Теннистен Қазақстанның бірінші, әлемнің 13-ші ракеткасы Елена Рыбакина Сиднейде (Аустралия) өтіп жатқан WTA 500 турнирін сәтті бастады.
Аталған додада тоғызыншы нөмірмен өнер көрсетіп жатқан Елена алғашқы айналымда былтырғы US Open турнирінің жеңімпазы британиялық Эмма Радуканумен кездесіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Дүниежүзілік рейтингте 18-орынға жайғасқан Радукану жерлесімізге тек бір гейм ғана қарсылық көрсете алды. 56 минутқа ғана созылған ойында Е.Рыбакина қарсыласын екі сетте – 6:0, 6:1 есебімен ұтты. Бұл спортшылар арасындағы алғашқы кездесу болды. Отандасымыз матч барысында төрт эйс жасап, допты ойынға қосу сәтінде бір мәрте қателесті. Енді қазақстандық теннисші келесі кезеңде франциялық Каролина Гарсиямен шеберлік байқасады.
Осы турнирдің жұптық бәсекесінде өнер көрсетіп жатқан Александр Недовесов пәкістандық Айсам Курешимен бірге жұп құрап, бірінші айналымда Харри Хелиоваара (Финляндия) және Ллойд Гласспул (Ұлыбритания) жұбымен кездесіп, үш сетте жеңіске жетті – 6:7, 6:3, 10:7. Екінші раундта Недовесов пен Куреши Марсело Аревало (Сальвадор)/Жан-Жюльен Ройер (Нидерланд) жұбымен кездеседі. Сондай-ақ хорватиялық Франко Скугормен бірге ойнап жатқан тағы бір қазақстандық Андрей Голубев те екінші айналымға жолдама алды.