Ресей киноиндустриясында аз ғана жылдың ішінде сүйкімді бойжеткеннен қоғамдық пікірдің көшбасшысы, мемлекет қайраткеріне айналған кино жұлдыздары өте сирек. Қараша айында Glamour журналының аудиториясы Чулпан Хаматованы Ресейдің «Жыл әйелі» сыйлығына лайық деп шешті. Актрисаға бұл марапат «Сахаров» деректі фильмі, «Ұлт театрында» қойылған «Горбачев» спектакліндегі Раиса Горбачеваның рөлі мен «Өмір сыйла» қайырымдылық қоры үшін берілді. Біз Мәскеудегі Чулпанмен хабарласып, құттықтап, әңгімеге тарттық.
– 1997 жылы экрандалған «Время танцора» драмасындағы Катя бейнесі Чулпан Хаматованы кез келген жанрда да тосылып қалмайтын актриса ретінде танытты, кино индустриясындағы жұлдызды топтың қатарына қосты: 15 жыл бұрын, 30 жасыңызда шығармашылығыңыздың шырқау шегінде «Өмір сыйла» қайырымдылық қорын ашуға шешім қабылдадыңыз. Бұл шешіміңізді кейбір әріптесіңіз рухани кемелденудің басы деп қабылдады.
– Мен бұл салада жалғыз емеспін. Константин Хабенский, Евгений Мироновтың қайырымдылық қорлары бар. Соңғы кездері суретшілер де осы бағытқа ден қоя бастады.
«Өмір сыйла» – онкогематологиялық дертке шалдыққан балаларға қаржылай көмек беру үшін құрылған қор. Мемлекеттің мүмкіндігі жете бермейтін кеңістікке қайырымдылық қорларының қолы жетеді. Мен бұл шешімге сіз айтып отырғандай саяси мансап немесе жақсы атты болып көріне берейін деп барған жоқпын. Кино немесе театр әлеміндегі «Чулпан Хаматова» деген бір ауыз сөз қажет деп тапқан кезде лифт міндетін атқаруға жетер еді.
Әрбір жаңалықтан, тіпті әрбір шешімнен «Не үшін?» деп күдікпен қарап, астар іздей берсек, қоғам қалай алға жылжиды? Мен бұл шешімді өзгенің қасіретіне бей-жай қарай алмайтыныма, көмек сұрап, қоңырау шалған әрбір азаматқа «көреміз» деп жылы жауып қоюға дәтімнің жетпейтіндігін түсінгеннен кейін барып қабылдадым.
– Танымалдылық пен қайырымдылықтың ара-жігі туралы айтып беріңізші. Екеуі бір-біріне кедергі келтірмей ме?
– Өзіме қатысты айтайын, танымалдылығымды «Өмір сыйла» қайырымдылық қорына көмек көрсетудің мүмкіндігі деп қабылдаймын. Бірақ танымалдылықтың да мүмкіндігі шектеулі. Бақ пен сордың арасы бір-ақ қадам.
– Сырт көзге ашыла бермейсіз. Журналистермен де сирек кездеседі екенсіз. Қоғамдық жұмыс пен шығармашылығыңызды қатар алып жүру жеке өміріңізді, эгоңызды жұтып қоймай ма? Қарапайым өмірде Чулпан кім? Оның қасында кім бар?
– Аяулы жанның перзентімін, анамын, өзім сүйген жанның сүйіктісімін.
Сіз еске салып отырған міндеттерімді бір-бірінен бөліп жарып немесе бірінші кезекке шығарып жіберуге тырысып көрмеппін. Өмірімді белгілі бір тәртіпке бағындыруға да, жоспарлауға да тырысып көрмеппін. Бәрі сәтімен келіп жатқан дүние.
