Алматы қаласында мұқтаж жандарға көмек көрсету мақсатында еріктілер штабы жұмыс істей бастады. Штаб көмекке мұқтаж барлық қала тұрғындарына қолдау көрсетуді мақсат етеді. Волонтерлер штабында консультациялық, психологиялық, заңдық, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және шұғыл желі телефонына келіп түскен өтініштер бойынша волонтерлік көмек көрсетіледі.
Штаб жұмысына Жастар ресурстық орталығы, «Қазақстан волонтерлер лигасы» ҚҚ, «Жас Отан» ЖҚ, Алматы мейірімділік клубы, Lider.kz және тағы басқа тәжірибелі волонтерлер мен қаланың ірі волонтерлік ұйымдары жұмылдырылған. Абылай хан көшесі, 79 және Байтұрсынов көшесі, 22/1 мекен-жайында орналасқан қалалық еріктілер штабы +7 (727) 279 13 29, +7 (727) 225 49 01, +7 (705) 213 00 77 телефондары бойынша өтініштер қабылдап, күн сайын сағат 9.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істейді.
Бүгінде еріктілер бүлікшілер бүлігінен бүлінген қала ішін қоқыстардан тазартып, қайта қалпына келуіне бар күш-жігерін аямауда. Еріктілер ең алдымен елдегі төтенше жағдайда қоғам қауіпсіздігі, тұрғындардың амандығы үшін күресіп жатқан аурухана қызметкерлері мен әскерилерге, сондай-ақ науқастарға, зейнеткерлерге азық-түлік пен тамақ үлестіруде. Осы бір аптаның ішінде еріктілер міндетіне кіріскендердің саны 300-ден асады. Қала тұрғындары, түрлі қауымдастықтар, қоғамдық қорлар мен кәсіпкерлер, тағы да басқа қала өміріне бейжай қарамайтын еріктілер бүгінде мұқтаж жандарға 21 тонна азық-түлік таратқан.
«Жастарға жол» қоғамдық қорының деректеріне сүйенсек, қаладағы аласапыран кезінде бірі тамақ істесе, бірі нан пісіріп, жан-жақты қолдан келген көмекті көрсетуге тырысқан еріктілер көп болған. Түрлі көмек түрін ұсынған алматылықтардың көпшілігі қан тапсыруға да барған. Азық-түлікпен ғана емес, қаланы қайта қалпына келтіруге де біріккен жастардың қарасы қалың. Еріктілер азық-түлік себеттері мен басқа да көмек түрлеріне өз қаражатын жұмсаған. Қайырымды жандардан 35 млн теңге қаржы жиналыпты. Қиын-қыстау кезеңде жақсылық жасауға ұмтылған алматылықтардың әрекеті көпке үлгі.
АЛМАТЫ