Ұлы дала тарихы ол тек қарға тамырлы қазақтың ғана тарихы емес, тұтас адамзаттың алтын арқауы, түп-тамыры десек, қателеспеген болар едік. Барлық жол Римге апаратын болса, сол жолдардың дені қазақ сахарасын көктей өтеді. Тұтастай алғанда дүниежүзі тарихы – қазақтың да байырғы көне шежіресі. Бірақ, өкінішке қарай, еліміздегі сол тамыры терең бағзы тарихтың көп беттері небір зобалаң зұлматтардың кезінде аяусыз жыртылды, отқа өртелді. Адам баласының тарихи санасын талқандасаң, ең алдымен танымы таяздайтыны белгілі. Осы ойды орайлы пайдаланған отарлаушылар қазақ даласына анталай кіріп, басқыншылықты алдымен тарихи маңызы зор көне нысандарымызды қиратудан, ескі жәдігерлерімізді жермен-жексен етуден бастады.
Арыға бармай-ақ, кешегі «Қаралы қаңтар» трагедиясында да ұлттық құндылықтарымыз жазықсыз жандармен бірге жапа шекті. Мәселен, Алматы қаласындағы Қазақстанның Мемлекеттік Орталық музейіне бүлікшілер 5 қаңтар күні шабуыл жасаған уақытта 300 мыңға жуық тарихи жәдігеріміз, баға жетпес байлықтарымыз, құнды қазыналарымыз оп-оңай отқа орана жаздаған, қанды қол қарақшылардың аяусыз талауына түсуге аз қалған. Бүлікшілер аталған мұражайға басып кірген бойда адамзатқа түгел ортақ құнды мұра «Алтын адамды» және музейдегі алтын заттарды іздепті. Ең қорқыныштысы, сол музейді сойылды содырлардан мұражай қызметкерлерінің шыр-пыр болған қыз-келіншектері өздері қорғағандығы.
Алматыдағы Мемлекеттік Орталық музей директорының орынбасары Бибігүл Дәндіғараеваның журналистерге берген сұхбатын оқығанда адамның төбе құйқасы шымырлайды. «Қалада оқыс жағдай басталған кезде музейде жеті қызметкер қалып, басқаларын үйлеріне қайтарып жібердік. Түстен кейін музейге таяу орналасқан жердегі ғимараттарға шабуыл жасалып, өртеніп жатқанын байқадық. Шамамен сағат 16.00 кезінде 200-дей адам музей ғимаратына кірді. Жүгіріп алдарынан шықтым. Барлығы дерлік жастар. Бар дауысыммен айқайлап, ештеңеге тиіспеуін өтіндім. Сөзге тоқтамай, электронды құрылғыларды қирата бастады. Арасында біреулері менің сөзімді естіп, қалғанына тоқтау салды. Бұл заттардың барлығы – ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Сындырмаңыздаршы, бұларды өртесек, біздің тарихымыздан ештеңе қалмайды. Ертеңгі күні сіздерге керек болады дедім. Тыныштық орнатып, менен «Алтын адамның» оригиналы қайда?», «Алтын заттар қайда тұр?», «Қылыштар бар ма?» деп сұрай бастады. «Алтын адамның» түпнұсқасының бізде емес екенін айттым. Бұл уақытта музей залдарында негізгі жарық емес, кезекші жарық шамдары жанып тұрған. Соның көмегі тиді ме деп ойлаймын, кейбір заттар қараңғыда анық көріне қоймады. Музей туралы, музейдің қазір және болашақта не үшін керек екенін тоқтамай айта беріппін. Араларына кіріп, бірде ортасына шығып, барынша көндіруге тырыстым», дейді Б.Дәндіқарақызы.
Бұл нені білдіреді, бұл – біздің мемлекет ең алдымен осындай мұражайлардың, құнды құжаттар жинақталған архивтердің, көне қолжазбалар сақталған кітапханалардың күзет қызметін дереу күшейту керектігін көрсетеді. Әйтпесе, қарулы қақтығыстар кезінде адамдармен қоса осындай тарихи бағасы зор құнды мұраларымыз да түп-тамырымен біржола жойылып кетпесіне кім кепіл?
Жойылып кетпесе емес, сол Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде Qazaqstan ұлттық телеарнасының ғимараты зардап шегіп, ондағы «Алтын қор» қоймасы мен серверлер бөлмесі толық жалынға оранған болатын. Сорақы сойқан кезінде телевизия қайраткерлері Кенжеболат Шалабаев, Камал Смайылов, Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза сынды алып тұлғаларға қойылған ескерткіштердің де күл-талқаны шыққан. 16 мыңға жуық бейнетаспа жинақталған «Алтын қор» былайша айтқанда бір-ақ сәтте көзден ғайып болған.
Біз осы оқиғалардан зор сабақ алуға тиіспіз. Қазақ тарихына, оның дәстүріне, тіліне, руханиятына қатысты кез келген жәдігер біздің баға жетпес байлығымыз, кешегі мен келешекті жалғап жатқан көне көпір. Біз оларды көзіміздің қарашығындай сақтай білуіміз керек.
Бір кездері атақты ғалым Ломоносов та тарихпен шұғылданып кетіпті. «Неге бұлай істедің?» деген әріптестерінің сұрағына: «Ұлттың санасын қалыптастырудағы тарихтың атқарар міндетін өзге бірде-бір ғылым атқара алмайды», деп жауап берген екен. Шынымен де, тарихы тып-типыл, жермен-жексен болған ұлттың ұлағат биігіне көтеріліп кетуі мүмкін емес жағдай.
