Қазақ халқының өмірінде әртүрлі мәнге ие әрі жиі қолданылатын сандар тізбегі көп. Тәжірибелі нумеролог, психолог Карамат ШАЛАБАЕВА сандардың адамзат өміріне әсері туралы әңгімелеп, барыс жылында қалай табысқа жетудің, денсаулықты жақсартудың құпиясымен бөлісті. Он бес жылға жуық нумерология саласын зерттеп жүрген ол Қазақстанда, кейіннен Ресей, Украина, Үндістан мен Тибетте білім алған. Былтыр Muzzone телеарнасының жобасы аясында нумерологтардың алғашқы ондығына енді. «2020 – жыл нумерологы» атағын жеңіп алған.
– Карамат Саттарқызы, Сізді жаңа келген жылмен және Muzzone телеарнасы жобасының жеңімпазы болуыңызбен құттықтаймыз. Соңғы жылдары нумерология арқылы іс жоспарлау, тіптен жеке өмірге қатысты өзгерістерді болжауға жиі жүгінетіндер қатары көбеюде. Нумерологияны бірқатар зерттеушілер көне ғылымға жатқызса, енді бірқатары оның жағымсыз жақтарын тілге тиек етеді. Жалпы, биыл қазақстандықтардың өміріне сандардың әсері қандай болмақ?
– Біздің жыл санауымыз бойынша биыл барыс жылы. Барыс – қазақы ұғымда киелі аң. Бұл жылы үлкен бетбұрыстар, кванттық серпіліс пен түрлену жылы жалғасын табады. Барыс жылында туғандар тынымсыз болғанымен, қажырлы, қайратты болып келеді. Жылдың табиғи белгісі ағаш болғандықтан, ағаштай мығым, иілмейтін күш керек. Жыл қуаныш пен жақсылыққа толы болады. Көптеген жұптар отбасын құрып, бақытты неке құрады. Әдемілік, молшылық ұғымы да осы жылға тән. Астрология бойынша қою көкшіл, қоңыр, жасыл түстер тартымды болмақ. Екі жыл қатарынан әлем COVID-19 пандемиясының зардабын шекті. Салдарынан жақын адамдарымыздан айырылдық. Әлі де пандемияның әсерінен арыла қойған жоқпыз. Сондықтан денсаулыққа мұқият болу маңызды. Әсіресе, әйел адамдардың өз денсаулығына сақ болғаны жөн. Осы күрделі кезеңде адамзат мейірімділікке, қайырымдылыққа мұқтаж екеніне көз жеткізді. Биыл рухани дүниемізге көп көңіл бөлетін жыл. Жаһандану – жаңа мүмкіндіктер кезеңі. Ал оның жаңалықтарын меңгеру үшін адамзат та жаңарып, өз бағдарын дамытып отыруы заңдылық. Бұл – жаңа дағдыларды меңгеретін кезең.
– Қазақ халқы сандарға аса мән бергені белгілі. Сандардың ғажайып ерекшеліктері, математикалық мәні туралы ғалымдар көптеген зерттеулер жүргізді. Бірақ нумерологияны көпшілік табыс табуға негізделген әдіс ретінде ғана қабылдайды.
– Нумерологияны көне ғылым десек қателеспейміз. Бүгінде нумерологияны дінге қайшы деп қабылдайтындар бар. Әбжад есебіне сәйкес ертедегі ғылыми табиғи, діни түсініктер бүгінгі ғылым тұрғысынан терең зерттелді. Әр нәрсенің өз өлшемі бар екені анықталды. Адамзат өмірін сандарсыз елестету қиын. 1-ден 9-ға дейінгі сандар күнделікті тіршіліктің барлық саласында қолданылады. Ежелгі дәуірлерде де әртүрлі құбылыстарды сандар арқылы сипаттап, уақытты, кеңістікті анықтау үшін ерекше мәнге ие болғанын білеміз. Мысалы, киелі Түркістан 13 деген санға ие. Соңғы кезде «жомарт жұма» дегенді жиі қолданып жүрміз. Жұманың бұлай аталуының да өзіндік мәні бар. Осы тұста айта кететін жайт, адамның рухани болмысының сандармен үйлесім табуы маңызды болмақ. Егер адам рухани кемелденсе, білімге кеңінен жол ашылады. Адамның осы бір қиын кезеңде өзін-өзі тануы маңызды. Білім алу, денсаулығын жақсарту, жақсы дағдыларға машықтану уақыт талабы. Жаратушы адамзат баласына қандай қиындық жүктемесін, соны саналы түрде қабылдай біліп, ары қарай жақсарудың жолын іздеу еңбекті, жауапкершілікті талап етеді. Әрқайсымыз үшін рухани және материалдық үйлесім маңызды. Екі дүниенің рахаты адамзат үшін мейірімділік, қайырымдылық ұғымдарымен ғана жарасым табады. Мұқтаждарға, жетімдерге, қарттарға көмектесу – әр адамның осы өмірдегі басты миссиясы.
