• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әдебиет 12 Қаңтар, 2022

Жан тазалығының инженерлері

383 рет
көрсетілді

Әдебиетке өзгеше қолтаңбасымен келген әр қарымды қаламгердің өз жолы бар. Біреуі қазандай қайнаған өмірдің ортасынан келіп, жасынан жарқ етіп көрінсе, енді бірі – жоғары оқу орнында журналис­тика немесе филологияда оқып, теориялық білім алып, газет-журналда қызмет істеп, қаламы төселген тәжірибесімен келеді. Сондай-ақ басқа мамандықты игеріп, әдебиетіміздің қазынасын шұрайлы шығармаларымен байытқан суреткерлер де жетерлік. Соның ішінде инженер атанып, көркем сөздің көрігін қыздырған ақын-жазушылар бір қауым.

Оның көш басында көрнекті жа­зушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, тарихымызды тереңнен толғап, ұлт рухын көтерген Ілияс Есенберлин тұр. Әке-шешеден жас­тай жетім қалып, балалар үйінде өскен талапты жас отызыншы жыл­дардың ортасында Алматыдағы Қазақ тау-кен институтына түсіп, оны 1940 жылы аяқтап, алғашқы ең­бек жолын Жезқазған руднигінен бастайды.

Қабырғалы қаламгердің алғашқы көркем шығармалары 1940 жылдан мерзімді баспасөзде жарияланып, әдебиет табалдырығын ақын болып аттап, тұңғыш жыр жинағы 1945 жылы басылған. Одан кейін де екі-үш поэзиялық кітабы жарық көрді.

Дегенмен, суреткердің жазушы­лық таланты «Көшпенділер» және «Алтын Орда» трилогияларын­да жар­қырап көрініп, осы шығармалары ар­қылы тарихымызға терең үңіліп, тәуелсіздік жолында басын бәйгеге тіккен сұңғыла хандар мен аузы дуа­лы билердің, баһадүр батырлардың тұлғасын көркем кестеледі. Әсіресе Кеңес заманында атын айтуға болма­ған, туған халқының азаттығы үшін Ресей отаршылдығына қарсы он жыл бойы ат үстінен түспей күрескен Кене­сары хан жайында «Қаһарды» жа­зып, есіл ердің әдеби бейнесін сом­дады. Осы бірегей дүниелері арқы­лы Есенберлин әдебиетіміздегі тари­хи туындыларға алғаш түрен салу­шы ғана емес, кейінгі буынға жол көр­сетіп, мектеп қалыптастырған көш­басшы болды.

Ілияс Есенберлин «Маңғыстау майданы» мен «Аманат» атты роман­дарында кеңес қоғамында өмір сүрген қазақ зиялыларының болмысы мен олардың жаңа қоғамды құрудағы қажырлы еңбегін көркем сөзбен өрнектеді. Ал «Айқас» романы үшін жазушыға 1968 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Қайраткерлік пен қаламгерлікті тең ұстаған, көрнекті ақын Кәкімбек Салықовтың да мамандығы кен инженері. Шал Құлекеұлы секілді атақты ақын туған топырақта өскен өрен жасынан өлеңге жақын болып, әкесінің ағасы, халық ақыны Молдахмет Тырбиевтің тәлім-тәр­бие­сін алады. Молдахмет атасы оны бала күнінен өнерге баулып, домбыра үйретеді. Орта мектепті үздік тәмамдаған зерделі жас енді ақбас Алатаудың етегіндегі әсем қалада оқысам деп армандайды. Бірде ата­сы одан қандай мамандықты таң­дағанын сұрайды, сонда сезімтал боз­бала: «Ақын немесе журналист болсам» дегенде, ол кісі сабырлы сөз сабақтап: «Балам, мен де ақын­мын. Бірақ ақын болу үшін мамандық алудың қажеті шамалы. Қазақта ақын да, әнші де жетеді. Мен сенен үлкен үміт күтем, ақылымды алсаң – Қаныш Сәтбаев білім алған оқу ордасына бар. Көкшенің таулары да қойнауына бекер сыр бүгіп жатқан жоқ, Жалғызтауда, мынау − Сырымбетте, анау − Айыртауда ештеңе жоқ дейсің бе? Қаныш Жез­қазғанды қалай жарқыратты, оның болашағын айтқанда біз таң­ғал­дық. Соғыстың ауыр зардабын тарт­қан ел енді ес жиып келеді. Сон­дықтан Қаныштың жолымен жүрсең, жаман болмайсың» деп батасын бе­ріп, алыс жолға шығарып салады.