Мен үшін отбасым, театр, кино, мен басқарып отырған қайырымдылық қоры орбитаны шыр айналып жүретін, күннен қуат алатын планета тәрізді. Математика тілімен айшықтасам, қайырымдылық қорына уақытымның 90 пайызын, ертең қоятын спектакліме 150 пайызын жұмсаймын. Бұл өлшемдердің бір сағаттан кейін өзгеріп шығуы да әбден мүмкін. Ешкімнің баса-көктеп кіруіне жол бермейтін кеңістікте менімен бір өмірді сүріп жатқан анам, перзентім және сүйгенім қиын жағдайға тап болса, соңғы екі міндетімнің бәрін ұмытып, қасынан табылатыным анық.
– Сіздің кеңістігіңізде сізбен бірге өмір сүріп жатқан адамдардың сізді толық түсініп, қолдайтынына сенімдісіз бе?
– Олар мені толық қолдап, түсінуге міндетті емес. Тіпті іштен шыққан перзентіңнің де сені 100 пайыз түсінуі мүмкін емес. Мен жақындарымнан қолдау емес, мені аяғанын, басыма қиыншылық түссе, қасымнан табылғанын қалаймын. Себебі сіз тәрізді журналистер менің бейнемнен отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын терминатор бейнесін қалыптастырып алды. Бірақ мен нәзік жанды, біреуге еркелегісі келетін, біреуді еркелететін әйелмін. Мен сияқты әйелдің жары болу, анасы мен перзенті болу өте қиын екенін түсінгенмін. Олар да мұны түсінеді...
– Чулпан, Ресей киноиндустриясы сияқты қазақ киноиндустриясы да тарихтан тірек іздеуге бағыт алды. Қазақ киносы туралы не айтасыз.
– Халықтың қажеттілігімен санасқан киноның өмірі ұзақ. Қазір тек қазақтарда ғана емес, кешегі КСРО елдерінде бұл бағыт басымдыққа ие бола бастады. Ресей бұл кезеңді бастан кешті. Киноның өзегіне айналған тақырыптар әртараптанып, салмақтана бастағанын сезіп жүрген шығарсыз. Идеяның психологиялық астарын ашуға талпыныс бар. Мен мұны қолдаймын.
– Қазақ режиссері Сатыбалды Нарымбетов бір сұхбатында Мұстафа Шоқай фильміндегі бас кейіпкер Мария Горинаның рөліне сізді шақырғысы келгенін айтқан еді.
– Рас, ондай ұсыныс болды. Бірақ уақытымның, жұмыс кестесінің тығыздығынан келісім бере алмадым. Мұстафа Шоқай тұлғасы қазақтар үшін тарихи-тағдырлы тұлға екенін білемін. Саясатта да, өмірде де халықтың қалауынан шыққан қайраткерлердің соңында мықты, ақылды әйел тұрады. Мария Горина да қайраткерге лайық әйел. Маған оны сомдау үшін оның тағдырына терең бойлауым керек, қабылдауым керек. Бұл үшін уақыт керек. Меніңше, Карина Абдуллина Марияны жақсы сомдап шықты.
– Соңғы бірер жылда Ресей киноиндустриясы орыс әдебиетін экрандауға ден қоя бастады. Режиссер Егор Анашкин жазушы Гүзел Яхинаның «Зулейха открывает глаза», Кирилл Серебренников Андрей Сальниковтің «Петровы в гриппе» шығармасын экрандады. Екеуінде де сіз басты кейіпкер болдыңыз.
– Қазіргі көркем әдебиеттің экрандалуы күрделі процесс. Оның жауапкершілігі ауыр. Себебі әрбір кітаптың өзінің киносы, өзінің батырлары бар. Әрбір оқырман оны әртүрлі формада өзі жасап алады. Содан соң жазушының идеясы, режиссердің қолтаңбасы деген тағы бар. Петровтарды түсірер алдында Кирилл менің түсірілім барысында өзгерістер енгізу, кейіпкерді өзімнің болмысыма қарап бейімдеу туралы ұсыныстарыма келіспейтінін бірден айтты. Нәтижесінде, өзімді ұмытып, кейіпкерлерімнің кеңістігіне кіруден өзге жол болмады.