«Алтын адам» дегеннен еске түсіп отыр, сонау Сақ заманынан сыр тартатын алтын ханзаданы біз әлі күнге дейін ЮНЕСКО-ның Мәдени мұралар тізіміне тіркей алмай келеміз. Жалғыз «Алтын адам» емес, одан кейін де қазақ даласынан табылған қаншама артефактіміз халықаралық деңгейде қорғалуы керек-ақ, бірақ өкінішке қарай өз тарихымызды өзгелерге таныстыруда, оның насихаты мен қамқорлығын қолға алуға келгенде тым самарқаумыз.
Мәселен, ұлт ұясы Ұлытау төрінде тұрған Жошы хан кесенесі де – бүгінде бүкіл әлем таңдайын қағып отырған таптырмас тарихи нысан. Шыңғыс хан мен оның әулетінен жер бетінде қалған жалғыз белгіні алайда біз өз деңгейінде қадіріне жетіп, қастерлеп отырған жоқпыз. Жыл сайын ағылып жатқан туристер аталған киелі мазарды қалай болса солай аралап көріп, маңайын бүлдіріп, аспан астындағы мұражай аса бір қамқорлық көріп тұр деуге келмейді. Жошы хан кесенесіне апаратын жолды айтпағанда, ұлы қаған Шыңғыс ханның тұңғыш ұлы, қазақ хандарының түп атасы мазарының маңы бұл күнде ортақ қорымға айналып кеткен.
Аталған тарихи нысанның аумағын кең етіп қоршап, әуелгі қалпын әлі де сақтап қалуға тырыспасақ, ұлы қағанның қасына барып жатуды дәреже көретіндер көбеймесе азаймайтындай... Бәрін былай қойғанда, үлкен аруақты сыйламай, қымбат кірпіштен күмбездерін көкке тірей мазар соқтырып Жошы ханнан жоғары жатып алудың өзі ыңғайсыздау емес пе, қалай?!
Жошы хан мазары тұрған тарихи кешен бүгінде тек Шығыс елдері үшін ғана емес, жалпы бүкіл әлемдегі саяхатшылар мен зерттеушілер үшін зор қызығушылық тудырып, туристік тартымды орынға айналып отырғаны сөзсіз. Сондықтан көне нысанды көзіміздің қарашығындай сақтап, оны да келешекте ЮНЕСКО-ның «Дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне» енгізу керек. Әйтпесе, кеше көзіміз көргендей, аруақ сыйламайтын, оны құрметтеуді Құдайға серік қосу деп келте ойлайтын кейбір топ мұндай кесенелерге де кесірлерін тигізуі әбден мүмкін.
Айта берсек, қазақ даласының әр қиырында киелі, қасиетті кесенелер жетерлік. Газетімізде басылым басшысы, тарихшы ғалым Дархан Қыдырәлінің «Қазыналы Созақ – ұлт руханиятының қайнары» атты жуырда жарық көрген мақаласында да тура осындай тарихи маңызы зор көне кесенелердің әлі де қараусыз қалып келе жатқаны жайлы айтылып кетеді. Орталық Азияға дін тарата келген Ысқақ баб, Ұлық Ұлыстың рухани ұстыны – Баба Түкті Шашты Әзіз және Қарахан дәуірінің ұлы әміршісі Тамғаш Хасан Боғра хан (Қарабура әулие) мәңгілікке дамылдаған қасиетті Созақ өңірі бұл күнде мемлекеттің қамқорлығына толық алынбағаны көңілге қаяу салады. Автор атап өткендей, бұл өңір қазақ халқымен қатар, түбі бір түркі жұртының да қастерлі мекені.
Сол себепті де ешқандай мерейтойлық даталарды күтпей, жауын-шашынға шайыла мүк мүжіп, жел жеміріп, одан қалса адам қолымен жасалатын түрлі зардаптарға ұшырамай тұрғанда аталған нысандардың барлығы дереу археологиялық, тарихи-мәдени зерттеулер арқылы жан-жақты зерделеніп, қамқорлыққа алынғаны жөн. Әйтпесе Д.Қыдырәлі жазып отырғандай, бұл киелі мекендер де әуелгі келбеттерінен әжептеуір ауытқыған, төңірегіне бай-бағландардың сәулетті бейіттері бей-берекет орналасқан. Сондықтан қастерлі мекенді мемлекет қарауына алған жөн деп ойлаймыз.
Жалпы, мұндай мұралардың жойылып кетуі тек ұлттың рухани байлығына ғана нұқсан келтірмейді, сонымен бірге елдің экономикалық әл-ауқатына да кері әсерін тигізеді. Себебі шетелден ағылатын туристер бұл қазақ даласына біздің бет-әлпетімізді көруге емес, осындай тарихи құнды жәдігерлерді көріп, тануға келеді.
Шынын айтқанда, тарих археологиялық ұсақ бөлшектерден тұрады. Егер оның бір ғана кесегі жоғалып, не болмаса зақымдалса оның ақиқатына, түп бастауына оралу оңайға соқпайды.
Сондықтан ел егемендігімен бірге қолымызға тиген, тарихи құнды қазыналарымызға айналып үлгерген баға жетпес байлықтарымызды бір кісідей қорғай білгеніміз жөн.