Соңғы екі жылда дүниежүзі бойынша денсаулық сақтау саласы мен жаһандық экономиканы өз ырқына бағындырған пандемияның аяқталуы жайлы сөз қозғала бастады. Адамзат тарихындағы ең ірі эпидемиялық дағдарыстың расымен аяқталғаны ма? Әлде әлем көшбасшылары барлық саланы тежеп, дамуына кедергі болған жұқпалы індеттен шаршады ма?
Соңғы апталарда әлемнің түкпір-түкпірінде пандемияға қатысты көптен күткен жағымды хабарлар айтылып жатыр. Екі жылда 5,5 миллионнан астам адамның өмірін жалмаған індеттің соңы көрінгендей. Кейбір елдер COVID-19 індетін кәдімгі маусымдық тұмау секілді қарастыратындарын мәлімдеді. Бір анығы – бұл хабарламалардың қаншалықты шындыққа жақын екенін бірден кесіп айту мүмкін емес. Соңғы жылдары ахуалдың қалай күрт өзгеретініне етіміз үйренді. Сол себепті пандемияның аяқталуы жайлы естіген алғашқы хабарлар елең еткізбей қоймады.
Таралу деңгейі әлдеқайда жоғары «Омикрон» штамын жұқтырғандар саны күрт өсуіне қарамастан, Англия мен Ирландия елдегі қауіпсіздік шараларын жеңілдету туралы шешім қабылдап отыр. Оның басты себептерінің бірі коронавирустың жаңа штамы осыған дейінгі түрлерінен жеңіл өтіп жатыр. Сондықтан кейбір елдер оны тұмаудың бір түрі ретінде қарап, қауіптенуді қойды. Оның үстіне бизнес пен басқа да салалар жаңа штамм шыққан сайын әр толқынмен енгізілген қатаң карантин шараларынан шаршады.
Дания да алдағы уақытта барлық шектеулерді алып тастайтынын жариялады. Елдің денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 індетін бұдан былай қоғам үшін қауіпті деп санамайтынын мәлімдеген.
Испания, Ұлыбритания мен басқа да елдердің саяси жетекшілерінің ресми мәлімдемелерінен қоғам вируспен өмір сүруді үйренуі керек екені анық байқалады. Мәселен, Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрі COVID-тің ешқайда кетпейтінін, оған қоғам ретінде бейімделуіміз керек екенін айтып, Ұлыбритания Еуропада пандемияның эндемияға ауысуында көш бастадық деді.
«COVID ешқайда жоғалмайды. Бізбен ұзаққа тұрақтап қалатын түрі бар, тіпті мәңгіге қалуы мүмкін. Ал біз соған бейімделгеніміз жөн. Менің ойымша, біз Еуропада пандемияның эндемияға ауысуында көш бастап, әлемге бұл жағдайға қалай бейімделіп өмір сүруге болатынын көрсетіп келеміз», деді Саджид Джавид.
Сонымен пандемияны эндемия ауыстыратыны сөз болды. Қарапайым адамға бұл екеуінің де не екені белгісіз еді. Соңғы жылдары эпидемиология саласын түсінуге тырыстық. Екі жыл бұрын пандемиямен таныстық. Енді эндемия деп жүргендері не болды? Әйтеуір, бір қарағанда жақсы нышан секілді көрінеді. Пандемия дегеніміз – жұқпалы індеттің бүкіл әлемге таралғанын білдірсе, эндемия – індеттің белгілі бір аймаққа тән екенін анықтайтын ұғым. Сонымен енді COVID сырттан келген жұқпалы ауру емес, тұмау секілді әр аймақта кездесетін инфекция деп қабылдайтын боламыз.
Десе де, саясаткерлер халыққа жағымды жаңалық ретінде көрсетіп жатқан эндемия біз ойлағандай жеңіл ме? Осы мәселеге қатысты Оксфорд университетінің профессоры Арис Кацуракис (Aris Katzourakis) белгілі Nature басылымында өз пікірін жариялаған екен. Ол эндемия қауіпсіз дегенді білдірмейтінін және қоғамдық денсаулық сақтау саласында қауіп сейілмейтінін айтады.
«Эндемия» сөзі пандемияға байланысты жиі қолданылатын сөздердің бірі болды. Қате болжамдар орынсыз үмітке алып келді. Бұл COVID-19 табиғи түрде аяқталады дегенді білдірмейді. Тұмау мен суық тию эндемия екені рас. Ласса індеті, безгек пен полиомиелит те эндемия. Вакцинаға дейін шешек те солай болды. Эндемия да кең таралып, адам өліміне алып келуі мүмкін. 2020 жылы безгектен 600 мыңнан астам адам қайтыс болды. Сол жылы 10 миллион адам туберкулезбен ауырып, 1,5 миллион науқас қайтыс болды. Бұл «өмір бұрынғы қалпына қайта келсін» деп эволюция қоздырғыш патогенді өзі реттеп қойды дегенді білдірмейді», дейді эволюциялық вирусолог маман.
