2021 жыл пандемиялық шектеулермен өрілгені белгілі. Оның салқыны бизнес саласында да анық сезілді. Соған қарамастан, жан-жақты қолдау шаралары арқылы діттеген нәтижеге қол жеткізілді. Мәселен, биыл елімізде кәсіпкерлік субъектілерінің саны артқан. 2021 жылдың 1 қаңтарында республикада 1 млн 357,3 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркелсе, осы жылдың 1 желтоқсанында көрсеткіш 1 млн 424 мыңды құрады.
Ресми дерекке сүйенсек, пандемия басталғалы бері кейбір салада бизнес субъектілерінің саны азайған. Мәселен, былтыр 1 қаңтарда көтерме және бөлшек сауда саласында 442,4 мың субъект болса, биыл 1,4 пайызға қысқарып, 436,1 мыңы қалған. Қаржы, көлік және қойма, жылжымайтын мүлік операциялары саласында да кәсіпкерлер азайған. Керісінше, ауыл шаруашылығы (3,4 пайыз), құрылыс (11,2 пайыз), денсаулық сақтау (10,1 пайыз) секілді салаларда кәсіп ашқандар көбейіпті.
Биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1 млн 424 мыңды құрады. Оның ішінде орта бизнесте 2,7 мың (0,2 пайыз), шағын кәсіпкерлікте 298 мың (20,9 пайыз) субъект ашылған. Сондай-ақ 902 мың (63,3 пайыз) жеке кәсіпкерлік құрылған. 221 мың (15,5 пайыз) ауыл шаруашылығындағы заңды тұлға тіркелген. 2020 жылғы 1 желтоқсанмен салыстырғанда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 81 мыңға немесе 6,1 пайызға көбейген.
Пандемия зардаптарын еңсеру үшін мемлекет бизнеске айтарлықтай қолдау көрсеткенін айттық. Бұл ретте бизнестің қызметін қалпына келтіру мемлекеттің басым міндетіне айналғанын атап өткен дұрыс. 2021 жылғы қаңтардан бастап қанатқақты жоба ретінде Ashyq жүйесі іске қосылды. Жобаның нәтижесінде бизнес субъектілерінің 99 пайызы қызметін қалпына келтірді.
Сондай-ақ Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп, дағдарысқа қарсы шаралардың 3 пакетін іске асырды. Оған негізінен салық және несие шаралары кірді. Салық шаралары 700 мыңнан аса заңды тұлға мен жеке кәсіпкерді қамтыды. Пандемия уақытында карантиндік шектеулердің енгізілуіне байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің шешіміне сәйкес, 2020 жылдың 16 наурызынан 1 қазанына дейін төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінің қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеу тоқтатылды. Бұл мүмкіндікті 5 мың бизнес өкілі тиімді пайдаланды. Сонымен қатар 2021 жылдың сәуір және шілде айлары аралығында экономиканың зардап шеккен секторларының 547 шағын және орта бизнес субъектісінің екінші деңгейлі банктерден алған 9,3 млрд теңге көлеміндегі несиесін төлеу мерзімі кейінге қалдырылды.
Бұдан бөлек 2021 жылы зардап шеккен салаларда бизнес субъектілерінің несиелерін 2021 жылғы 1 сәуірден 30 маусымға дейін кейінге қалдыру шарасы қолданылды. Салықтық және несиелік шараларға қоса қосымша және салалық қолдау шаралары да қолданылғанын айту керек. Олардың негізгілері жалдау және коммуналдық төлемдер, мемлекеттік сатып алулар, 42 500 теңге әлеуметтік төлемдерді төлеуді қолдауға қатысты болды.
– «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салалық шектеулер алынып тасталды. Несие мөлшері 7 млрд теңгеге дейін ұлғайтылып, субсидиялау мерзімі 5 жылға дейін ұзартылды. Жаңа бағыт іске қосылды. Бұл – 6 пайыздық мөлшерлемемен субсидиялау есебінен несие алу үшін микро және шағын кәсіпкерлікті микронесиелеу. Кәсіпкерлердің борыштық жүктемесін төмендету үшін қайта қаржыландыруға жататын несие мерзімі 4 жылдан 8 жылға дейін ұлғайтылды. Пандемияға байланысты экономиканың зардап шеккен салалары үшін 2020 жылғы 16 наурыздан бастап 2021 жылғы
1 шілдеге (16 ай) дейінгі кезеңде барлық қолданыстағы шағын және орта бизнес несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемелерді жылдық 6 пайызға дейін субсидиялау тетігі қолданылды, – дейді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов.
Бұл ретте кәсіпкерлік саласының дамуына әдеттегідей «Бастау Бизнес» жобасы айрықша әсер етіпті. Бес жыл ішінде жоба бойынша 185 мыңға жуық қатысушы оқыған. Оның 122 мыңнан астамы немесе 66 пайызы – жұмыссыздар, 57 мыңға жуығы немесе 31 пайызы – өзін өзі жұмыспен қамтығандар, 5,7 мыңға жуығы немесе 3 пайызы – кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлер. Оқыту нәтижелері бойынша 59 мыңнан аса жоба іске қосылған. Оның ішінде 40 мыңға жуық адам немесе 67 пайызы грант алып, 19,5 мыңнан астамы немесе 33 пайызы жобаларды микронесиелер есебінен жүзеге асырған. 70 мыңға жуық жұмыс орны құрылыпты. 1,6 млрд теңге салық төленген. Биыл оқуды 33 374 қатысушы аяқтаған. Осы жылы 15 мыңнан аса жоба іске асырылды.
«Бастау Бизнес» жобасы алдағы жылы да жалғасады. 2022 жылдың наурыз айынан бастап өтінім қабылдау басталуы керек. Келер жылы да 30 мыңға жуық қазақстандықты оқыту жоспарланған. Жаңа жылдан бастап жоба «Бастау 2.0» жаңа форматында іске кіріседі. Ұлттық жобаға сәйкес, 2021-2025 жылдар аралығында «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде оқудан кейін жеке кәсібін ашқан кәсіпкерлердің үлесін 35 пайыздан 60 пайызға дейін көтеру көзделген.