Әлемдік киноиндустрияда анимациялық фильмдердің алатын орны ерекше, сондықтан да олар осы салаға жүздеген миллион доллар жұмсайды. Бұл шығын қысқа мерзімде әлденеше есе артығымен таза табыс болып құйылады.
Мультфильмдер – балаларды қызықтырып уақытын өткізетін һәм танымдық тұрғыда жетілдіретін тәрбиелік құрал ғана емес, нарыққа шығатын көркем тауар сынды. Елімізде қазақ әдебиетіндегі авторлық және фольклорлық туындылардың желісі бойынша жасалған мультфильм-дер қазіргі күні едәуір мөлшерде баршылық. Дегенмен бүгінгі балдырғандар отандық мультфильмдерге қызыға ма? Кейінгі уақытта оқтын-оқтын аударылып жатқан шетелдік анимациялық фильмдердің тақырыбы қандай? Жалпы, қазіргі мультфильмдердің сапасы сын көтере ме? Биылғы Балалар жылының басында осындай толғамды мәселені қозғауды жөн көрдік.
Анимациялық мультфильмдер – ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүр мен тарихты көрсететін, жас баланың санасына сіңіретін бірден-бір идеологиялық құрал. Яғни бұл құрал арқылы кез келген тақырыпты, кез келген образды насихаттауға болады. Өмірді енді танып жатқан балаларға анимациялық фильм ұсынудың қауіпті жағы да осы. Әлқисса.
Қазақ мультфильмінің классикасы – «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» күні бүгінге дейін көрерменнің жүрегінде сақталған жып-жылы естеліктей ностальгиялық әсер береді. 1967 жылы түсірілген Әмен Қайдаровтың бұл туындысы қазақ анимациясының бастауы болды. Қарлығаштың символдық мәнін асқақтатқан фильм келесі жылы-ақ Ленинградта өткен Бүкілодақтық фестивальда екінші жүлдеге ие болып, әлем елдерінің экрандарында көрсетілді. Автордың одан кейін түсірген «Ақсақ құлан», «Құйыршық», «Қожанасыр – құрылысшы» атты анимациялық фильмдері де қазақ мультипликациясына олжа болып қосылды. Осы кезеңде отандық мультипликаторлар түсірген графикалық және қуыршақ фильмдердің саны жүзден асты. Режиссер-суретшілер Ж.Дәненов пен Ұ.Қыстауовтың «Алпамыс батыр», «Айдаһар аралы», Е.Әбдірахмановтың «Тапқыштар», «Бозторғай», Б.Омаровтың «Үш шебер», «Қаңбақ шал», Т.Мұқанованың «Жібек шашақ», «Қайшы», Қ.Сейденовтің «Тігінші мен ай», «Қадырдың бақыты» атты мультфильмдері алтын қорға қосылды.
...бір минуты –
250 мың теңге
Соңғы он жылда бұл сала жанрлық ерекшелік пен жас көрсеткішіне қарай контент өндіру, түрлі тақырыптық бағыт пен стильдерді игеруде айтарлықтай алға басты. Ал кейінгі жылдары отандық аниматорлар көпшілікке «Қошқар мен теке», «Ер Төстік және Айдаһар», «Мұзбалақ», «Қазақ елі» сияқты т.б. көптеген туынды ұсынды.
Бүгінде бұл мультфильмдердің дені «Balapan» телеарнасынан көрсетіліп жүр. Десек те балаларға ұсынылып жатқан бұл жобалар белгілі бір деңгейде нәтиже көрсеткенімен, елімізде толыққанды қазақтілді контент қалыптастыра алмай келеді. Әрине, бұған әсер етуші факторлар көп.
«Қазақстан» РТРК Басқарма төрағасының орынбасары Мақпал Жұмабай Қазақстанның өзінде бір ғана балалар арнасы болса да, ол әлемнің алпауыт балалар каналдарымен бәсекеге түсіп отырғанын айтады.
«Әлемдік арналарды өзге тілдерде спутниктік каналдардан немесе интернеттен тікелей көруге мүмкіндік бар. Шетелдік арналар әр үйде қолжетімді. Яғни біз қазір жан-жақты бәсекенің ішіндеміз. Ел ішінде «балалар шетел мультфильмдерін ғана көреді» деген жаңсақ пікір бар. Біздегі зерттеулер бұның терістігін көрсетеді. «Balapan» телеарнасындағы танымал шетелдік өнімнен гөрі балаларымыз көп жағдайда отандық мультфильмдерді таңдайды. Неге? Себебі бұл контенттің мазмұны да, идеясы да, кейіпкерлері де – ұлттық. Бұл мультфильмдегі қала да, дала да – таныс. Анимация түйсік арқылы қабылданатын өнер түрі болғандықтан, балаларымыз бейсаналы түрде ұлттық контентті таңдайды. Бұл – қалыпты құбылыс. Осы себептен де еліміздегі анимацияның ауқымын арттырып, өндіріс көлемі мен қаржысын бәсекеге лайықтау мәселесі күн тәртібінде тұруы керек деп есептеймін. Біз балаларымыздың рухани қажетін толық өтейтін дәрежеге жетуіміз қажет», дейді М.Жұмабай.