Қазыналы қарияның ақ батасы қабыл болып, ақын Мәскеудегі түсті металлургия және алтын институтына түсіп, оны 1955 жылы ойдағы­дай аяқтап, ұлы ғалымның жолы­мен Жез­қазған кенішіне қатардағы ма­­­ман болып қызметке орналасады. ­Ақын-­­ның жігерлі жастыққа толы ­жиыр­­ма жылдық ғұмыры Жезқазғанда өтіп, шахтадағы қарапайым кен ше­бе­рі­нен, басшылық қызметке дейін кө­терілді.

Кәкімбек ағамыздың тағы бір қыры – қайраткерлігі. Ол кісі 1984 жылы Өзбекстан КПОК-нің бюро мүшесі, Қарақалпақ облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалғаннан кейін, авто­­номиялық республиканың қор­да­­ланып қалған проблемаларын ше­­шуге ден қойды. Жергілікті тұр­ғын­дардың әлеуметтік мәселелеріне мән беріп, халықтың тұрмысын жақ­­сартуға бар күшін жұмсады. Осы жана­шырлығы үшін сол елдің адам­­дары да ол кісіні жақсы көріп, құрмет тұтты. Одан кейін Кеңес Ода­­ғы Жоғарғы Кеңесінің Экология коми­тетінің төрағасы секілді лауазымды қызметті атқарды.

Талантты ақынның алғашқы жыр жинағы 1970 жылы «Сыр» де­­­ген атпен жарық көрсе, одан ке­йін «Дала», «Қырандар», «Гәкку», «Жез­киік», «Тәттімбет», «Домбыра», «Қа­ра­қалпақ», «Кенесарының соңғы сөзі», «Қаныш Сәтбаев», «Ебіней Бөкетов», «Бәйкен Әшімов» және Фазыл Кәрібжанов туралы «Заман сыры» атты көлемді поэмалары жа­зы­­лып, жырсүйер қауымның жүре­гінен орын тапты. Кәкімбек Салықов шығармашылығын әдебиетіміздің айтулы өкілдері де жоғары бағалап, жылы пікірлерін білдірген.

Біртуар ақын, Қазақстанның Ең­бек Ері, Халық жазушысы Олжас Сүлейменов те қазіргі Әл-Фараби атындағы Қа­­зақ ұлттық университетінің геология фа­культетін бітіріп, кейін М.Горь­­кий атындағы Әдебиет инс­ти­­тутын­да оқыған. Арқалы ақын шы­ғар­ма­ла­рын орысша жазса да, оның өлең­дерінен ұлттық рух пен өр намыс атой­лап тұрады. «Арғымақтар» атты ал­ғашқы жыр жинағымен поэзияға дүбір­летіп келген ақынның «Адамға табын, Жер енді» поэмасы жарыққа шыққанда көптеген шет тілдеріне аударылып, жеке-жеке кітап болып, бірнеше рет басылды.Олжас аға­мыз­ды көпшілік тілтанушы ғалым ре­тінде де жақсы біледі, ол көбінесе кө­не түркі тілін зерттеп, әсіресе Батыс ғалымдарының көне тіл үнді – Еуропа тілдерінен ­бастау алады дейтін қасаң теориясына пәрменді соққы берді. Ардақты азаматтың 1975 жы­лы жарық көр­ген «Аз и Я» кітабы түркі және славян халықтары­ның ежелгі жазба ескерткіштеріне арнал­ған кітабы − көпшіліктің қызы­ғу­шылығын тудырып, оқыр­ман­дар­дың қолынан түспеген туынды­ға айналды. Кейін бұл еңбек «1001 сөз» атты этимологиялық сөздікке ұла­­сып, кемелдене түсті. Сонымен бір­ге ақынның жазған сценарийімен «Атамекен», «Көгілдір маршрут», «Қыс – қолайсыз маусым», «М.Әуе­зов туралы сөз», «Үндістан сазы», «Жастық шақ заставасы», «Ақырғы аманат» және т.б. фильмдер түсі­рілді.

