Бүгін Мельбурнде теннистен «Үлкен дулыға» санатына жататын төрт ірі жарыстың басы – Аустралия ашық біріншілігінің жалауы желбірейді. Дүниежүзінің тек таңдаулы теннисшілері ғана өнер көрсететін дүбірлі додада қазақстандық спортшылар да бақ сынайды. Атап айтқанда, әйелдер арасында ел намысын Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Зарина Диас қорғаса, ерлер бәсекесінде Александр Бублик, Михаил Кукушкин және Тимофей Скатов сынға түседі. Ал Александр Недовесов, Андрей Голубев және Анна Данилина жұптық бәсекеге қатысады.
Вакцинадан дау туды
Іргетасы сонау 1905 жылы қаланған Аустралия ашық біріншілігі өз тарихында тек үш мәрте ғана өткізілмеген екен. Алғашқы екеуі бірінші және екінші дүниежүзілік соғыс уақыты болса, үшіншісі 1986 жылы жарыс уақытының өзгеруіне байланысты ұйымдастырылмаған. Содан бері бұл турнир жауынға да, аптап ыстыққа да қарамай жанкүйерлерін қуантып келеді. Тіпті ұйымдастырушылар байрақты бәсекені пандемия жағдайында да тоқтатқан жоқ. Індеттің дүние жүзіне таралғанына екі жылдан асса да, теннисшілер жарыс көрігін қыздырып келеді. Дегенмен биылғы бәсеке алдында вакцинаға байланысты дау туындады.
Australian Open жарысында тоғыз мәрте топ жарып, осы турнирді өзінің жекеменшік додасына айналдырып алған Новак Джоковичтың биылғы бәсекеге қатысуы біраз қиындық тудырды. Сербиялық саңлақ Аустралияға 5 қаңтар күні келсе де, шекара қызметі оны елге кіргізбеді. Себебі Новак коронавирусқа қарсы екпе алмаған. Ал Аустралия заңы бойынша елге вакцина алмаған адам кіре алмайды.
Кейін Джокович денсаулығына байланысты вакцина алуға болмайды деген медициналық құжатын тиісті мекемеге ұсынған. Бірақ құжаттар дұрыс емес деген желеумен оны тағы да елге кіргізуден бас тартады. Өйткені Джоковичте не үшін вакцина алуға болмайтындығы туралы медициналық қорытынды болмаған. Сөйтіп әлемнің бірінші ракеткасының визасы жарамсыз деп табылып, оны еліне қайтармақ болады. Алайда Новак Аустралия үкіметінің шешіміне қарсы апелляция беріп, жеңіске жетеді.
Сотта жеңіске жеткен сербиялық теннисшіге қайта виза беріліп, оны елге кіргізеді. Алайда арада бірер күн өткенде Аустралия үкіметі Джоковичтің визасын екінші мәрте жарамсыз деп табады. Себебі Новак елге кірерде өтірік ақпарат берген болып шығады. Ол Аустралияға келгенге дейін 14 күн бір елде болғанын айтқан. Ал елдің шекара қызметіндегілер оның бұл уақытта Сербия мен Испанияда болғанын анықтайды. Осылайша Новак жарысты ұйымдастырушылардың бас ауруына айналды. Аустралия үкіметі Джоковичке қарсы әлі нақты шешім қабылдамаса да, Australian Open жарысының баспасөз қызметі жеребе бойынша оны жарысқа қатысады деп көрсеткен.
Қазақстандықтардың қарсыластары кімдер?
Биылғы Аустралия ашық чемпионатына қатысатын тоғыз қазақстандық спортшының ішінен Михаил Кукушкин мен Тимофей Скатовтан басқалары тікелей жолдама алды. Ал Кукушкин мен Скатов іріктеу жарыстарына қатысып, негізгі кезеңде өнер көрсету құқығына ие болды.
