Қиыншылық құрсауында қалған қала үшін ереуілдің алғашқы күндері тіптен қиынға соққаны белгілі. Осы күндерде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Қоғамдық тамақтану қауымдастығы бірлесіп, әлеуметтік мекемелер қызметкерлеріне, әскерилер мен полицейлерге ыстық тамақ үлестірді.
Соңғы күндерде қалалық және модульдік ауруханалар, жедел жәрдем стансалары, перзентханалар, өрт сөндіру қызметі, балалар үйлері, сондай-ақ Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің госпитальдары, Алматы қаласының аудандық ішкі істер басқармасына ыстық тамақтың 5,9 мың порциясы жеткізілген. 10 қаңтарда еріктілер соңғы 270 порцияны үлестірді.
Қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісованың айтуынша, Алматы өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшелері еріктілер қатарына қосылып, нан, су тасыды. Қауіпті бола тұра ауруханалар, госпитальдар, балалар үйлеріндегі бекеттерге ыстық тамақ жеткізді. Сонымен қатар ол SMALL супермаркеті қызметкерлеріне және адамдарға жәрдемдесу үшін азық-түлікті арзан бағамен сатып алуға көмектескен «Барыс» базарына алғыс білдірді.
Алматы қаласы өңірлік кәсіпкерлер кеңесі мүшелерінің бастамасымен 7 қаңтарда 1000 порцияны «Манар» дәмханасының қызметкерлері, 8-9 қаңтарда 4940 порцияны Lanzhou тез тамақтану мейрамханалар желісінің аспаздары дайындаған.
АЛМАТЫ