Өскемендегі кітапханалар өңір зиялыларының басын қосып, рухани шаралар жиі өтеді. Жуықта облыстық Балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Балалар – кітап әлемінде» атты қызықты көрме ашылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялағаны белгілі. Соған орай Балалар және жасөспірімдер кітапханасы биыл жаңа жобаларды қолға алды. Жүздеген жобалардың бірі «Балалар – кітап әлемінде» атты кітап көрмесінің ашылуы еді.
Көрмеге балаларға арналған классик жазушылардың туындылары, халық ауыз әдебиетінің озық үлгілері, балалар энциклопедиясы және бүлдіршіндерге арналған ертегі кітаптар қойылды. Сондай-ақ қызықты оқиғаларды баяндайтын әртүрлі бағыттағы кітаптардан тұратын «Әдеби сандық» өз оқырмандарына ерекше көңіл күй сыйлады. Оқушылар осы көрмені жыл көлемінде тамашалап, өздерін қызықтырған кітаптарын алып оқи алады.
– Кітапханамыздың кішкентай оқырмандары үшін өздері суретін салған, «Книжки-малышки» сериясымен шыққан кітапшалар да көрме сөрелерінен орын алады. Бұл біздің болашақ суретшілеріміз бен жазушыларымыздың алғашқы туындыларының бірі десек те болады. Бұдан бөлек жазушы, журналист Марат Қабанбаевтың «Жиһанкез Тити» әңгімесін оқырмандардың сұранысы бойынша балалар жазушысы, ұстаз Бану Ахметбекова орыс тіліне аударды. Бұл кітап «ВКПК АРГО» баспасынан басылып шығып, өз оқырмандарына жол тартты, – деп көрмемен таныстырды кітапхана қызметкері Талант Мейрамбаев.
Кітап көрмесінің ашылуында Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, жазушы Әлібек Қаңтарбаев жас оқырмандарды атаулы жылмен құттықтап, жүрекжарды тілегін жолдады.
– Адам баласының ең жақыны да, ең жақсы көретіні де – бала. Тіпті өмірдің сәні мен мәні де осы балада. Қазақта «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар», «Бала – адамның бауыр еті» дегендей мақал-мәтелдер өте көп. Адам болып дүниеге келген соң, мейлі еркек, мейлі әйел болсын, меніңше бір ғана мұратпен өмір сүретін шығар, ол – өмірге ұрпақ әкелу, артыңа ұрпақ қалдыру. Жалпы, Президентіміздің осы жылды «Балалар жылы» деп атауы тегіннен-тегін емес. Халқымыз «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді. Бесік деген – мемлекет. Соның саясаты. Соның идеологиясы. Сондықтан балаға бір жылды ғана арнап, шаруаны бітіріп тастадық деп шіренуге болмас. Бұл тақырып – Президенттің де, Парламенттің де, әрбір ата-ананың да күн тәртібінде мәңгілік тұруы шарт, – деді қаламгер.
Айта кетерлігі, кітапхана ұжымы ұйымдастыратын шаралардың көбі жастарды кітап оқуға тарту мақсатында атқарылады. Нәтиже жоқ емес. Күн сайын оқырмандар санының артып келе жатқаны қуантады.
ӨСКЕМЕН