Салмақ дәрежесіне қарамастан әлемнің үздік кәсіпқой боксшыларының бірі Теренес Кроуфорд Top Rank промоутерлік ұйымының басшысы Боб Арумды сотқа берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Деректерге зер салсақ, боксшының құқығын адвокат Брайан Фридман қорғайтын көрінеді. Сәрсенбі күні Невада штатының сотына берілген шағымда функционер қара нәсілді боксшылардың кәсіби мансабын ойдағыдай жүргізбейтіні және оларды нәсілдік тұрғыдан кемсітетіні айтылған. Боксшының өзі 2021 жылы Боб Арум басқаратын промоутерлік ұйымнан кеткен болатын.
«Арум нәсілдік кемсітушілікті доғарған емес. Сонымен қатар қара боксшыларды төмендетіп сөйлеуін қоймады. Оның мұндай әрекеттерінен ұйымдағы көптеген боксшылар зардап шегіп жүр. Алайда олар келісімшартта көрсетілген жылдар бойы жекпе-жекке шықпай қалудан қорыққандықтан үнсіз жүр. Олар Арумға қарсы сөз айтса, 5-7 жыл бойы рингке көтерілмейді», делінген боксшы түсірген шағымда.
Бұл ақпаратты таратқан Vringe.com. сайты шағым әлі Невада штатының сайтында тіркелмегенін хабарлаған.