Дегенмен, келісім бердім, сәтті шығуына барлық мүмкіндігімді жұмылдырдым. Әзірге көрерменнің пікірі оң... Кейіпкерлерді ойнау барысында өз кемшілігімді өзім білемін. Бұл да менің кеңістігімнен шығарғым келмейтін жеке құпиям.
– «Зулейха открывает глаза» сериалында Зулейха Валееваның рөлінде экранға шықтыңыз. Осы аттас кітаптың авторы, жазушы Гүзел Яхина журналистермен кездескен кезде басты рөлге тек қана Шолпан Хаматованы көргісі келетінін айтыпты.
– Түсірілім алдында жазушы Гүзел Яхинаның осы аттас романын оқып, балалық шағыма оралғандай болдым. Бұл кітаптың маған ерекше әсер еткенін, ұлттық болмысыма әсер еткенін айтуға тиіспін. Балалық шағымның өте ерте кезеңдерінде санамды сәулелендіріп тұрған, менімен бірге туған сезімдерімнің кейбір бөлшектерін жоғалтып алдым, олар менен кетіп қалды деуші едім. Бұл сезім ешқайда кетпепті. Кітаптың соңғы бетін жапқанда жүректің бір қалтарысынан атойлап шығып, ертегі кейпінде, жып-жылы салт-дәстүрлер түрінде санама құйылып жатқандай әсерде болдым. Мен ұмыттым десем де жүрек ұмытпапты. Мұның бәрі менің өмірімде болған екен, тек қана санамның бір қалтарысында оянуға оңтайлы сәтті күтіпті. Олар оянды.
Кітап оқуға ден қойсам, өз өмірімді, маған жақын адамдарды да ұмытып, кітаптағы кейіпкерлермен бірге өмір сүріп кететінім бар. Кітапты оқып шыққан соң татар тілін білмегенім үшін өкіндім.
Балалық шағым Кеңес Одағының соңғы жылдарына тура келді. Үйде де, далада да, мектепте те орыс тілінде сөйледік. Мен сомдаған кейіпкердің эгосы басқаша. Ол өзіне тиесіліні ешкімге бергісі келмейді. Сондай қасиет менде де бар. Кейде өз болмысыңмен осылайша кездейсоқ табысады екенсің. Бұл – тағдыр.
– Сіз Қазан даласында туып өстіңіз. Мәскеуде азамат, тұлға болып қабылдаңыз. Өзіңізді шетелдік азамат ретінде сезінесіз бе?
– Өзімді ешқашан шетелдік немесе «бөтен» деп есептеген емеспін. 17 жастан бергі өмірім осында өтіп келе жатыр. Бізде мультимәдениет басым. Еврейлер, грузиндер өзінің тым болмағанда қонақ күту, ас дайындау әдебімен ерекшеленеді, бір-бірінің салт-дәстүріне құрметпен қарайды. Мысалы, татарларда грузиндер сияқты тағамды дайындау мәдениеті өзгеше. Егер бір қонақ келсе де 10 адамға лайықтап дастарқан жайылмаса, үй иесі үшін сөз басқаша болады. Кейде үйге алдын-ала күтпеген қонақ келіп қалса да дастарқандағы ас мәзіріне көңілім толмай қарадан қарап отырып қысыламын. Бұл ата-анамнан жұққан әдет. Бәрібір кез-келген тұлғада шыққан тегін танытып тұратын бір белгі қалады екен. Мендегі белгі осы.
Дегенмен, мен мәскеуліктердің қонақ күту дәстүріне бейімделіп қалдым. Ал әкем, Мәскеудегі пәтеріме келген кезде тоңазытқышымды ашып «жейтін ештеңе жоқ» дейді. Жаңа жыл қарсаңында қонаққа келгенде қонақтарды бірінші және екінші тамақпен шығарып салатынымды қабылдай алмайды...
