Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсетіп жатқан Нұр-Сұлтанның «Барысы» 2022 жылдағы алғашқы ойынын өз мұз айдынында Риганың «Динамосымен» өткізді.
Жерлестеріміз жылдың бірінші матчында қарсылас қақпасына жеті шайба соғып, «Барыс Аренаға» жиналған жеті мыңға жуық жанкүйерді шаттыққа бөледі. Бұл – елорда клубының осы маусымда жеті гол соққан екінші матчы болды. Бұған дейін жерлестеріміз Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» ұжымын 7:4 есебімен қапы қалдырған еді.
Голдар шоуына айналған ойынның есебін Роман Старченко ашты. Бірінші кезеңнің аяқталуына үш минут қалғанда Старченко қақпашымен бетпе-бет шығып, мергендік танытты. Ал екінші кезеңде Антон Сагадеев дәлдік танытса, кезең аяқталар тұста Старченко дубльдің авторы атанды. Ал үшінші 20 минутта «Барыс» ойыншылары «Динамоның» қақпасына жауапсыз төрт гол соқты. Бұл кезеңде Якоб Берглунд пен Роман Савченко бір-бір шайба салса, Никита Михайлис дубль жасады. Ал қонақтардан жұбаныш голын Мартинш Карсумс соқты. Қорытынды есеп – 7:1.
Юрий Михайлис шәкірттері келесі матчын бүгін өз айдынында Магнитогорскінің «Металлургымен» өткізеді. Қазіргі таңда «Барыс» «Шығыс» конференциясының турнир кестесінде 44 ұпаймен 8-орында келеді.