Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынап жатқан елордалық «Барыстың» қатарынан екінші матчы коронавирус індетіне байланысты кейінге қалдырылды.
Қазақстандық команда кеше Подольскіде жергілікті «Витязь» командасымен ойнауы керек еді. Алайда «Витязьдің» 4 спортшысынан коронавирус анықталып, вирустың таралуын болдырмас үшін ҚХЛ басшылығы бұл ойынды да кейінге шегеруге мәжбүр болды. Сондай-ақ мұның алдында дәл осындай жағдайға байланысты «Барыстың» «Торпедомен» (Нижний Новгород) ойыны да шегерілген еді. Құрлықтық хоккей лигасының президенті Алексей Морозовтың айтуынша, кейінге қалдырылған ойындардың күнтізбесі және чемпионатқа қатысты соңғы шешім Олимпиадалық үзіліс кезінде, яғни 23 қаңтардан кейін бекітіледі.
ҚХЛ-дан бөлек, шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионаты да уақытша тоқтатылған болатын. Елде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты үзілістен кейінгі алғашқы матчтар 24 қаңтарда өтуге тиіс. Еліміздегі жағдай тұрақталып, төтенше жағдай аяқталғаннан кейін ғана матчтар басталады.