Қазақстанның бірінші, әлемнің 14-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралияның Аделаида қаласында өтіп жатқан теннистен 500 WTA турнирін жеңіспен бастады.
Осы доданың 7-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина жаңа жылдағы алғашқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 132-орында тұрған аустралиялық Сторм Сандерспен өткізді. Бірінші партияда қазақстандық теннисші басымдық танытты – 6:4. Екіншісінде аустралиялық спортшы 6:1 есебімен есе қайтарғанымен, үшінші, шешуші сетте Е.Рыбакина мықтылық танытып, қарсыласынан басым түсті – 6:1. Екі сағатқа созылған бәсеке барысында Елена 9 эйс жасап, 14 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана алды. Қарсыласы 5 эйс, 4 брейкпен (13 брейк-пойнт) шектелді. Е.Рыбакинаның екінші айналымдағы қарсыласы кейін анықталады.