Шабыт туралы шындықты табу да, оған көз жеткізу де қиын. Себебі шабыт туралы әркімнің түсінігі әрқилы. Өзгеше, иен жатқан арал сияқты, оны ашу да мүмкін емес. Көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын осы бір ерекше құбылыс туралы бір сәт толғанып көрсек, ой да түбіне жеткізбейтін сияқты.
Осы бір шабыт деген нәрсе кейде бізге шығармашылық адамдарына ғана тән дүние болып көрінеді. Расында да, солай шығар. Шабыт дейтін құбылыстың нақты анықтамасы болмағанымен, оны біз шығармашылық адамының жан дірілінің, жүрек қозғалысының, көңіл толқынысының көрінісі деп білеміз. Ал шабыт туралы әңгіме қозғалғанда, шарап жайы да сөз болады. Бұл да көптің көкейінде шығармашылық адамдарына тән нәрсе ретінде қалып қойған. Шарап туралы сөз де, шығарма да көп. Бізге кейде шабыт пен шарап бірін-бірі толықтырып тұрғандай да әсер беретін. Егіз ұғым сияқты болып көрінетін. Шынында да солай екен.
Адамзат ақынды пайғамбардан төмен, пендеден биік жаратылыс ретінде қабылдаған, солай түйсінген. Бізде де солай. Алайда кеңестік кезеңнен бері сол шарап жайы ақындарға көп телінетін болған. Ақын да жұмыр басты пенде, одан пайғамбар, әулие жасаудың да қажеті жоқ. Бірақ Құдайдың өзі жаратқан құбылыс, сөз киесі дарыған, аруақ қонған ақындықтың жөні бәрібір бөлек еді. Ол екінің бірінің біреуден естіген болмаса ойдан құрастырылған әңгімелерінен қалайда биік тұруы керек. Мұқағали Омар Һайамға арнауында «Біздің шараптар сіздің майлардан күштірек» дейді ғой. Жалпы, шарап туралы Омар Һайамның рубаиларында көп кездеседі. Содан оның «Шалқып жүріп шарап ішкені жайлы» әңгімелерді де жиі естіп жүрдік. Бірақ кейде «Шынында да солай ма екен?» деген ойға қалып қоятынымыз рас еді. Әрине, кәдімгі шараптың залалы, зияны туралы біз айтпасақ та белгілі. Ал Омар секілді ғаламның тылсымына терең бойлаған шайырдың шарап жайын (ішімдік) сөз ете беруі бір жағы мүмкін де емес сияқты. Бірақ түсінбесек, түсіне алмасақ, бәрін шарапқұмар қылып шығаруымыз да бек мүмкін ғой. Бақсақ, шарапты да тура шабыт сияқты әр ақынның әрқалай түсінуіне, әрқилы қабылдауына болады екен. Жүректе қалыптасқан таным-түсінік өлең болып өріледі.
Құм көзе Жәмшид жиған малдан артық,
Гүл шарап Мәриям құйған балдан артық, –
дейді Омар шайыр. «Гүл шарап» ақынға тән тазалықтың, жүрек мөлдірлігінің көрінісі болса керек. Қисынға салсақ та, шараптың балдан артық жері жоқ қой. Әрине, Омар Һайамның шарап туралы жырлары жайлы талай шығыстанушы ғалымдар жазды. Мұның кәдімгі шарап емес екені айтылып, әркім өзінің нұсқасын ұсынған. Оның бәрін қайталап жату шарт та емес.
Шарап іш, көңілдегі дертің қашар,
Өмірде шарап ішкен еркін жасар.
Өзі от болғанымен, судай шалқып,
Қайғының жалын атқан өртін басар.
Шайырдың рубаиларында шарап хақында жазылған мұндай өлеңдер көп. Бірақ бұдан шайырды шарапты дәріптеген, маскүнемдікті мадақтаған дей алмаймыз. Жалпы, Шығыс поэзиясын зерттеген көптеген ғалымның пікірінше, шарап – Хақтың жамалына ғашықтықтан, Хақтың Құдіретіне табынудан ілім иесінің жүрегінде орныққан, бекіген шаттық сезім мағынасында түсіндіріледі. Ғазалдарда кездесетін көзе, шарап құятын ыдыс, бұл жүрек бейнесінде келеді. Яғни солай деуге болады.