Бала күнінен академик Қаныш Сәтбаевты үлгі тұтып, орта мектепті алтын медальмен аяқтаған белгілі жазушы Медеу Сәрсеке де инженер-металлург мамандығын меңгерген.

Медеу ағамыз көркем сөз өнеріне ғылыми-қиял жанрында жазыл­ған «Ғажайып сәуле», «Көрінбестің көлеңкесі», «От және атом» және «Жетінші толқын» атты хикаяттарымен келіп, осы саланың дамуына үлкен үлес қосты. Инженер-қаламгер ретінде өндіріс тақырыбына қалам тартып, «Жарылыс», «Көмбе» атты романдарын жазды. Оны жалпақ елге танытқан басты шығармасы – ұлы ғалым Қаныш Сәтбаев тура­лы жазған ғұмырнамалық романы. Бұл туынды 1980 жылы Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасынан «Та­маша адамдар өмірі» сериясы не­гізінде 100 мың данамен оқырман­ға жол тартты. Бүгінге дейін атал­ған кітап қазақша − 12, орысша – 5 жә­не ағылшынша, бас-аяғы 18 рет басылды. Сонымен қатар жазушы­ның хал­қымыздың ардақты перзентте­рі, қазақ ғылымының дамуына ерен үлес қосқан көрнекті ғалымдар − Ебіней Бөкетов пен Ермұхан Бек­махановтың өмір жолын жан-жақ­ты зерделеген деректі кітаптары оқыр­мандардың ризашылығына бөлен­ді. Ал жазушының кейінгі шыққан «Семей қасіреті» атты еңбе­гінде автор өзі туған өңірдің атом жарылысынан тартқан азабын нақты деректермен баяндаған.

Өткен жылы сеңгірлі сексенді ба­ғын­дырған парасатты прозашы, халықаралық «Алаш» әдеби сый­лығының лауреаты Софы Сматаев та 1959 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факуль­тетіне түсіп, бір жылдан кейін Мәс­кеудегі Болат және қорытпалар инс­титутына ауысып, оны бітіргесін Ресей астанасындағы «Орақ және балға» зауытында, Ново-Тульский металлургия зауытында, Қазақ КСР Ғылым академиясының Металлургия және кен байыту институтында инженер болып жұмыс істеген.

Қаламгердің техника­лық білім алуына заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің жас шәкіртіне айтқан бірауыз сөзі түрткі болған. Ол туралы ағамыздың өзі бір сұх­ба­тында тоқталыпты: «Үшінші курс студенттеріне сабақ беретін Мұхаң­ның дәрісін 1960 жылы бірінші курс­та жүріп-ақ әдейілеп барып тыңдайтынмын. Содан ұлы ұстаздың байқағыш, пайымдағыш жанарына шалындым білем, кітапханадан шықпайтын мені сыртымнан бағып жүреді екен. Бірде Мұхаң иығымнан қағып қана: «Сары бала, жазушыны ешбір оқу орны дайындап шығара алмайды. Сенен соның ұшқынын сезгендеймін. Жазушыға ең керегі – білім. Онда да ақыл-ойыңды анализ жасатқызып ұштар физика, математика ғылымдары. Сенің техникалық оқу орнына түскеніңді қалар едім», – дегені ҚазМУ-дегі оқуымды тас­тап, Мәскеуге кетуіме себепкер бол­ған еді» дейді.

Көркем сөз зергері әдебиетке «Астана оттары» деген поэзиялық жи­на­ғымен келіп, сосын прозаға ауысып, өндірістегі жұмысшы жас­тар туралы «Алау», «Аймандай» ат­ты хикаяттарымен сүйсіндірді. Ке­йін жиырмасыншы жылдарда­ғы хал­қымыз бастан кешкен ашар­шы­лық пен қуғын-сүргінді бейнелеген «Алғашқы асу» хикаяты мен «Ақжелең» романы жарыққа шық­ты. Әсіресе жазушы кеңес дәуірін­де та­рихымызға терең бойлаған «Елім-ай» роман-дилогиясын жазып, оқыр­мандарының ықыласына бөленді. Қарымды қаламгер осы сүйекті шы­ғар­маның жазылуына қазақтың мұң­лы тағдырын бейнелеген «Елім-ай» әні ой салғандығын әңгімелейді.

