Одан бері алып таудың басынан ғасыр аунады. Теңіз қаншама мәрте толқыды, жолдар жаңарды, бірақ адамның санасы бәз-баяғы қалпында. Өзі ойлап тапқан кеселдің құрбаны болған дәуірдің бет-бейнесі қызыл ала қан. Енді жақынынан айырылған адамның көңілін тербетуге өмірдің шамасы жете ме екен...
XX ғасырдың басы. Испан тұмауы. Дәл қазіргі дүрбелең кезеңнің кескін-келбетіне қарап, сол сәттің бітімін ойша сызуға болатындай. Әбігерге түскен әлем әуелгі сырқаттың шырмауына оралды. Жаһандық індетпен жалаң қол алысқан дәрігерлер суретші Эгон Шиленің отбасын аман алып қала алмады. Қайғыдан қан жұтқан қылқалам шебері қайда барса да өз өліміне жолыға берді. Әрі қарай өмірінің мәні кетіп, мұңы қалғандай күй кешті.
Жан азабы жанына батқан шебер 1918 жылы «Махаббат» картинасын жазады. Бұл оның ажалының символдық хабаршысы еді. Ақыры Еуропа континентінің мыңдаған тұрғынының өмірін қиған қорқынышты дерт суретшінің де ғұмырына нүкте қойды. Әуелден-ақ шығармашылығы драмаға толы жас суреткер дүниеден қайтарын күні бұрын сезген деседі.
«Махаббат» картинасы тағы бір атақты аустриялық суретші Густав Климттің шығармашылығына тән гламурлық-мифтік стильде жазылған. Туындыдағы басты әрі жалғыз кейіпкер – аласапыран ішіндегі автордың өзі.
Жас жігіттің беті айқын үшбұрышты пішінді, мұрны қоңқиған, ерні үлкен келген. Ол бөлмеде не болып жатқанын білу үшін бір қырынан қарап тұр. Сондағы әңгімеге қосылу үшін портреттен кетуге дайын секілді. Ұзын кірпіктермен қоршалған жарқын көздері көңіл босатады. Жалпы, сыртқы келбеті өте ұқыпты жазылған, қоңыр көйлегі мен қысқа шашы әдемі үйлеседі. Бірақ тым әлжуаз. Өңі бозғылт-сары, бұл дерті меңдеген жанның дидары екені даусыз. Суретте анық сызылған фон жоқ, адам ешкімге тәуелді емес және ешкімге сенбейді.
Иә, бұл – жүрегі жоқ картина. Эгон – жүрек іздеген адам. Ең өкініштісі, әйелі мен құрсақтағы баласы індеттің құрбаны болды. Бір күнде, бір уақытта. Сол себепті кенеп іші бозғылт түстермен боялған, қараңғы әлемнің құрсауынан шыға алмаған жанның елесі көрінеді.