Теннистен Аустралия ашық чемпионатының жұптық бәсекесінде өнер көрсетіп жатқан қазақстандық Анна Данилина турнирдің ширек финалына жолдама алды.
Данилина бразилиялық Беатрис Аддад Майямен бірге үшінші айналымда испаниялық Алена Большова мен норвегиялық Ульрикке Эйкеримен шеберлік байқасты. Испаниялық-норвегиялық жұп бірінші партияда 6:4 есебімен басымдық танытқанымен, екінші сетте Беатрис пен Анна 6:3 есебімен есе қайтарды. Үшінші, шешуші партияда қазақстандық-бразилиялық жұп 1:4 есебімен жеңіліп жатып, таразы басын теңестіре білді. Содан кейін тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (10:5). Енді Анна мен Беатрис жартылай финалға шығу үшін швециялық Ребекка Петерсон – ресейлік Анастасия Потаповамен ойнайды.
Сондай-ақ осы турнирдің жасөспірімдер арасындағы бәсекесінде сынға түсіп жатқан қазақстандық Максим Батютенко жарысты сәтті бастады. Теміртау қаласының тумасы бастапқы кездесуін ұлыбританиялық Мэттью Ранкинмен өткізіп, екі сетте 6:4, 6:3 есебімен жеңіске жетті. М.Батютенко екінші айналымда франциялық Артур Хеа немесе литвалық Эдас Бутвиластың бірімен кездеседі.