Кезінде отандасымыз Геннадий Головкиннен техникалық нокаутпен жеңілген америкалық боксшы Габриэль Росадоның ойы біраз жерде жатыр. Ол WBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Деметриус Андрадемен жекпе-жекке шыққысы келетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Эдди Хирн, жұрт қалаған керемет жекпе-жек ұйымдастырайық. Деметриус Андраденің әлем чемпионы екені мәлім. Алайда менің фанаттарым көп. Мен – халық қалаған чемпионмын. Ендеше жанкүйерлер шын мәнінде қызыға тамашалайтын шоу ұйымдастырудан қашпайық. Андраде дайын болса, мен дайынмын», деп жазды ол твиттердегі парақшасында белгілі промоутер Эдди Хирнді белгілеп.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан біраз уақыт бұрын бүкіләлемдік бокс ұйымы Жәнібек Әлімханұлын Деметриус Андраденің міндетті қарсыласы етіп тағайындаған болатын.