Былтырғы қуаңшылықтан туындаған жемшөп тапшылығы мал өсірген ағайынға қатты сезілді. Тіпті еліміздің кейбір өңірлерін жаз айларының өзінде жұт жайлағаны рас еді. Осы орайда мұндай жағдайдың алдын алу мақсатында ғалымдар мен мамандар да қарап отырмаған екен.
Мысалы, Қарағанды облысында академик Қылыш Бабаев атындағы ауылшаруашылық тәжірибе стансасы жанынан ғылыми-өндірістік орталық құрылды. Ғалымдар жем өндіретін фермерлерді сапалы тұқымдармен қамтамасыз етуді көздейді. Яғни аталған орталық мал азығы базасын дамытумен айналысатын болады.
А.Христенко атындағы ҚарАШТС басқарма төрағасы Дархан Балпанов алдағы уақытта өндірісті әртараптандыру қажеттігі туындап отырғанын айтады.
– Қарағанды ауылшаруашылық тәжірибе стансасы бұрыннан бері дәстүрлі түрде дәнді дақылдармен айналысады. Бұл бағыт қала береді. Бірақ біз өндірісті әртараптандыруды қолға алмақшымыз. Өз стратегиямызды жаңа ағымдар мен міндеттерді ескере отырып түзеттік. Егіншілік және өсімдік шаруашылығы бойынша ғылыми орталық болуға ұмтыламыз. Стансаның шамамен 12 мың гектар жері бар, оның бір бөлігін қазір жемшөп өндірісіне бөліп жатырмыз, – дейді ол.
Жаңадан құрылған ғылыми-өндірістік орталықтың негізгі міндеті – қуаңшылыққа төзімді жемшөп дақылдарының тұқым шаруашылығын дамыту. Осы бағытта олар отандық ғылыми институттармен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отыр.
Дархан Балпанов мамандардың білім-білігі мен күш-жігері сұрыптарды әзірлеуге, тексеруге, бейімдеуге және будандастыруға бағытталатынын атап өтті. Мысалы, орталық алдағы уақытта өсімдіктің мақсары деген түрін өсіруге ерекше назар аудармақ. Неге десеңіз, бұл дәнді дақыл әлемдік нарықта сұранысқа ие және ол құрғақшылық жағдайына жылдам бейімделеді.
Қарағанды облысы