Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсетіп жатқан елорданың «Барысы» кезекті тур ойынын сырт айдында бүкіл лиганың лидері – Магнитогорскінің «Металлургімен» өткізді.
Осыдан бір апта бұрын екі ұжым «Барыс Аренада» кездесіп, жерлестеріміз 3:2 есебімен жеңіске жеткен болатын. Сырт айдындағы қарымта матчта да қазақстандық команданың бағы жанды. Ойын барысында «Барыс» үш мәрте есепте алға шығып алғанымен, айдын иелері көп ұзамай таразы басын теңестіріп отырды. Сөйтіп, матчтың негізгі уақыты 3:3 есебімен тең аяқталып, кездесу овертаймға ұласты. Қосымша минутта Линден Вей мергендігімен көзге түсіп, «Барысқа» жеңіс сыйлады. Айта кетейік, ойынның негізгі кезеңінде Әлихан Әсетов, Якоб Лилья және Антон Сагадеев дәлдік танытқан еді.
Матчтан кейін бас бапкер Юрий Михайлис бұл жеңісті барша қазақстандық жанкүйерге арнайтынын жеткізді. Тағы бір айта кетерлігі, кешегі кездесуде «Барыстың» қақпасын күзеткен Андрей Шутов ҚХЛ-дағы алғашқы ойынын өткізіп, 37 сейв жасады.