WBA, IBF, WBO және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағынан украиналық Александр Усикке қарсы жекпе-жекте айрылып қалған ұлыбританиялық кәсіпқой боксшы Энтони Джошуа уақытында бірнеше салмақта әлем чемпионы атанған әйгілі Флойд Мейвезермен бірге жаттығу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Шаршы алаңда 50 жекпе-жек өткізген Флойд Мейвезер қарсыластарының барлығынан айласын асырғаны белгілі. Кәсіби мансабын аяқтағалы бері промоутерлік жұмысты мықтап қолға алған ол кәсіпқой боксшылармен бір мезгіл жаттығып тұруды да қаперінен шығарған емес. Джошуамен бірге жаттығу өткізуі - сөзіміздің дәлелі. Александр Усикке қарсы екінші мәрте шаршы алаңға көтерілетін Энтони Джошуа шамасы бокс аңызынан соққыдан қорғанудың жолдарын үйренуді жөн деп тапқан болуы керек.