Биыл қазақстандық спортшыларды бірнеше халықаралық маңызды жарыстар күтіп тұр. Соның ішінде ең негізгісі – Қытай астанасы – Бейжіңде өтетін XXIV қысқы Олимпия ойындары. Қазіргі таңда Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары 60 жолдамаға иелік етуде. Негізгі квота қаңтар айындағы жарыстарда үлестірілетінін ескерсек, Олимпиадаға дейін бұл көрсеткіш әлі де өсуі мүмкін.
Жаңа спорт түрлері қосылды
Биылғы Бейжің Олимпиадасында спортшылар 7 спорт түріндегі 15 бағдарлама бойынша 109 медаль жиынтығын сарапқа салады. Олимпиада бағдарламасына енген спорт түрлері – биатлон, бобслей (бобслей, скелетон), керлинг, коньки спортының түрлері (коньки жарысы, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек), шаңғы спортының түрлері (тау-шаңғы жарысы, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарысы, тұғырдан секіру, фристайл, сноуборд), шана спорты, шайбалы хоккей. Сондай-ақ биылғы ақ Олимпиадаға 7 жаңа жарыс түрі қосылды. Олар: әйелдердің жекелей бобслейі, ерлер мен әйелдер арасындағы шаңғы биг-эйрі, шорт-тректегі аралас эстафета, тұғырдан секіру, фристайл және сноуборд-кросс бойынша аралас командалық жарыстары. Болжам бойынша, биылғы ақ қар, көк мұз үстіндегі жарысқа 4 мыңнан аса спортшы қатысады.
Тұңғыш рет қысқы Олимпия ойындары тарихында ерлер мен әйелдер саны біршама теңесті. Бейжіңде әйелдер қатысатын жарыс алдыңғы Олимпиадалармен салыстырғанда әлдеқайда көп болмақ. Яғни қатысушылардың 45 пайызын әйелдер құрайды. Халықаралық Олимпиада комитеті былтыр Токиода өткен жазғы Олимпия ойындарында да жолдамалардың 51 пайызын ерлерге, 49 пайызын әйелдерге үлестірген еді.
Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің дерегі бойынша, Қытайдағы қысқы ойындар «Таза мұз бен қардағы қуанышты күн» ұранымен өтеді. Ұйымдастырушылар Бейжің-2022 додасы миллиондаған қытайлықтың қысқы спорт түрлеріне қызығуға шабыттандырады деп үміттенеді.
Жарыстар үш қалада өтеді
Олимпия ойындары Бейжің мен оның маңайындағы Яньцинь және Чжанцзякоу қаларында ұйымдастырылады. 2008 жылғы жазғы Олимпиадаға арнап салынған спорт нысандарында енді қысқы Олимпиаданың керлинг, хоккей, конькимен жүгіру спорты, сондай-ақ ерлер мен әйелдер арасындағы сноубординг пен шаңғы фристайлындағы биг-эйр секілді жарыстар өткізіледі.
Яньцинь – астананың қала маңындағы ауданы, Бейжіңнен солтүстік-батысқа қарай 80 шақырым жерде орналасқан. Онда шаңғы, бобслей, скелетон және шана спортының жүлделері сарапқа салынады.
Чжанцзякоу – Бейжіңнің солтүстік-батысындағы көршілес Хэбэй провинциясына жақын орналасқан қала. Мұнда сноубординг, шаңғы спортының барлық түрі және биатлон жарыстары өткізіледі.
Әлемдегі «ондыққа» енетін 10 спортшы
Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті (ҰОК) халықаралық қатынастар департаментінің директоры Әлімжан Ақаевтың айтуынша, қазақстандық спортшылар Бейжің додасында сәтті өнер көрсетуге дайын.
«Спортшыларымыздың көбі вакцина алды және қазіргі дайындығымыз жоғары деңгейде. Қазір біраз спортшымыз оқу-жаттығу жиынында жүр, біразы лицензия алу үшін жарыстарға қатысуда. Лицензиялық турнирлер қаңтардың ортасына дейін жалғасады. Содан кейін ғана Олимпиадаға қатысатын спортшылар санын нақты айтамыз» дейді департамент директоры.
