШ-ты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығаратынын жариялағанда, ұйымның ең ірі салымшысы Билл және Мелинда Гейтс қоры ғана болатын еді.
Демек демократиялық елдер басқа мемлекеттермен идеологиялық айырмашылығын атап көрсетудің орнына, олардың өздері және әлем алдындағы жауапкершілігін мойындауы керек. Атап айтқанда, олар өздерінің ішкі және халықаралық заңдылығын қалпына келтіру үшін екі маңызды міндетті шешуі керек.
Бірінші міндет – ішкі экономикалық теңсіздікті азайту. Демократия Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін экономикалық өсу мен қоғамның біртұтастығын қамтамасыз етуге көмектескен әл-ауқат мемлекетін құру арқылы өзін көрсетті. Бірақ бұл кейінгі кезде үлкен сәтсіздіктерге ұшырады. 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысы мен коронавирус пандемиясынан қатты әлсіреді.
Қоғамымызды сипаттайтын әлеуметтік-экономикалық теңсіздіктер демократияға қауіп төндіреді. Өйткені барған сайын бөлек өмір сүру ұжымдық саясатты қиындатады. Сайып келгенде, теңсіздік азамат ретінде әрекет ету қабілетімізді бұзады. Көптеген елдегі демократияның әлсіреуі азаматтардың наразылығын туындатады. Олар саяси жүйенің экономикалық қауіпсіздік пен өмір сүру деңгейінің құлдырауын қалпына келтіре алатынына сенімін жоғалтқан. Соның салдарынан саяси көңілсіздік популистік ұлтшылдықты қолдаудың негізіне айналады.
Демократиялық елдердің екінші міндеті – дамушы мемлекеттердің одан әрі дамуы үшін қажетті әлеуметтік-экономикалық жағдайларды жасауға жетекшілік ету. Бұл дамушы елдерде демократиялық құндылықтарды ұстануды жеңілдетуі мүмкін.
Жаңа Omicron нұсқасының жылдам таралуы көрсеткендей, коронавирус вакциналарын әлемде тең таралуын қамтамасыз етуге моральды да, практикалық та мүмкіндігіміз бар екенін көрсетті. Африкада вакциналау деңгейі өте төмен. Бай демократиялық елдердегі көптеген азаматтар қазір вакцинаның үшінші дозасын ала алады. Бірақ африкалықтардың тек 8 пайызы ғана толық вакцина салдырған.
Оның үстіне, ең осал елдердегі адамдарға екпені жылдам жеткізуден өткен демократияның жарнамасы жоқ. Әлем халқының 70 пайызын вакциналау G7 елдері ішкі жалпы өнімі көлемінің 0,13 пайызын ғана құрайтынын ескерсек, бай демократиялық елдерде халықаралық аренадағы абыройын арттырудың ерекше мүмкіндігі бар.
Демократиялық мемлекеттер дамушы елдерге «жасыл» экономикаға көшуге бөлген қаржыларын толықтай беру арқылы одан әрі беделін нығайта түседі. 2009 жылы Копенгагенде өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясында ең бай мемлекеттер дамушы елдерге зардаптарды азайту және бейімделу шығындарын өтеуге көмектесу үшін жылына 100 миллиард доллар бөлуге уәде берді. Бірақ экономикасы дамыған елдер сөзінде тұрған жоқ.
2020 жылғы президенттік сайлау науқанында айтқан Демократия саммитін шақыру туралы уәдесін орындау арқылы Байден өзінің Трамп емес екенін көрсетті. Бірақ бұл жеткіліксіз болуы мүмкін. Идеологиялық тұрғыдан пікірлес адаммен жұмыс істеу өте күрделі. Дүниетанымы басқа, тіпті өз көзқарасына қайшы келетін адаммен мұны істеу әлдеқайда қиын.
Демократияны нығайту қажетті екеніне қарамастан, іргелі құндылықтарымыз ең өзекті жаһандық сын-қатерлерді шешу үшін басқа елдермен жұмыс істеуге кедергі болмауы керек. Демократия осыны талап ететініне шын жүректен сенемін.
Хавьер СОЛАНА,
ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі бұрынғы жоғары өкілі, НАТО-ның бас хатшысы және Испанияның сыртқы істер министрі қызметін атқарған, EsadeGeo – Жаһандық экономика және геосаясат орталығының президенті және Брукингс институтының құрметті қызметкері