– Әрбір жеке тұлғаның өн бойында алтын арқаудай есіліп тұратын мәдени-рухани коды болады, кейде ол ұлттықтан да жоғары тұрады дейді. Сіз бұл туралы не дейсіз? Сіздің рухани кодыңыз неден қуат алып тұр.
– XIX- XX ғасырдағы орыс әдебиеті өкілдерінің ішінде Марина Цветаеваның прозасы, поэзиясы жақын. Пастернак пен Цветаева Хаматоваға күш беріп тұрған негіз деуге болады. Булгаков, Хармс, Введенский, Заболоцкий, Ахматова мен Гумилевтердің шығармалары жаныма жақын.
– Сіз кейіпкерлеріңізді қалай таңдайсыз?
– Мен бұл жағынан проблемалы топқа жатамын. Кейде жақын достарым осы мінезім үшін ұрсып, ренжіп жүреді. Кейіпкерді таңдау – сценарийді оқудан басталады. Мен үшін киноның стратегиясы емес, маған ұсынылған кейіпкерді жүрегімнің қабылдағаны маңызды. Жүрегің қабылдамаған кейіпкерді көрермен қалай қабылдайды...
– Ресейлік кинорежиссер Кирилл Серебренниковтің «Петровы в гриппе досельмінде» сіз сомдаған кейіпкер – Петрова ханым көп қырлы болып көрінді. Батыл һәм қорқынышты кейіпкерді түсіну көрерменге жеңіл болмаған тәрізді. Киноны сан қайтара көрсем де Петрованың болмысын бойыма сіңіре алмадым. Ал бұл кейіпкерді сіз қалай қабылдадыңыз?
– Мен үшін үлкен-кіші немесе сүйкімді немесе сүйкімсіз рөл жоқ. Ең бастысы, соныңа табиғатыңа өзіңді бейімдеу. Бұл менің қолымнан келетін сияқты.
Кейіпкерді қабылдау – режиссердің ұсынысын қабылдаған күннен басталады. Петрованы ойнауға дайындықты маньяк, кісі өлтіргіштер туралы өзім білетін киноларды қайта көріп шықтым. Кейіпкерім күрделі тұлға болғандықтан өмірін өзгертуге себепкер болған психологиялық факторларды түсінуім керек.
Рас, көрермен кинодағы «жаңа болмысымды» бірден қабылдамады. «Чулпанға не болған, ол мейірімді «доктор Лиза» емес пе еді?» деген пікірлер айтылып қалды.
Қазір түсірілімнің аяқталып, монтаждалғанына 1,5 жыл өтті. Кирилл екеуміздің оның идеясы, тіпті кинодағы түрлі-түсті гамма туралы түсінігіміз екі түрлі. Бірақ бұл оның соңғы нүктесінің сәтті қойылуына кедергі келтірген жоқ. Мысалы, мен Андрей Сальниковтің осы кітабын оқып шыққан кезде оның күнгей жағына ғана назар аудардым. Ал Кирилл оның идеясын Ресейдің 1990 жылдардан бергі тарихының бір бөлшегі деп қабылдады.
– Фильм Андрей Сальниковтің «Петровы в гриппе и вокруг него» деп аталатын кітабы бойынша жазылды. Оқиға желісі – тұмау, карантин... пандемияны алғаш рет түйсікпен сезген, соны ашып айтқандай әсер қалдырды.
– Сальниковтағы тұмау дейсіз бе? Бұл тақырыпты әрі қарай тереңдетуді киносыншылардың еншісіне қалдырайықшы. Петровтардың отбасы – қарапайым. Отағасы – автослесарь, отанасы – кітапханашы. Мектепте оқитын ұлдарымен бірге тұрады. Сырт көзге қалыпты жағдайдан ауытқымайтын отбасының өмірін тұмау дерті мүлдем басқа арнаға бұрып, фантастика, сюрреализммен бетпе-бет қалады. Кейіпкер оның қайсысының түс, естелік немесе шындық екенін ажыратып алуды көрерменнің еншісіне алдырады.
