Алматыда Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.
Биыл 85 жасқа қараған шағында өмірден озған жазушыны еске алу мақсатында қаламгер қырық жылдан астам тұрған Жамбыл көшесі, 163-үйге ескерткіш тақта орнатылды. Бұл үйде жазушының қазақ әдебиетінің алтын қорына енген шоқтығы биік туындыға айналған құнды мұралары өмірге келді. Оқырман қауым жазушының «Тағдыр» романы арқылы шетелге ауған қандастар тағдырын таныса, «Соңғы көш» дилогиясы, «Дарабоз» тарихи романы мен көптеген әңгіме, повестері алыс-жақын шетелдердегі оқырмандар ортасына кеңінен белгілі болды.
Шыңжаң өлкесі, Тарбағатай аймағы, Шәуешек ауданында дүниеге келген жазушының тырнақалды туындылары Шәуешек гимназиясында оқып жүргенде басталып, «Шыңжаң газетінде» алғашқы өлеңдері жарық көрген-ді.
Жиынды Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет ашып, жазушы мұрасы хақында сөз сөйледі.
Салтанатты жиында жазушының жұбайы Сәуле Әукенқызы осы шараны ұйымдастырған Алматы қаласының әкімдігіне ризашылығын білдіре келіп, «Бүгін отбасымызда қуанышты, тарихи оқиға болып жатыр. Қабаңа арнап ескерткіш тақта орнатылды. Қабаң өте шыншыл, шынайы, әділ адам еді. Ойламаған жерден кетіп қалды. Жатқан жері жайлы болсын», деп еске алса, бұл күнді жиналған көпшілік «классикті еске алатын көрнекі құралдардың бастамасы» деген пікір білдірді.
Қаламгер қауым мен әдебиетсүйер оқырман қатысқан жиынды Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып жүргізді. Жиын барысында ақын Темірхан Медетбек, жазушы-журналист Жүсіпбек Қорғасбек, философия ғылымдарының докторы, профессор Ұлықпан Сыдықов сөз сөйлеп, ақын Қасымхан Бегіманов жазушы рухына арнаған өлеңін оқыды.
АЛМАТЫ