Оның айтуынша, вирустың жеңіл өтуіне қарап оны «еркіне жібергенімен», ол тағы өзгеріп, мутацияға ұшырап басқа бір түріне айналады. Мәселен, бір елде жағдай тұрақталды дегенімізбен, індет өршіген тағы бір елде жаңа штамм пайда болып, басқаларға жұға бастауы мүмкін. Оксфорд университетінің профессоры сондықтан вирус табиғи жолмен жоғалып кетеді деген түсінік қате екенін, арқаны кеңге салуға болмайтынын және вакцинаның теңдей таратылуын қамтамасыз ету керектігін айтады. Мамандар вакцинаны бәрібір салдыру керек деген пікірден айнымайтын секілді. Індетпен күресудің, оны ауыздықтаудың жалғыз жолы осы деп отыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да COVID-19 індетін эндемия ретінде қарастыру әлі ерте екенін ескертеді. Олардың айтуынша, вирустың эволюциясы белгісіз және пандемия жаһандық деңгейде әлі де өршіп тұр.
Сарапшылар сондай-ақ қазіргі пандемиядан да сабақ алу керек екенін айта бастады. Мичиган университетінің тарихшысы Дж.Александр Наварро 1918 жылғы тұмау пандемиясы кезінде америкалықтар қатаң қауіпсіздік шараларында өмір сүруден шаршап, кейін арақашықтық сақтау секілді сақтық шараларына қол сілтеп, қалыпты өмірге қайта оралуға асыққан. Жұқтырғандар саны азая сала халық бұрынғы өмірін аңсап, кәсіпорын иелері өндіріс орындарын қайта ашуға рұқсат беру үшін шенеуніктерге қысым жасай бастаған. Осылайша, пандемия аяқталды деп барлығын еркіне қоя бергенде тұмаудың жаңа толқыны келіп халықты әбігерге салған дейді ғалым.
Міне, осы секілді мысалдар «біз де асығыс шешім қабылдап жатқан жоқпыз ба?» деген ойға итермелейді. Алайда адамзат баласы қанша жасаса, жұқпалы аурулар да сонша уақыт бірге келе жатқанын ұмытпау керек. Ратгерс университетінің тарихшысы Иухет Варлик безгек, туберкулез, алапес және қызылша сияқты ауруларды мысалға келтіре отырып: «қоғамға әсер ететін қоздырғыш патогендер бір пайда болғаннан кейін, олардың басым бөлігі тұрақтап қалады» деп жазды. Жаппай вакциналаудың арқасында тек шешек толығымен жойылған.
Міне, осы өткеннің сабақтары індеттің толығымен жойылып, қалыпты өмірімізге қайта ораламыз деген үміттің одан әрі маздауына жол бермей тұр. Еуропа елдері қанша жерден оптимистік мәлімдеме жасағанымен, бұл жағдайдың толық бейнесі емес. Ескеретін, жауапкершілік танытатын мәселелер көп.
Шынында пандемия дүниежүзі бойынша халықтың шыдамына сынақ болғаны рас. Соңғы екі жылда әлемнің түкпір-түкпірінде ел билігінің шешімдеріне қарсылық білдіріп, наразы болған халықтың қарасы көп. Шенеуніктерге деген сенімнің жоғалуы, мемлекет енгізген ережелер мен шараларға деген қарсылық әлі күнге дейін жалғасып жатыр.
Індеттің қатаң шараларына наразы Канада халқы бейбіт шеруге шығып жатыр, өткен аптада Брюссельде үкіметтің індетті еңсеру шаралары мен вакциналауға қарсы шыққандар жаппай тәртіпсіздік орнатып, Бельгия полициясы су мен көзден жас ағызатын газ қолдануға мәжбүр болғаны белгілі.
Халық шенеуніктердің вакцина алуды міндеттеу секілді талаптары адам құқығын шектейтінін айтып, мұндай шешімдерді әркім өз қалауымен жасауы керек деген пікір білдіреді.
Канада астанасына ағылған жүк көлік жүргізушілері 15 қаңтарда күшіне енген Канадаға кіретін барлық жүргізуші вакциналанған болуы керек деген талаппен келіспейді. Америка Құрама Штаттары жүк көлік жүргізушілерінен екпе алуды талап етіп отыр. Ашынған жүргізушілермен қатар, көшеге үкіметтің індетке қатысты шараларына көңілі толмайтын өзге де тұрғындар өз талаптарын айтып шыққан.
Бұл әрекеттер халықтың карантин, міндетті вакциналау секілді шаралардан мезі болғанын көрсетеді. Сол себепті де кейбір Еуропа елдерінің маска тағу, көп адам жиналатын қоғамдық орындарда арақашықтық сақтау секілді ережелерді алып тастап, қалыпты өмірге орала бастағаны үміт отын сыйлағаны рас. Дегенмен, «әлі де өршіп тұрған індетті «еркіне жіберу» қаншалықты дұрыс?» деген сұрақтың пайда болуы заңды. Мамандардың пікірі мен тәжірибе көрсеткендей, жұқпалы ауру өздігінен жоғалып кетпейді. Вакцина алмаған халықтың әлі де көп екенін ескерсек, қатаң талап болмаса да, жеке сақтық шараларын сақтап жүру артық етпейді.