Менің бұл кино талғамы жоғары көрерменге арналған деуімнің себебі осы.
– Жалпы, бұл кино жанры жағынан метафоралық фильмдерге көбірек ұқсайды екен.
– Дәп солай. Ондағы әрбір көріністің астарынан жаңа идеялар туындап жатады. Мен фильмді екі рет көрдім, екінші рет соңғы кадрларда жүгіріп жүрген мәйітті сомдайтын Хаскидің шындықтың абсолютті символына айналғанын түсіндім.
Жалпы, күрделі мәселені көрсеткісі келген суреткер одан шығатын жолды да көрсету керек. Тіпті ашық көрсете алмаса да оның идеясы алдағы жаңа туындылардың өзегіне айналуы тиіс. Ал шығармашылық адамдары өзі өмір сүріп жатқан ортаның атмосферасына бей-жай қарай алмайды.
– Сіз жасырақ күніңізде Жанна д’Арк рөлін ойнауды армандайтыныңызды айтыпсыз. Кейін оның қызықсыз екенін айтып, арманыңыздан оп-оңай бас тартыпсыз. Қайырымдылық қорын ашуды да жас кезден армандадыңыз ба?
– Рас, жас күнімде Жанна д’Аркты ойнауды армандадым. Сіз бен біздің балалық шағымыз КСРО-ның соңғы жылдарына тура келді. Сол кезеңде оның тұлғасына кумир ретінде қарамаған жастар аз болды. Оның бейнесі – қызықты, тағдырлы бейне. Бірақ оның тұлғасы заман, саясат өзгерген сайын жаңарып, ауысып отырады. Бұл енді қоғамның көзқарасына да байланысты.
Ал қайырымдылық туралы армандаған кезім есімде жоқ. Мен бұл мақсатымды орындауға саналы түрде кірістім. Қор арқылы кейбіреулердің орындалмай қалған, тіпті өзімен бірге кететіндей көрінетін арманын көзі тірісінде орындағым келді. Қайырымдылық қоры арқылы бәрін түзетуге болады деген көзқарас та ескіріп барады. Біздің заманымыз мүлдем жаңа заман. Мұндай өліара кезді тек біздің толқын ғана бастан кешуі мүмкін. Сол себепті біз тек қана SOS проблемамен ғана айналысамыз. Біз балалар онкологиясына, оны емдеуге қатысты жүйені өзгерте алмаймыз. Қатерлі ісікті бастапқы кезінде емдейтін дәрілерді сатып алу үшін қаржы көзін іздейміз. Он бес жыл бұрын жағдай осындай еді, әлі өзгерген жоқ.
– Балалар онкологиясы проблемасымен айналысу шығармашылығыңызға қалай әсер етеді? Себебі бұл орта күнгейі мен көлеңкесі қатар жүретін орта емес пе?
– Бұл мәселеге пессимистік көзқараспен қарауға болмайды.Тіпті қайғырудың қажеті жоқ. Ауыр дертті жеңіп шыққан балаларды, олардың ата-анасының қуанған сәтін көрудің өзі бір бақыт. Тіпті о дүниелік болғандары да соңғы демі үзілгенше өмірін сақтап қалу үшін қолдан келген мүмкіндіктің бәрі жасалғанын біліп кеткенін сезінудің өзі қуаныш. Адамның санасы қайғыны емес, қуанышты сәттердің сақталып қалғанын құп көреді екен. Мен тіпті дертті жеңе алмай кеткен балалардың да көңілді сәттерін жиірек ойлауға тырысамын.
Мен өзімді өте бақытты адаммын деп ойлаймын. Өмірімде, достарымның ортасында, шығармашылығымда және отбасымда ешкімге керек болмай қалған сәттерді сезіндірмегені үшін тағдырыма ризамын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,
«Еgemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