Күздік бидай егіп, оны жазда орып ала салысымен орнына сәбіз егіп тастап, күзде мол өнім жинап алатын жанкештілікті сіз көрдіңіз бе? Бір жылда егістіктен екі рет өнім алып, жерді тиімді пайдаланудың бұл тәжірибесі Сайрам ауданында бүгінде жаңалық емес. Содан болар, халқы көп, шетінен еңбекқор бұл ауданда «жұмыс таппадым, жұмыс жоқ» деген әңгіме көтерілмейді. Бұл жақта жұмыс емес, жер сұрап келетіндер көп. Енді міне, сайрамдықтар жылыжайды көбейтіп, екі рет өнім алуды кеңінен қолға алуда.
Өткен аптада Сайрам ауданындағы «Ф. Ифтихари» жеке кәсіпкерлігінің жылыжай кешенінің құрылысымен танысып қайттық. Осы шаруашылықтың іс басқарушысы Камал Қалдаровтың айтуына қарағанда, жылыжай құрылысы 1 жыл бұрын басталған екен. Жылыжай жабдықтарының бәрі Израиль елінен жеткізілген. Барлық тетік тек компьютер арқылы жұмыс істейді. Егер кенеттен ауа райы бұзылатын болса, терезелер автоматты түрде өзі жабылады. Жоба үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының Индустрияландыру картасы аясында жүзеге асуда. Құны 488,9 млн. теңгені құрап, 2 гектар аумақты алып жатқан бұл жылыжайда жылына 800 тонна қияр, қызанақ өсірілетін болады. Тағы бір айтары, жылыжай көшетті сырттан алмайды, өздерінде өсіреді.
«Жұмысшылардың бәрі жергілікті тұрғындар. Голландиялық мамандар оларға шетелдік технологияны меңгерудің қыр-сырын үйретті. Қазіргі таңда 20 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз. Алғашқы өнімді сәуір айының ортасында жинаймыз. Жылыжайдан жылына 2 мәрте өнім алынады. Жұмысты 1 ғана оператор бақылап, тетіктерді қосып-өшіріп отырады. Болашақта өнімді алдымен жергілікті базарларға таратамыз. Сондай-ақ, қазірдің өзінде Ресей, Алматы, Астанадан, басқа да облыстардан тапсырыстар түсіп жатыр», дейді Камал Қалдаров.
Яғни бұл кәсіпорын қыс мезгілінде қызанақ бағасын тұрақты қалпында ұстап тұруға мүмкіндік беріп, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне септігін тигізетіні анық. Жоба толығымен «ҚазАгроқаржы» АҚ тарапынан қаржыландырылып, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтылған. Жалпы алғанда, бүгінде Сайрам ауданында Индустрияландыру картасы аясында 7 жоба іске асырылуда. Ал, облыс бойынша 155,0 гектарға қосымша жылыжайлар салынып, жалпы көлемі 720,0 гектарға жетті. Осы жылыжайлар есебінен өткен жылы 150 мың тонна көкөніс өнімі өндірілді.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Сайрам ауданы.
Суреттерді түсірген Арман ӘБДІРАШҰЛЫ.