Ұлы Абай туған топы­рақта дү­ние есігін ашқан белгілі жазушы Рол­лан Сейсенбаев та Семей ин­же­нер-технологиялық институтын бі­тіріп, облыстық органдарда жауап­ты қызмет істеген. Кейін Мәс­кеу­дегі М.Горький атын­дағы Әде­биет институтын тәмам­дап, КСРО Жа­зу­шы­лар одағы бас­қа­р­масының қазақ әдебиеті жөнін­дегі кеңесінің жауап­ты хатшысы болды. Жазушының ал­ғашқы шы­ғармасы 1975 жылы жа­рық көрген. Содан бері «Аңсау», «Өзімді іздеп жүрмін», «Сағынып жеткен жаз еді» повестері мен «Егер өмір сүргің келсе», «Тау басында түйіскен жол», «Шайтанның тағы», «Құм кез­ген өліктер» атты романдары оқыр­мандарына жол тартқан. Сондай-ақ қаламгер Абайдың қара сөздерін орыс тіліне аударуға ат салысып, Англия­да «Абай» үйін ашуға үлес қосты. Бірақатар драмалық туындылары бүкілодақтық байқауларда топ жарып, республикалық театрлар сахнасында қойылып келеді.

Өткен ғасырдағы алпысыншы жыл­дардың соңында қазақ поэзия­сына теңіздің асау толқынындай буыр­қанған бір буын келіп, әде­бие­тімізге жаңаша леп әкелді. Ол буынға әдебиет сыншылары «Соғыстан соң туғандар» деген атау берген. Осы буынның ішінде талантты ақын, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Иран­бек Оразбаев (Иран-Ғайып) та болды. Айтулы шайыр да Қазақ политехникалық институтының тау-кен факультетін тәмамдап, одан соң Мәскеудегі М.Горь­кий атындағы әдебиет инс­ти­туты жанындағы жоғары әде­би курсын бітірген. «Жүрек жыр­лайды» атты алғаш­қы жыр жина­ғымен әдебиет есігін еркін ашқан ақын­ның бүгінге дейін «Жеті қазы­на», «Түннің көзі», «Өмір өлең», «Дүние­жарық», «Сөз патша», «Қорқыттың көрі» секілді бірқатар поэзиялық кітаптары мен «Хайуандық комедия», «Күшігінен таланған», «Мен ішпеген у бар ма?», «Батқан кеменің бейбақтары», «Желжуан», «Құдай қарғағандар», «Жамбылдың қызыл жолбарысы», «Қанына тартқан қыңырлар», «Алтын адам», «Киелі күнә», «Хан-Абылай-Сабалақ», «Махамбет» атты драмалық дастандары жарық көрді.

Иран-Ғайып жұртшылыққа ақын ретінде ғана емес, дарынды дра­матург ретінде де танымал. Бір­қатар драмалық шығармалары еліміздің театрларында сахналанып, сыншылар мен көрермендердің оң бағасын алған.

Сонымен бірге танымал ақын, халықаралық «Алаш» әде­би сый­лы­ғының лауреаты Қасым­хан Бегма­нов бұ­рынғы Қазақ политехникалық ­инс­титутының машина жасау фа­куль­тетін бітірсе, белгілі балалар жа­зу­шысы Әлібек Файзуллаұлы да осы оқу орнында тау-кен инжене­рі ма­ман­дығында білім алыпты. Бұл екеуі де әдебиетімізде өз орны бар қа­ламгерлер.

Қорыта айтқанда, техникалық жо­ғары оқу орындарында оқып, әде­биетке келген ақын-жазушылар тізі­мін әлі созуға болады. Бірақ бұл жолы жалпақ жұртқа танымал тұл­ғаларға ғана тоқталдық. Біз оларды инженер мамандығын меңгерген деп қана емес, жан тазалығын игерген инженер деп айтамыз.