iKOMEK бірыңғай байланыс орталығы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жедел штабтың шұғыл желісі қызметін атқарады. Орталық күшейтілген режімде жұмыс істейді. Елорда азаматтарының тыныс-тіршілігін қамтамасыз етудің барлық мәселесі бойынша өтініштерін қабылдап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылғы 5 қаңтардан бастап енгізілген төтенше жағдай сұрақтары бойынша кеңес береді.
Интернеттің ажыратылуына байланысты iKOMEK109 үздіксіз жұмыс істеп, бірден-бір коммуникация құралына айналды. Орталықта ТЖ режіміне қатысты барлық сұрақ жедел түрде атқарылады. Орталыққа ағымдағы жылдың 5 қаңтарынан бастап бүгінгі таңға дейін 58 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Ең көп қоңырау саны 5 және 6 қаңтар күндері: 20 мыңнан астам қоңырау қабылданды.
Байланыс орталығы өткен тәуліктерде консультациялық сипаттағы 8 мыңнан астам қоңырауды қабылдады. Сұрақтардың көпшілігі төтенше жағдайға қатысты – 2 919, көбінесе блок-бекеттер арқылы кіріп-шығу, қоғамдық көлік жұмысы, коменданттық сағат, кімнің жүріп-тұруына болады деген сипаттағы сұрақтар қойылған. Екінші орында денсаулық сақтау саласындағы сұрақтар – 1 918, коронавирусқа, жаңа «омикрон» штамына қатысты сұрақтар. Үшінші орында қоғамдық көлік мәселелері – 895, азаматтарды қала ішінде қоғамдық көлікпен жүру, жолақысын төлеу және т.б. сұрақтар алаңдатқан. Қала тұрғындары сонымен қатар қала тіршілігін қамтамасыз ету, сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау мәселелерімен жүгінуде.
«iKOMEK109 бірыңғай байланыс орталығы күшейтілген режімде жұмыс істеуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған төтенше жағдай режімі кезеңінде орталыққа келіп түсетін өтініштер легі артты, оған жедел түрде жауап беріп жатырмыз», деді iKOMEK қалалық орталығының басшысы Жаннат Дүбірова.
Сонымен қатар орталық Нұр-Сұлтан қаласының Полиция және Төтенше жағдайлар департаменттерімен бірлесе отырып, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс атқарылуда. Жедел штаб аясында бейнебақылау жүйесі арқылы қоғамдық тәртіпке мониторинг жүргізіледі. «iKOMEK» орталығының бейнебақылау операторлары тарапынан қоғамдық тәртіп пен коменданттық сағатты бұзушылар анықталып, жедел түрде Полиция департаментінің қызметкерлеріне беріліп жатыр.