Түркі әлемінде Қожа Ахмет Ясауидің әулие, хакім ақын ретінде орны бар. Ақын туралы аңыздарда бала Ахметке Мұхаммед пайғамбардың аманат құрмасын Арыстан бабтың бергені жайлы айтылады. Ұлы ақынның өз хикметінде «Бес жасымда шариғатқа белім будым» дейтіні де сондықтан болар. Жалпы, Ясауидің Құдай жолын ұстанған тақуа, діндар адам болғаны күмән тудырмайды. Көпшілік мұны тарихи, әдеби деректерден біледі. Дегенмен ақын өз хикметтерінде шарап туралы көп айтады. Бірінші хикметте:
Шүкір де Алла ризық бұйырғанға,
Шарабын қанағаттың іштім міне, –
деген жолдар бар. («Диуани хикмет». «Даналық кітабы»). Содан кейін «Пір шарап билхамдилла сонда берді, сондықтан алпыс үште кірдім жерге», дейді тағы бірде. Жалпы, мұндағы шарап деген сөздердің дүниедегі ішетін ішімдік емес екені түсінікті. Негізі ақын хикметтерінде шарап сөзімен байланысты өз өмірінің әрбір сәттерін әңгімелеп беріп отырады. «Қанағат шарабы» Аллаға иман келтіру, тәуекел ету, жалпы алғанда, тақуалық жолға түсуін меңзейтін сияқты. Тағдырға, өмірге ризалық кейпі. Себебі ақын шығармаларында негізінен тура жол табу, Хақты іздеу, ізгілікті дәріптеу сияқты құндылықтарды алға тартады. Бұған бала күнінде Арыстан баб сияқты әулие адаммен жолығуы да әсер еткен болуы мүмкін. Ал «Пір шарап» туралы хикметінде өзінің алпыс үш жастан кейін қылуетке түскені жайлы айтылады. Әрине, бұл әңгіме де көпке мәлім. Мұхаммедтің жолын ұстанған әулие пайғамбар жасынан кейін жарық дүниені тәрк еткендігі хақында да хикметтерінде аз айтылмайды. Жүсіпбек Аймауытов «Әзірет Сұлтан» атты мақаласында «Пайғамбарымыз миғражға (көкке) шығып бара жатып, үш адамның ұрқын (жанын) көріп таңданып: – Бұл сәулетті ұрықтар кім болады? – деп жанындағы Жебірейілден сұрапты-мыс. Жебірейіл бұл сіздің үмбеттеріңіз:
Имам Ағзам, 2. Ғаусыл Ағзам (Қожай пауадын), 3. Қожа Ахмет Ясауилер депті-мыс», деген қызықты аңызды келтіреді.Қайда да қолдап жүрді Қызыр бабам,
Рахым шарабына тойдым міне, –
дейді үшінші хикметінде. «Шарапқа екі жиһан қызығын саттым» дейді. «Тамшы шарап нәсіп маған әуелден, Даңқың мақтау кәсіп маған, Мұхаммед», дейді. Жалпы алғанда, Ахмет Ясауи жырларында да шарап сөзі кең қолданысқа ие екенін көрдік. Тақуалықтың тура жолына түскен ғұлама әр хикметінде өз тағдырынан сыр тартады. Жүрегі иманға, жүзі құбылаға бұрылған ақын Алланы дәріптейді, пайғамбарды үлгі етеді. Шарап сөзі – ғұламаның тура жол табудағы темірқазығы сияқты. Өзі үшін де бұл сөздің пәлсапалық мәнінің зор болғандығы да ақиқат.
Қасиетті Құранда да шарап туралы бірнеше аятта айтылады. Бұл дүниеде оны ішуге тыйым салынғандығы Құраннан белгілі. «Пейіште... дәмі өзгермейтін сүттен өзендер бар. Және де ішкен адамдардың тілін үйірер тәп-тәтті шараптан өзендер бар...» («Мұхаммед» сүресі) делінеді. «Саффат», сүресінде де пейіштегі шараптардың түсі сүттен де аппақ екені білдіріледі. Жаратқан жұмақты суреттегенде тақуалар үшін шараптан өзендер болатындығын айтады. Ал ислам ғалымдары Құранда неліктен дәл пейіште шарап туралы айтылады деген сұрақтарға «шарап» тілдік мағынада «сусын» деген сөз екенін, ол араб тіліндегі «шараба», яғни ішу етістігінен шыққанын айтып, жауап береді. Тіпті ғалымдардың кейбір пікірлерінде оны жай сусын деп суреттесе мағынасы болмай қалатыны, сондықтан да нақты шарап деп алынғаны, ол үшін пенде дүниедегі шарап пен ақыреттегі шарапты шатастырмауы керектігі айтылған. Бірақ жәннатта келтірілетін шарап нәпсіні еліктіретін дүниелік ұғымдағы шарап емес екені белгілі. Хақ Құранда айтылғаннан кейін мұндағы шарапты Жаратушының нұры деп ұққан жөн шығар. Пейіштің өзі Алланың құдіретімен жаратылған, нұры түскен жай деп білгеніміз оң болар деген ойға келдік. Ал Ахмет Ясауи хикметтерінде жиі кездесетін шарап туралы ойларды, сөздерді, жалпы өлең жолдарын Жаббар Хақтың жамалына ғашықтықтан, одан қорқу мен оны сүюден туған жүрек сөзі деп білеміз. Нұрға елтіген жанның суреті деуге болады.
