Мемлекет басшысының зардап шеккен бизнесті қалпына келтіру және қаланы одан әрі дамыту туралы тапсырмаларын орындау бойынша Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала активінде алматылықтардың әл-ауқаты мен жұмыспен қамту тиімділігін арттыру шараларына қатысты нақты тапсырмалар берді.
Тұрғындар жағдайының жақсаруы қала экономикасының дамуымен тығыз байланысты. Осы орайда мегаполис басшысы «Біз сауданың, оның ішінде онлайн-сатудың жаңа форматтарын енгізу арқылы нарықтық саудаға негізделген экономиканың қалыптасқан форматынан ауытқитын боламыз», деп атап өтті. Осы бағытта қала әкімдігі цифрландыру, креативті индустрия, өнеркәсіп және басқа да жоғары өнімді салаларды дамыту есебінен экономиканың құрылымдық реформаларын жүзеге асыруда.
Ал қалалықтарды жұмыспен қамту – өмір сүру сапасын арттырудың маңызды қадамы әрі іскерлік белсенділікті ынталандырудың негізі. Әкімнің айтуынша, бүгінде сұранысқа ие кадрлардың жетіспеушілігі еңбек нарығының нақты қажеттілігіне сәйкессіздікті көрсетіп отыр. «Осыған байланысты білім, қоғамдық даму, әлеуметтік әл-ауқат басқармаларына кадрларды даярлау кезінде колледждердің бағдарламаларын қайта қарауды тапсырамын», деді Б.Сағынтаев. Сонымен бірге жастарды кәсіптік техникалық даярлауды және жұмыссыздарды қайта оқытуды күшейтіп, кейіннен жұмысқа орналастыру көзделіп отыр. Жеке сектордан жүйелік операторларды тарту арқылы білікті жұмыс орындары құрылады. Соңғы 2 жыл ішінде «Кәсіп алаңы», «Алматы Бизнес» бағдарламалары бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, 200 мыңға жуық адамды қамтитын Qolday кәсіпкерлік орталығының курстары жүргізілді.
Қала басшысы болашақта экономиканың түрлі саласындағы қажеттіліктерді болжау үшін жаңа мамандықтардың өңірлік атласы әзірленетінін атап өтті. «Өткен жылдан бастап біз аудандардың мықты жақтарын бағдарлай отырып, кластерлік тәсілді қолдана бастадық және жетекші университеттерді – Сүлеймен Демирел, Алматы менеджмент университеті, ҚБТУ, ХАТУ сияқты оқу орындарын аудандардың стратегиялық дамуына жұмылдырдық», деді Б.Сағынтаев.
Осының барлығы инновациялық жобаларды дамыту үшін жаңа жағдайлар жасауға және жаңа кәсіби құзыреттер мен жаңа жұмыс орындарына қажеттілікті қалыптастыра отырып, әрбір ауданды күшейтуге мүмкіндік береді. Биылдан бастап жастар практикасы бойынша жалақы 25-тен 30 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. «Біз өз тарапымыздан жергілікті бюджеттен қосымша 10 АЕК-ке төлемді ұлғайтамыз, осылайша жалақы 122,5 мың теңгені құрайтын болады. Ал жұмыс істейтін мүгедектер үшін әлеуметтік жұмыс орындарын субсидиялау мөлшері 63 мыңнан 92 мың теңгеге дейін ұлғайтылады. Жалпы, барлық шараның арқасында кемінде 50 мың жұмыс орны ашылады» деді қала әкімі.
АЛМАТЫ