Сондай-ақ ол бүгінгі күні еліміздегі анимация өндірісінің негізгі бөлігі – «Balapan» телеарнасында жүзеге асырылғанымен, арнаның анимация тарифі нарықтағы ең төменгі баға екенін айтты.
«Balapan»-дағы 2D анимацияның 1 минуты 2021 жылы 220 000-230 000теңге болса, 3D форматтағы анимацияның 1 минутының құны 250 000-280 000 теңге аралығын құрады. Бұл халықаралық анимация нарығындағы бағаларға сай келмейді. Мәселен, хронометражы 5 минуттан тұратын 3D форматтағы отандық мультсериалдың бір сериясы 1,4 млн теңге болса, тура сол көлемдегі ресейлік «Маша и Медведь» 3D анимациялық сериалының 1 минут өндірісіне шамамен 21 млн теңге, ал 1 сериясына 105 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалады. Осы орайда балалар арнасын сапалық әрі мазмұндық тұрғыда дамыту үшін қаржыландыру көлемін арттыру керегі анық», деді ол.
Айта кетейік, осыған дейін «Balapan» телеарнасы 2248 бөлімнен тұратын жалпы саны 103 анимациялық жоба дайындады. Бұл көрсеткіш оның еліміздегі анимациялық жобаларға тұрақты тапсырыс беретін бірден-бір арнаға айналып, осы саладағы мамандардың өсіп, дамуына ықпал етіп отырғанын байқатады. Мәселен, 2018 жылы – 11, 2019 жылы – 14, 2020 жылы – 23, 2021 жылы 26 анимациялық жоба жасалып, эфирге берілді. Ал жыл сайын шетелден 30-35 анимациялық сериал, 10 толықметрлі мультфильм сатып алынады. Шетелдік анимациялық жобалар жалпы эфир көрсетілімінің 40 пайызын құрап отыр. Сондай-ақ балалар арнасының 5 анимациялық жобасы АҚШ-та кабельдік арналар, ал Латын Америкасы елдерінде VOD және онлайн-каналдар арқылы көрсетіледі. Енді «Тынымсыз шөжелер», «Сәби», «Еркелер», «Шахмат патшалығы» (бұл мультхикая Татарстан телеарнасына сатылған), «Пырақтар» жобаларын аталған елдерде ағылшын, испан және португал тілдерінде көру мүмкіндігі бар.
Бәрі батыр, бәрі Алдар...
Отандық мультфильмдерге келгенде қоғамда түрлі сыни пікірлер көп. Бір тарап анимациялық фильмдер тек батырлық ұстанымға, яғни бәрі бір үлкен идеяға жетелейді деп санаса, енді бір тарап қыз балалардың Эльзаны («Холодное сердце», Disney) ерекше жақсы көретіні эстетикалық сапалы әрі жеңіл дүниелердің аздығынан дейді. Бәлки, шынында да қазақ анимациясында балдырған қыздарды қызықтыратын кейіпкер-ханшайымдар жасалмай жүрген болар. Бұған қоса ұлттық тақырыптардан бөлек танымдық мультфильмдердің жетіспейтіні де рас. Әлқисса.
Өткен 2018-2019 жылдары бұл салада едәуір қозғалыстар болды. Мәселен, «Мұзбалақ», «Күлтегін» сынды толықметрлі анимациялық фильмдер жасалды. Олар кинотеатрларда көрсетіліп, қоғамда да жақсы пікірлер айтылып жатты. Түрлі халықаралық фестивальдарда жүлдегер болды. Еске салсақ, қазақ анимациясының тұңғыш фильмі – «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» әлемнің 48 елінде қойылып, үлкен байқауларда жеңімпаз атанды. Алғашқы анимациялық фильмнің осы жетістігін 52 жылдан кейін «Мұзбалақ» қайталап отыр. Алайда одан бері осындай толықметрлі және қоғамда көп талқыланған фильм түсірілмей келеді. «Мұзбалақ» режиссерінің бірі Тұрдыбек Майдан оның бір себебі, қазақ анимациясы әлі күнге дейін бір жүйеге қойылмауында дейді.