Шәкәрім Құдайбердіұлы Шығыс поэзиясына терең бойлаған ақынның бірі. «Оятқан мені ерте шығыс жыры», деп шығыс шайырларын өзіне өмірде де, өлеңде де өнеге мектебі болғанын айтады. Фирдоуси, Науаи, Физули, Сағди сияқты ұлы ақындарды жақсы білгені талас тудырмайды. Тіпті ұлы шайырлардың әсері Шәкәрімнің кейбір өлеңдерінен де байқалады. Ал Хафиздің біршама ғазалдарын тәржімалауы да қазақ әдебиетіне қосылған көрнекті үлес. Әрине, ақынға мұның бәрінің әсері болмай қалған жоқ. Бұл туралы Мұхтар Мағауин «Шәкәрімнің шығыстық жырлары көркемдік ойдың жаңа бір белесі болды», деп жазған. Шарап туралы Шәкәрім де жырлайды.
Тура жолда қайғы тұрмас,
Шат болайын бер, шарап.
Қайғы, рахат – бәрі бір бәс,
Ешбірінде жоқ тұрақ, –
дейді. Бұл жерде өмірдің жалғандығы, сәттердің өткінші екені айтылады. Ақын мұнда да Жаратушыға құлдық ұрып, мейірім, ынсап, әділетпен күн кешуді көксейді. «Шарап» ол үшін көңілдің кірін кетіретін, пендешілік өмірден арылтатын, тек Тәңірдің тура жолына бастайтын нұр.
Әлемнің сыры ашылса,
Асқақтамай бойың бұр.
Аптыққан жүрек басылса,
Шарапқа мас бол, жатпа, тұр, –
дейді басқа бір өлеңінде. Біздің пайымымызда, ақын бұл өлеңде адамдардың әрекетінен, мінезінен әлемнің де өзгеріп бара жатқанын сөз қылады. Қараңғылық құрсауында тұрған сол кездегі қазақтың халіне алаңдайды. Бұл жерде ақын «Шарапқа мас бол» ұғымы арқылы адам бойына қайта иман жинауға, даналық дәнін егуге, өзін өзі тануға бет алуға үндейді. Осы арқылы адамның асыл мұраты туралы пәлсапалық түйін жасайды. Шәкәрімнің «Кел, аяқшы, қымыз құй, кесемізді нұрландыр», деген Хафизден жасаған аудармасында да шарап туралы ойлар кездеседі. Бұл еңбегі хақында Шәкәрімнің өзі «Хожа Хафиздің «арақ» деп жазғанын мен көбінесе қымыз деп жазамын. Оның «арақ» («қымыз») дегені – ақыл, ғылым», деп түсіндіреді.
Тіршілікте шарап туралы естісек, тіксініп қалатынымыз рас. Көпшіліктің ұғымында бұл шарап дегеніңіз басқа нәрсе болып қалыптасқан ғой. Сондай-ақ кейбір жағдайда бұл шабыт беруші күш ретінде елестейді. Әрі кейбіреулердің ойдан орып, қырдан қырып жинаған «ақындар туралы аңыздарында» да шарап туралы хикаялар жетерлік. Бірақ оның ақиқаты қайсы, жалғаны қайсы екенін айырып жату да мүмкін емес сияқты. Дегенмен түрлі аңыздарды да адамдардың өзі тудыратынын, сондықтан да оның уақытқа қарамай адамдардың соңынан ере беретінін ұмытпауымыз керек. Ақындардың, жалпы, шығармашылық адамдарының соңынан шарап туралы сөз әлі де қалмай келеді.
Жамбыл облысы