• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Желтоқсан, 2021

«Qazaq radiosy» апталығы

613 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, Қазақ радиосының 100 жылдығына орай «Qazaq radiosy» – ғасыр шежіресі: тарихы, дамуы және болашағы» шеберлік апталығы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының ұйымдастыруымен өтті. Апталық барысында Қазақ радиосының тарихынан сыр шертетін «Қазақтың рухани тірегі – Qazaq radiosy», «Ұлттың үкілі үні» атты кітап көрмесі мен фото-көрме таныстырылымы өтті.

Ұлы даланың үніне айналған, ұлттық руханияттың, қазақ өнері мен мәдениетінің қара шаңырағы «Qazaq radiosy» мен «Шалқар» радиосы туралы шеберлік сағатын радиода қызмет етіп, ғылыми еңбектер жаз­ған журналистика факультетінің ұстаздары жүргізді.

Апталықтың алғашқы күнінде болашақ журналис­терге «Тікелей эфирдегі музыкалық бағдарламаның мазмұны мен көркемдік сапасы» тақырыбында шеберлік сағатын өткізген Мәдениет саласының үздігі, жүргізуші-редактор Гүлмира Нәлібай радио­хабарлардың пәрменділігін арттырудағы музыканың ықпалы, тікелей эфирдің өзіндік ерекшеліктеріне тоқталды. Ал Ақпарат саласының үздігі Жанар Оразымбет «Радио эфирдегі тұлғалар болмысы, портреттік хабар жасау тәсілдері және жаңалықтар дайын­дау» тақырыбында шеберлік сағатын өткізді. Жанар Оразымбет тұлғалар портретін ашудың қыр-сырымен бөлісе келіп, хабар жасау барысында кейіпкердің өмірбаяны мен қызмет жолын баяндап өтудің жеткіліксіздігін әрі бірсарынды хабарлар тыңдарманға тартымсыз болатынын жеткізді. Ал кейіпкер мінезін аша білудің өзі шеберлік болса, тұлғаның беймәлім қырларын ашу, оны жүргізуші дауысымен жеткізу жақсы хабар дайындау барысында қаперге алатын басты қағидалар.

Аптаның үшінші күні шеберлік сағатын өткізген «Шалқар радиосының» директоры Болатбек Төлеп­берген тәулік бойы халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тілі, діні, мәдениеті жайында хабар тара­татын радионың тыныс-тіршілігіне тоқталды. Радионың алтын қорынан Мұстафа Шоқай мен Мұқағали Мақатаевтың дауысын тыңдаған студент-жастар Мұстафа Шоқайдың: «Түркістан жастары, бірлесіңдер! Сендердің бірліктерің, сендердің бір-бірлеріңе күш қосуларың, еліміздің басына қызмет етпек. Мұны ұмытпаңдар. Бәріміздің құбыламыз, өзіміздің атажұртымыз, өлкеміз – Түркістан болмақ. Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мақсат. Мұны ұмытпау керек. Түрік халқы батыр халық. Түрік халқы арыстан ер халық», – деген жалынды сөздерінен алған әсерлерімен бөлісті.

Радиодағы үн тазалығы мен балалар хабарын дайындаудың өзіндік ерекшелігі жайында журналист Гүлбағыш Бостан айтып берді. Студент-жас­тардың бойындағы журналистік қабілетті дамыту жөнінде тәжірибелік кеңестермен бөліскен редактор-жүргізуші балалар хабарын дайындаудың әдіс-тәсілдерімен бөліссе, жүргізуші-редактор Оңғар Құралов эфирдегі сөйлеу мәдениеті, тіл тазалығы туралы, «Алтын қор» хабарларының құндылығы жайында салмақты пікірлер, тұшымды ойларын айтты. Студенттер тіл тазалығына байланысты ғалым Рабиға Сыздықованың, ақын Оразақын Асқардың жазбаларын тыңдады.

Бір апта бойы журналистика факультетінің студенттері «Qazaq radiosy»-ның арғы-бергі тарихы­нан мол мағлұмат алып, тәжірибе жинап, шебер­лік сағаттарын өткізген профессор Клара Қабыл­ғазинаның «Дәуір үні», доцент Жидегүл Әбдіжәділқызының «Қазақ радиосындағы тәуелсіздік шежіресі», PhD доктор Зарина Қайратқызының «Подкаст бастауға қажетті базалық құралдар» жайын­дағы дәрістерін тыңдады.

Апталық барысында БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек, Журналистика факультетінің деканы Сансызбай Мадиев алдағы уақытта да факультет пен Қазақ радиосы арасындағы ынтымақтастық, өзара тәжірибе алмасу жалғаса беретінін айтты, шеберлік сағатын өткізген журналистерге Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кәдесыйларын табыс етті.

 

АЛМАТЫ