«Елімізде жақсы анимациялық фильмдермен көзге түскен азаматтарды одан әрі қолдап, сол бағытта жаңа жобаларға тартып, мемлекеттік тапсырыспен тақырыптар беріп, тоқтаусыз жұмыс жасалмайды. Ал біздегі қолынан іс келетін мамандар министрліктен жауап күтумен уақытын өткізеді. Ал негізінен балаларды қызықтыратын қазақтілді контенттер бар. Бірақ құмға сіңген судай тым аз. Мысалы, Алдар көсе туралы жүзден аса сериал түсірілді. Ол қоғамда танымал болды, өйткені өте ауқымды жоба еді. Ал ондағы идеология мен мультфильмнің сапасы, кейіпкерлері адамды қызықтыратын деңгейде емес. Жалпы, анимацияда жақсы кейіпкерді алып, кәсіби мамандарды топтастырып, жұмыс жасаса, бұл өнімін береді. Әрине, мұнда ең бастысы ұлттық идеологияны, ұлттық мінезді бірінші орынға қою керек. Онда өмірді енді танып жатқан баланың тіліне, танымына, ойына сай сөйлем, іс-әрекет, оқиға болу керек. Өкініштісі, қазір анимация саласында әуесқойлар көбейіп барады. Техниканың құлағын екі бұрауды білетін азаматтарды отырғызып, персонажы, кейіпкері, композициясы жоқ шала-жансар дүниені алып шығады. Балаларға ұсынылып жатқан осындай сапасыз жобаларға сараптама жасайтын, қоғамға көрсетілуіне тыйым салып жатқан тағы ешкім жоқ. Ал анимациядағы аудармалардың жиі жасалып, халыққа қолжетімді болып жатқаны қуантады», дейді режиссер.
Сондай-ақ ол қазір көрерменнің талғамы биік, шетелдік түрлі мультфильмдерді көретін халықты өз отандық туындымызбен таңғалдыру да оңай емес екеніне тоқталды.
«Рухани қазынамызды анимациялық фильмге тақырып етерде оның сапалық, жаңа технологиялық жағын да міндетті түрде ескерген жөн. Балдырғандардың назарына дайындалған дүниеге жалпы баланың психологиясына қатысты барлық тарап қатысу керек. Педагогтер мен психологтер, тіпті балалардың өзіне көрсетіп, талқылау маңызды. Әр мультфильм жасалу барысында осындай бірнеше деңгейден өтіп, талданып барып жарыққа шықса, оның көрерменге ұнайтыны анық. Қай салада болсын еңбектің тері төгілген жұмыс көрініп тұрады емес пе... Ал анимация режиссерлерінің бүгінгі межесі бюджетті игеру уақытымен шектеліп тұр», дейді Т.Майдан.
Иә, бала мультфильмнен ең алдымен кейіпкер іздейді. Бүгінгі балалардың қазақ анимацияларына қызықпайтыны да кейіпкері жоқ болғандықтан болар. Бәрі батыр, бәрі Алдар...
Қысқа уақыт
һәм шағын бюджет
Елімізде енді дамып келе жатқан қазақ анимациясында білікті мамандар қаншалықты жеткілікті? Кадр тапшылығы әр саланың алға басуына әсер етеді емес пе... Бұл туралы Anyzfilm киностудиясының режиссері Тілек Төлеуғазы былай деп пікір білдірді.
«Қазақ анимациясы қазіргі таңда даму деңгейінде. Оған жаңа технологияны игеру, оны өндірістік жобаларға қолдану, анимациялық шеберлік, заманауи эффектілер сынды кәсіби факторлар жетіспейді. Бұның бір себебі – кадр даярлау мәселесі. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы оқу орындарында осы сала бойынша қазіргі жаңа технологияны үйретпейді. Білікті оқытушылар да жоқтың қасы. Мысалы, біз анимациялық студияларға оқу бітіріп келген студенттердің өндірістік жұмыстарға дайын емес екенін байқаймыз. Сондықтан да қазіргі анимацияда суретші, сценарист, аниматор, режиссер тапшы».
Сонымен қатар отандық анимациясының бүгінгі дерті уақыт екен. «Яғни режиссерлер аз уақытта сол жобаны әйтеуір аяқтап шығуға тырысады. Оған әсер ететін бюджетті игеру сынды факторлар да бар, әрине. Мәселен, анимацияның шетелдегі практикасында бір жобаға кем дегенде 3-4 жыл уақыт беріледі. Сондай-ақ бір фильмге 500-ден аса маман атсалысады, қаржылары да қомақты. Ал қысқа уақытта шағын бюджетпен және аз маман қандай деңгейдегі мультфильм жасайды деп ойлайсыз?.. Дегенмен осындай жетіспеушіліктерге қарамастан кейінгі 3-4 жылда қазақ анимациясында ілгерілеу бар. «Balapan» телеарнасынан беріліп жатқан мультфильмдердің саны көбеюде. Одан бөлек басқа арналарда да аударма фильмдер бар. Бұл мультфильмдердің уақыт өте келе сапасы да санына сай келеді деп ойлаймын», дейді ол.
