Covid-19 инфекциясының таралуы бойынша бір аптадан бері «қызыл аймақта» тұрған Ақтөбе облысында 19 қаңтарда – 459, 20 қаңтарда 586 науқас тіркелді. Осылайша екі тәуліктің ішінде күнделікті өсім 127 адамға жетті. Үй карантиніне 5 608 адам алынған.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанованың айтуынша, әзірге өңірде «Омикрон» штамын жұқтырғандар тіркелген жоқ. Ауруханаға науқастар негізінен «Дельта» штамының белгілерімен түсіп жатыр. Жұмадан бастап инфекция таралуының жылдамдығына байланысты театр, филармония, концерт залдары, түнгі клубтар, караоке, кинотеатрлар қызметіне тыйым салынды. Алайда Ashyq бағдарламасымен келушілерге түнгі сағат 12-ге дейін қаладағы қоғамдық тамақтандыру орындарының есігі ашық. Қазіргі уақытта Ashyq бағдарламасына қаладағы 4 443 мекеме қосылған.
Коронавирус індеті таралғалы бері өңірде 38 280 жағдай тіркелсе, оның ішінде ауру белгілерімен 28 858 адам, жұқпалы дерттің симптомсыз түрімен 9 422 жағдай тіркелген. 34 594 науқас жазылып шықты.
Ауыл мектептері мен оқушылар саны 600-ден аспайтын қала мектептері штаттық режімде жұмыс істей береді. Ал оқушылар саны 600-ден асатын білім беру ұйымдары онлайн оқуға көшсе, мектеп әкімшілігі шешімімен 1-2-сынып оқушыларының штаттық режімде оқуына және 3, 4, 5-сыныптарда кезекші сыныптар ашуға рұқсат етілді. Колледждер мен ЖОО студенттері аралас форматта оқиды. Вакциналаудың толық курсын алған студенттер мен оқушылар штаттық режімде оқуын жалғастырады.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Аманжолованың айтуынша, осы оқу жылында 160 мектептен КВИ жұқтырған 1 135 оқушы тіркелді. Соның ішінде 295 оқушының каникул кезінде, ал 840 оқушының сабақ басталғалы жұқтырғаны белгілі болды. Қыркүйектен бері ЖОО студенттері арасында 44, орта оқу орындары студенттері арасында 99 жағдай тіркелді. Оқытушылар арасында 152 адам осы дертпен сырқаттанды.
Қазір өңірде 12-17 жасқа дейінгі жасөспірімдерді Pfizer екпесімен егу жалғасып жатыр. 5 606 жасөспірім бірінші құраммен, 3 381 жасөспірім екінші құраммен егілді. 732 жүкті әйел де Pfizer екпесін алды.
Өңірдегі инфекциялық стационарда 2 729 кереует жасақталып, онда 247 науқас ем қабылдап жатыр. Ал сырқаты ауырлаған 17 адам жансақтау бөлімінде. Айта кету керек, қаңтардың ішінде КВИ жұқтырып, дерті асқынған 6 адам қайтыс болды. Соңғы мәлімет бойынша, инфекциялық кереуеттер жүктелімі – 49,8%, реанимациялық кереуеттер жүктелімі 22,6%-ды құрайды. Эпидемиялық жағдай өршуі мүмкін деген болжаммен артығымен 2 233 орын дайындалды. Ақтөбеде ПТР-тест тапсыратын 14 зертхана бар.
Былтыр ақпан айынан бастап облысқа жеткізілген екпелер саны – 1 млн 890 дананы құрады. Осы уақытқа дейін Ақтөбе облысында 382 980 тұрғын екпенің бірінші құрамымен, 358 591 адам екінші құрамымен егілді. Соңғы дерек бойынша, ревакциналаудан 43 421 адам өтті.
Ақтөбе облысы