Сән әлемінің серісі Джорджио Арманидың бір әдемі сөзі бар. «Сәнді киіну – ерекшелену емес, есте қалу» деген. Осы «есте қалуды» әркім әртүрлі түсінеді. Мәселен, кейбір ұлы тұлғаларды киім киісінен, яки стилінен-ақ танып жатамыз. Олардың біртүрлі қылықтары әлемге әлдеқайда қызықты көрінеді. Мұны тартымдылық пен талғам таразыға салынбайды деп түйсінген жөн шығар. Әсте басқаша ойлауға болмайды.
«Стиль – үнсіз ғана өзіңізді мойындату тәсілі», дейді дизайнер Рэйчел Зои. Бұған қосылмасқа шара жоқ. Кейде адамның жүріс-тұрысына, болмыс-бітіміне, үстіндегі киіміне, тіпті шаш үлгісіне қарап, қай саланың маманы екенін болжауға болады. Бұл – өмір қағидасы. Сіздің әрбір затқа өзіндік көзқарасыңыз болмаса, ешкім емессіз. Аспаннан біреу айды көрсе, біреу жұлдыз іздейді. Демек бұл өзіңізге деген құрмет, ішкі әлеміңіздің ортамен қарым-қатынасы.
Мақаламыздың бастауы мода болғандықтан, сәнді киінетін саясаткер Уинстон Черчилльді мысалға ала кетейікші. Әсіресе мойынына таққан «қара көбелегін». Бұл көбелек даңқты тұлғаның тарихта қалуына өзіндік рөл атқарған аксессуар.
Айтпақшы, біз Черчилльді әр қырынан сипаттайтын бесінші мақаламызды жазып отыр екенбіз. Мұның өзі жоғарыда тілге тиек еткен «есте қалу» теоремасымен түйіседі.
Ағылшындар бұл затты «баттерфляй» десе, орыстар «бабочка» деп атайды. Ал біз қазақша «көбелек» деп атасақ болатындай. XIX ғасырдың ортасында екі симметриялық ілмекпен байланған ерекше пішінді мойынға тағатын «көбелектер» пайда болды. Мұны ағылшындар көршінің көзін ойып алуға арналған зат деп әзілдеген екен.
Ақиқатында, «көбелек» өзінің канондық формасын 1904 жылы-ақ алған еді. Оған дәлел атақты италиялық композитор Джакома Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсы. Шығарманың премьерасында бүкіл оркестр сахнаға ерекше «көбелектер» тағып шыққан екен.
Сол дәуірде «көбелек» халықты қарама-қарсы екі топқа бөлді. Ақ түсті «көбелекті» төмен таптағы адамдар кисе, ақсүйектер қара смокингпен қара «көбелек» тақты. Соған қарап қоғам ішінара бөлінді. Бұл тіпті дәстүрге айналды десе де болады. Сенбесеңіз, әйгілі музыканттардың, академиктердің суретіне қараңыз. Бұл ретте әнші Фрэнк Синатраны, көпшіліктің сүйікті кейіпкері Джеймс Бондты, сосын Ұлыбританияның премьер-министрі болған Уинстон Черчилльді түстеп көрсетуге болады.
«Уинстон Черчилль – психологияның негізгі заңдарын тамаша білген. Өзінің ерекше қалпағымен, габаритті сигарымен, сәнді «көбелектерімен» және V әрпіне ұқсас саусақтарымен есте қалды. Мен Лондондағы француз елшісін білемін. Ол ағылшын тілінде бір ауыз сөз сөйлей алмайтын, бірақ оның түрлі-түсті «көбелегі» британдықтарға ерекше әсер етті. Тіпті бантикке ұқсас нүктелі «көбелектері» ұзақ уақыт лауазымын сақтауға жәрдемдесті», дейді француз жазушысы Адре Моруа.
1930 жылы Голливуд жұлдызы Марлен Дитрих «Марокко» фильмінде ерлердің смокингін киіп, мойынына «көбелек» тағады. Осылайша, оны әйелдер гардеробына енгізеді. Әсіресе 1980 жылдары қыз-келіншектердің блузкаларында «көбелектер» қаптады. Орыстың даңқты әншісі Алла Пугачева көбелекті көп жарнамалағандардың қатарында. Тіпті сол арқылы қазақтың қара көздері қызығып, сатып ала бастады.
«– Алдымен ешкі сақалыңды қыршы, ол сенің костюміңе сәйкес келмейді!
Менде костюм жоқ қой…
– Ал екіншіден, костюм ал!» Осы бір қысқа диологты «Сенің анаңды қалай қараттым» атты шетелдік телесериалдан оқып қалып едік. Бұған ғажайып жазушы Оскар Уайлдтың «Барлық ұсақ-түйектерде шынайылық емес, стиль маңызды. Барлық маңызды мәселелерде де» деген тұжырымын қосып қойыңыз.
Олай болса, қаламгер Уильям Фолкнер, суретші Сальвадор Дали, әртіс Чарльз Чаплин секілді алыптардың өнерінен бұрын, ерекше стилінің әлемді еліктіруі жайдан жай емес-ау. Бұл тізімді жалықпай жалғай беруге болады, әйтсе де, осы үшеуінен-ақ көп нәрсені аңғарамыз.
«Сән сәулет сияқты: ең бастысы – пропорция». Мұнымен сән сұлуы Коко Шанель не айтқысы келді екен?! Қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?!