Еске салсақ, «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының «Ел рухы» деп аталатын екінші бағытында отандық анимацияны дамыту міндеттері қарастырылған еді. Осыған орай былтыр Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақфильм» жанынан Қазақ анимация бірлестігі құрылып, 40-тан астам мультфильм мен қазақша компьютерлік ойындар жасау жоспарланып отырғанын, анимациялық мектептердің ашылатынын айтқан болатын. Яғни осы жылдан бастап, қазақ анимациясы бөлек шығармашылық одақ болып, өз алдына жобалар жүргізбекші.
«Егер бұл шынында іске асатын болса, мультфильм жасау жұмыстары тоқтамайды. Өзінің бюджеті болады, өзінің бес, он жылдық жоспары болады. Анимациялық фильм жасау тоқтамаса, осы саладағы мамандардың да қолы босамайды, ізденісте жүреді, біліктілігі артады. Осылайша, қазақ анимациясының жаңа белесі басталады деп ойлаймын», дейді режиссер Т.Төлеуғазы.
Бұрын жылына 4-5 қысқаметрлі анимациялық фильм, ал 2-3 жылда бір толықметрлі фильм жасалатын. Яғни жұмыстың жиілігі төмен еді. Сол себептен де көптеген маман басқа салаға ауысып кетіп жатты. Бұл кадрлық жүйенің де анимацияның дамуына белгілі бір деңгейде әсер еткенін көрсетеді. Ал 2019 жылдан бері қазақ анимациясына көпте-ген жас маман келіп, жеке студиялар ашып, курстар жүргізгенін байқап жүрміз. Олар қазір түрлі деңгейдегі мультфильмдер жасап жатыр. Бұл да – бүгінгі анимацияның жетістігі. Режиссер Тілек Төлеуғазының айтуынша, былтыр Ұлттық киноны қолдау орталығының іске қосылуымен жаңа жобалар қолға алынған.
«Оның біразы өндіріске қосылса, біразы бір тоқтап, бір жалғасып, аяқталмай келеді. Біз өткен жылы Ұлттық киноны қолдау орталығынан сақ дәуірінің өркениетін, құндылықтарын көрсететін «Алтын адам» атты толықметрлі мультфильмді бастағанбыз. Өткен жылдың аяғына дейін дайындық кезеңін бітірдік. Осы жылда үш ай тоқтайды деп айтылды. Сәуірден бастап өндіріс кезеңіне өтеміз. Жыл аяғында фильмді бітіреміз деп жоспарлап жатырмыз. Бірақ берілген уақыт бізге аздық етеді», дейді ол.
Айта кетейік, аталған киностудия Ұлттық киноны қолдау орталығынан «Алтын адам», «Еркетай» толықметрлі мультфильмдері мен «Кенже қыз» сериалын және «Бесік жыры» қысқаметрлі мультфильмін алған еді. Бұл жобалардың ішінде «Бесік жыры» мен «Кенже қыз» өткен жылы аяқталса, қалған екі жоба биыл ұсынылуы керек.
P.S. Тәуелсіздік жылдары елімізде көркем өндіріс саласы (әдебиет, театр, кино, анимация) белгілі бір деңгейде нәтижесіздік күйінде болды. Әрине, отыз жылдағы мәдениет пен өнердегі жетістіктерді жоққа шығара алмаймыз. Десек те қазір ел руханиятындағы әр салада жүйесіздіктен туындаған үлкен мәселелердің бары анық. Барлығына кәсібилік һәм қаржылық қолдау жетіспейді. Жоғарыда қозғаған анимациялық фильм тақырыбында да түрлі назар аударарлық, қолға аларлық мәселелер көрінді. Қазіргідей өндірістік-технологиялық сала қарыштап дамыған уақытта балаларға сапалы дүние көрсете алуға мүмкіндік көп. Тек қазақтілді контенттің қалыптасып, кең тарауына құзырлы органдар күш салса болғаны. Әйтпесе, әлем Ғарышқа адам ұшырып жатқанда мультфильм жасау дегеніңіз не, тәйірі... Ал бәрінен бұрын анимация дегеніңіз – бала. Бала дегеніңіз – болашақ. Жиі айтылатын «Мәңгілік ел» идеясы осыдан басталмай ма...