Дүниежүзілік рейтингте 180-сатыда тұрған 34 жастағы Кукушкин іріктеу сайыстарында босниялық Мирза Башичті – 6:2, 6:3, нидерландтық Робин Хасені 7:5, 7:6 (7:2) және америкалық Эрнесто Эскобедоні 6:4, 5:7, 7:5 есебімен жеңіп, негізгі кезеңге жолдама алды.
Ал солтүстікқазақстандық теннисші Тимофей Скатов өз спорттық жолында алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінде ойнауға мүмкіндік алды. Скатов Аустралия ашық чемпионаты іріктеу сайыстарының іріктеуінде алғаш франциялық Хьюго Греньені 6:3, 6:2 есебімен жеңсе, кейінгі бәсекелерде аустралиялық Дэйн Суиниді – 6:4, 6:2, португалиялық Гаштау Элиашті 6:4, 7:6 (7:5) есебімен ұтты. Осылайша 20 жастағы Петропавл қаласының тумасы Т.Скатов ересектер арасында бірінші рет Grand Slam додасында бақ сынамақ. Бұған дейін ол жасөспірімдер арасында «Үлкен дулығада» өнер көрсетіп, 2017 жылы US Open жарысында жартылай финалға дейін жетті.
Тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко іріктеу сайыстарының финалында чехиялық Иржи Лехечкаға 6:4, 3:6, 3:6 есебімен есе жіберіп, негізгі турнирге өте алмай қалды.
Турнирдің бірінші айналымында 12-нөмірмен тіркелген Елена Рыбакина Зарина Диаспен кездесетін болды. Осылайша, Аустралия жерінде қазақстандық теннисшілер алғаш рет өзара кездесу өткізеді. Ал Юлия Путинцева бірінші айналымда франциялық Хармони Танмен жолығады. Бұл теннисшілер осы уақытқа дейін мүлде кездеспеген.
Ерлер бәсекенің бірінші айналымында әлемдік рейтингте 35-орында тұрған Қазақстанның бірінші нөмірлі теннисшісі Александр Бублик америкалық Эрнесто Эскобедмен (141-ші теннисші), Михаил Кукушкин (180) америкалық Томми Полмен (41), Тимофей Скатов (255) словакиялық Норберт Гомбошпен кездеседі.
Үшінші кезеңнен кім асады?
Аустралия ашық біріншілігінің былтырғы бәсекесіне алты теннисшісіміз қатысып, тек екеуі ғана үшінші айналымға жетсе, кейбірі бірінші кезеңде сүрінген еді. Жалпы, қазақстандық спортшылар Australian Open турнирінің үшінші кезеңінен өте алмай жүргеніне біраз уақыт болды. Мәселен, әр жылдары осы додада бақ сынаған Галина Воскобоева (2009, 2012), Ярослава Шведова (2015), Зарина Диас (2015, 2016, 2020, 2021), Юлия Путинцева (2016, 2020, 2021) және Елена Рыбакина (2020) үшінші айналымнан кері қайтып жүр. Жерлестеріміздің арасында ең үздік көрсеткіш – Михаил Кукушкинге тиесілі. 2012 жылы ол төртінші айналымға дейін жеткен еді. Ал биыл бұл жетістікті кім қайталайды екен?!
30 қаңтарда мәресіне жететін Australian Open-2022 турнирінің биылғы жүлде қоры әдеттегідей өте қомақты – 54 миллион АҚШ доллары. Жеңімпаз спортшы 3 168 000 долларды қанжығасына байласа, финалда жеңілген спортшы 1 584 000 доллар алады. Сондай-ақ жартылай финалға шыққан теннисші – 792 мың, ширек финалда өнер көрсеткендер – 432 000 доллар, төртінші айналымға жеткендер – 216 000, үшінші айналымдағылар – 129 600, екінші айналымға шыққандар – 100 800, ал бірінші айналымнан сүрінгендер 64 800 доллар қаржыға кенеледі.