ҰОК өкілі атап өткендей, дәл қазір Қазақстан қоржынында 60 лицензия бар. Қазақстандықтар лицензия алған спорт түрлері қатарында – шаңғы жарысы, трамплиннен шаңғымен секіру, шаңғы қоссайысы, фристайл (могул, акробатика), тау шаңғысы, шорт-трек және конькимен жүгіру бәсекесі бар. Сондай-ақ биатлон спорты бойынша да 4-5 өкіліміз Олимпиадаға баруы мүмкін. Жанкүйерлер шорт-трекші жігіттерден де зор үміт күтеді. Коньки жарысына шығатын қыз-жігіттер де тәжірибелі спортшылар. Олардың нағыз өз мүмкіндіктерін көрсететін сәті келді. Ұлттық Олимпиада комитеті лицензия тұрғысынан Пхенчхандағы жетістікті қайталауға мүмкіндігіміз жетеді деп есептейді.
«Пхенчхан Олимпиадасына 91 лицензия жеңіп алған 46 спортшы қатысты. Қазір «Бейжіңге 48 спортшы барады, олар 95 лицензия ұтып алады» деп жоспарлап отырмыз. Бүгінде 60 лицензияға ие болғанымызбен, оны әлі де бекіту қажет. Яғни спортшылар жарыстарға қатысып, лицензияға лайық екенін дәлелдеуі тиіс», дейді ҰОК спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов.
Е.Қанағатовтың айтуынша, 2022 жылдың 16 қаңтарында Олимпиадаға қатысатын спортшылардың аты-жөні толық белгілі болады. Биыл қысқы спорт түрлерінің дайындығы үшін 2,9 млрд теңге бөлінген. Бұл – алдыңғы жылдармен салыстырғанда әжептәуір көп қаражат. ҰОК өкілінің сөзіне сенсек, дәл қазіргі сәтте әлемдегі үздік ондық қатарына енетін 10 спортшымыз бар. Соның ішінде комитет Юлия Галышеваны атап өтеді. Әрине, медаль алудан үмітті спортшылар тізімі Юлиямен шектелмейді. Конькиші, шорт-трекші қыз-жігіттерден де жанкүйерлер жүлде күтеді.
Жеті Олимпиаданың жетістігі
Қысқы Олимпия ойындарының тарихына көз жүгіртер болсақ, еліміз тəуелсіз мемлекет ретінде 1994 жылдан бері ақ Олимпиадаға тұрақты түрде қатысып келеді. Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері биыл қысқы Олимпиадаға сегізінші рет қатыспақ. Бұған дейінгі жеті Олимпия ойындарында еліміздің спортшылары сегіз медаль жеңіп алған. Тарқатып айтар болсақ, 1994 жылы Норвегияның Лиллехамер қаласында өткен төртжылдықтың басты бəсекесінде шаңғышы – Владимир Смирновтың жалғыз өзі бір алтын жəне екі күміс медаль иеленіп, айды аспанға бір-ақ шығарды.
Жапонияның Нагано қаласында жалауы желбіреген келесі төртжылдықтың басты додасында отандастарымыз екі қола медальды қанағат тұтты. Бірін Владимир Смирнов олжаласа, екінші қола медальды конькимен жүгіру спортының өкілі Людмила Прокашева иеленді. Мұнан кейінгі екі Олимпиадада (2002 жыл, Солт-Лейк-Сити (АҚШ), 2006 жыл, Турин (Италия) спортшыларымыз елге жүлдесіз оралды. Ал 2010 жылы Ванкуверде (Канада) өткен кезекті Олимпиадада күллі Қазақстан Елена Хрусталеваның (биатлон) күмісін қанағат тұтса, 2014 жылғы Сочи Олимпиадасында Денис Тен (мəнерлеп сырғанау) мен 2018 жылғы Пхенчханда Юлия Галышеваның (могул) жалғыз қоласы Қазақстан құрамасын жүлдесіз қайтудан құтқарып қалды.
Алдағы Бейжің Олимпиадасынан да жерлестерімізден айрықша үміт күтеміз. 2008 жылы Қытайда өткен жазғы Олимпиада жерлестеріміз үшін сәтті болып, 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алған еді. Бұл жолғы Бейжің Олимпиадасы да спортшыларымызға сәтті болып, араға 28 жыл салып ел қоржынына алтын жүлде салады деген сенімдеміз.