– Нумерологияны жастайыңыздан зерттей бастаған екенсіз. Оның қыр-сырын меңгеру үшін қандай талаптар қажет?
– Мен мектепте оқып жүргенімде сандар арқылы көп нәрсені болжай алатын болдым. Бала жастан дәрігер болуды армандадым. Бір жылдай осы салада білім алып, кейіннен отбасы жағдайымен оқуды жалғастырмадым. Жиырма жасымнан бастап, әсіресе кішкентай балалардағы көз тигенді емдей бастадым. Кейіннен нумерологияны тереңдете оқып, зерттеу өте қызықты болды. Ғарыш пен жер кеңістігі арасындағы тығыз байланыс маған ерекше бір энергия тарту еткендей әсер етті. Осылайша, адамдарға көмектесу өмірлік ұстанымыма айналды.
– Сіздің Үндістанда, әлемнің ең жұмбақ өлкесі болып табылатын Тибетте білім алғаныңыздан хабардармыз. Тета-хилинг техникасын меңгерудің ерекшелігі туралы жиі айтып жүрсіз. Бұл әдіспен емдеудің қандай пайдасы бар?
– Жалпы, бұл бағыттағы алқашқы білімімді елімізде бастап, Үндістанда жалғастырдым. Тета-хилингті Мәскеуде меңгердім, ал Тибетте «рейки» энергетикалық күш пен сандардың адам өміріне әсері туралы білімді жетілдірдім. Тибетте түрлі ауруларды емдеу техникасының 4 кезеңінен өттім. «Рейки-ем» медицинаның балама түрі, мұнда алақан арқылы қашықтықта тұрып емдеу әдісі қолданылады. Энергияны дұрыс бағыттауға, денсаулықты жақсартып, мол қаржы табуға ықпал етеді. Өмірлік энергиясы аз адамдарға пайдасы зор. Кез келген адам өмірінде сәтті және сәтсіз кезеңдерді бастан кешіреді. Тета-хилинг көмегімен өмірдегі сәтсіздіктердің себебін анықтауға болады. Адамдарды бір-біріне жақындатып, денсаулығын жақсартып, табыс табуға ынталандыратын тета-хилинг техникасының маманы Вианна Стиблдің шәкіртінен сабақ алдым. Бұл адамды сауықтырудың және оның өмірлік энергиясын белсендірудің ерекше әдісі.
– Ал бизнесті дамытуға сандардың қандай әсері бар? Кәсіп табысты болуы үшін қандай есептерге жүгінген жөн?
– Нумерологияда инвестиция салуды, қоныс аудару және бизнесті қандай орында бастауға болатынын анықтауға болады. Әр адамның сәттілік сандары бар. Осы тұста тағы да айта кететін мәселе, қайырымдылық жасау арқылы адам өз өміріндегі жағымсыз кезеңдерден арыла алады. Бұл бір күнгі акция емес, өмір бойы жалғасып отыратын игі іс. Биылғы жыл жұп сандардан тұратындықтан, жұп болып жұмыс істеген тиімді. Кез келген адам бойдағы мүмкіншілігін тұсап тастамай, үлкен табысқа жету мүмкіндігіне ие. Мен негізінен Пифагор матрицасы арқылы классикалық нумерология бойынша кеңес беріп келемін. Бизнес бастап, дамыту үшін ол адамның ішкі кодымен ерекше үйлесім табуы қажет. Кеңес сұрап келгендерге дұрыс жоспар түзуге байланысты жөн сілтеймін. Қазақта «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген ұғым бар. Ал қазақы ұғымдағы кез келген тіркестің философиялық мәні тереңде жатыр. Сондықтан әр адам өз өміріне жауапты бола отырып, денсаулығына, істеген ісіне байыппен қарап, барыстай сақ қимылдап, жоспарлы қадам жасай білсе, өмірінің жақсара түсетіні анық.
– Әңгімеңізге рахмет.