Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайына − 50 жыл. Мұражай заттық және рухани құндылықтарды танытуда, ғылыми тұрғыда зерттеп оның нәтижелерін насихаттауда, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін мекеме ретінде өскелең ұрпақтың бойында тарихи сананы қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Мәдени мұраны сақтау – стратегиялық маңызы бар мемлекеттік мәселе. Ұлттық дәстүр, әдеби және мәдени құндылықтар, тарихи жәдігерлер ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын асыл қазына.
Сол асыл қазыналарымызды бір кездері жоғалтып ала жаздағанымыз ақиқат. Дегенмен толық құрдымға кетті деуіміз негізсіз болар. Қандай дүниенің болсын жоқтаушысы, іздеушісі болатыны сөзсіз. Сонау жетпісінші жылдарға көз жүгіртсек, ел ішінде есімі ерекше аталатын тұлғалар жетерлік. Солардың бірегейі көрнекті ғалым, этнограф, ұлт руханиятының жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков еді.
Өзбекәлі Жәнібеков еліміздегі көптеген музейлердің ашылуына бастамашы болғаны белгілі. Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап жүріп құнды жәдігерлерді жинақтаған еңбегі орасан. Абзал аға жетпісінші жылдардың басында Торғай облысының орталығы − Арқалық қаласында этнографиялық музейінің ашылуына мұрындық болды. Тіпті соның алғашқы экспонаттарын өз қолымен әкеліп тапсырып, өлкеміздегі мұражай жұмысының өркендеуіне қомақты үлес қосты.
Бүгінде сол Өзағаң негізін қалаған киелі шаңырақтың құрылғанына 50 жыл толып отыр. Алғашында ол А.Иманов пен Ә.Жангелдинге арналған Торғай облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ретінде ашылған. 1998 жылдардан бастап «Дала өлкесі мұражайы» деп атала бастады. Осы жылдар ішінде мұражай қорында 50 мыңға жуық экспонат жинақталды. Қазіргі таңда мұндағы 75 мыңға жуық жәдігер, 11 экспозициялық залға орналастырылған.
Айталық, алғашқы қауымдық құрылыстан жаңа заманымызға дейінгі тарихи-мәдени жәдігерлердің түр-түрі бар. Оның ішінде өлкемізден шыққан тарихи тұлғалардың қолданған дүниелері, ұлт-азаттық көтерілісте пайдаланылған қару-жарақтар мен батырлардың жеке заттары, алашордашылардың еңбектері мен өздеріне тиесілі тұрмыстық бұйымдар, археологиялық қазба жұмыстары кезінде өлкемізден табылған түрлі қолданбалар, Ұлы даламыздың табиғатын тұрақ қылған аң-құстардың, жан-жануарлардың бейнелері, сонымен қатар шежірелі Торғай даласы мен Арқалық қаласының қойнауындағы қазба байлықтар бар. Салт-дәстүріміз бен тұрмыс тіршілігімізді баяндайтын өлкеміздің өнер туындыларын да таба аласыз. Қысқаша айтқанда, ел-жердің тамыры терең тарихы мен тағылымға толы тіршілігімен танысуға болады.
Мұражайдағы ең құнды жәдігерлердің бірі − «Сәукеле». Оны Ө.Жәнібеков өзі арнайы тапсырыспен атақты шебер Қырым Алтынбековке жасатқан. Мақсаты – қазақ қызының бағасын көтеру және ұрпақты ұлттық тәрбиемен сусындата отырып, безендірілген өрнектер арқылы Торғай өңірінің тұрмысын көрсету. Өзағаң тапсырған алғашқы жәдігерлердің бірі «Ағаш астаудың» да өзіндік тарихы бар. Астау ағашының асыл екенін білген жайсаң жанның байқампаздығын мойындамасқа болмас. Сонымен қатар қорымызда Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс батыры Сары Қошқардың кіреуке сауыты сақталған. Батырдың бұл сауыты кейінгі ұрпақтарына батылдық қасиетін дарытып тұрғандай сезіледі. Тағы бір асыл жәдігер − Амангелді батырдың қанжары. Қанжар мұражай ашылған жылдары тапсырылған. Батыр оны Ғапбас Саламатұлы есімді сарбазына ерлігімен көзге түскені үшін сыйға тартқан көрінеді. Сыйға алушы батыр берген қанжардың құрметіне ұлының есімін Қанжар қойған деседі. Кейкі батырдың отбасына тиесілі кебежені де қазақ үйдің төрінен көруге болады. Батыр жорық кезінде жортуылдап жүргенде Нұралы ақсақалдың үйіне қонақ боп түскен. Барар жері алыс болғасын алып жүрген заттарымен бірге кебежені сол кісінің үйіне қалдырған екен. Ақсақал кебежені Кейкінің көзіндей сақтап, кейін мұражайымызға әкеп тапсырған.
Қарап тұрсаңыз осындағы әр жәдігердің сыры сан алуан. Ата-бабамыз қалдырған осынау аманатты арқалап, дәріптеп келе жатқан музейдің зор еңбегін бағаламасқа болмас. Келушілердің де көңілінен шығып, рухани байлық сыйлай білген мұражайымызға кім келіп, кім кетпеді десеңізші.
Ұлтымыздың абыз қайраткеріне айналған Дінмұхаммед Қонаев атамыз бас болып, Ұлы Отан соғысының қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев, ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев, сондай-ақ Әбсаттар қажы Дербәсілі, Мәриям Хәкімжанова, Абдолла Қарсақбаев, Тұрсынбек Кәкішев, Иманғали Тасмағамбетов, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Ермек Серкебаев сынды өнер иелері мен ұлт жанашырлары бірнеше рет келіп, сыйлы қонақтарымызға айналды. Өлке тарихымен танысқан олар таңдай қағып, тілектерін білдірген. Ол мұражайымыз үшін зор мақтаныш, үлкен мәртебе.
Сонымен қатар мұражай қаламыздың барлық мәдени мекемелерімен, білім ошақтарымен, оқу орындарымен бірлесе жұмыс атқарады. Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институының студенттерін іс-тәжірибелік практикадан өткізіп, ғылыми қызметке даярлайды. Осындай сан түрлі салаға бөлінген қызмет түрлерін қызметкерлер бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымшылдықпен атқаруда.
Іргетасын Өзағаң қалаған мұражай ғимараты 2020 жылы күрделі жөндеуден өткізіліп жаңа құрылымда жұмыс жасауға тапсырылды. Заманауи жабдықтармен, технологиялармен қамтамасыз етілді. Жас мамандар жұмысқа тартылды. Тек жәдігерлерді экспозициялап, залдарға орналастыру жұмыстары шешімін толық таппай тұр. Ол үшін бюджеттен қаржы бөлініп, жаңа стандартта орналастыру керек. Алдағы уақытта ол жұмыстардың да реті жолға қойылады деп сенім білдіреміз. Әйтсе де, жәдігерлерді уақытша көрме қою арқылы келушілердің назарына ұсынып отырмыз. Елу жылдық мерекені атап өту үшін түрлі жұмыстар мен жобалар жоспарлануда. Биылғы жылы айтулы мерейтой иелерінің құрметіне орай өткізілетін іс-шараларда атқаруға тиіс жұмыстар легі де ретін тауып жатыр.
Ұжымның жылдар бойы атқарған игілікті істері мен жақсы дәстүрі алдағы уақыттарда жалғаса бермек.
Ернұр Әуезхан,
Әсел Әбділдина,
Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының ғылыми қызметкерлері
Қостанай облысы