• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Қазақстан 01 Ақпан, 2022

Субсидия деген бір сарсаң

692 рет
көрсетілді

Субсидия ережелерінің жиі құбылуы отандық шаруа­лар­дың дің­кесін құртып болды. Құжат жинау­мен әлек болып, одан қал­ды күні-түні ғаламторға байланған фермерлер тиісті қара­жа­тына уақтылы қол жеткізе алмай жүр. Жақында Мемлекет басшысы өз мә­лімдемесінде бұл мәселеге ерекше тоқталып, демеу­қар­жы­ның діттеген жерге жетуін назарда ұстауды тапсырған еді. Әйт­песе, еліміздің кейбір өңірінде әкімдік қызметкерлері сы­бай­лас жемқорлықтың құрығына ілігіп, мемлекет қаржысын талан-таражға түсіріп келгені әшкере болған-ды.

Әйтеуір әлгі әшкере бол­ған жемқорлықтың қара тізі­мінде Павлодар облы­сы жоқ. Десе де, ұсақ шаруа­шы­лықтардың өзіне тиесілі қар­жы­ны ұзақ күтетіні секілді мәселелер бұл өңірді де айналып өткен жоқ. Мәселен, Май ауданындағы «Бейсен» шаруа қожалығының басшысы Нұрлыбек Байғалиев субсидия алуға ынтасы жоғал­ға­нын айтып отыр.

– Ақша ешқашан артық­тық етпейді ғой. Қой шаруа­шы­лығымен айналысып жүр­ген­діктен сол бағыттағы суб­­­си­­дияларға қол жеткізуге ты­­­ры­­сып көрген едім. Алай­да көсе-көлденеңдеген та­лап­­тар­дың көптігінен қо­лымды бір-ақ сілтедім. Ере­же­ге сай, қойдың әрқай­сы­сына электронды сырға тағу керек екен. Өзге де ма­шақаты аз болған жоқ. Есеп­теп қарасам, талаптарды орындауға кеткен шығын суб­сидияның қаражатымен бір­дей. Уақытымды сарп етіп, шығындалып құжат жинап сандалғанша, демеу­қар­жы­дан бас тарту әл­де­қай­да тиімді емес пе? Бұл – барлық шаруаға ортақ мәселе. Бұрын асылдандыру бағдарламасы шеңберінде әр ірі қараға 18 мың теңге субсидия қарас­ты­рылып, қаражатқа еш қиын­дықсыз қол жеткізетін едік. Жыл сайын ережелер өзге­ріп, шаруалардың жүй­кесін жұ­қартқаны рас. Айтпағым, субсидиялардың талаптары же­ңілдетілсе екен. Мемлекеттік қолдау еш­қан­дай қиындықсыз дітте­ген жеріне жету керек, – дейді шаруашылық басшысы.

Соңғы жылдары фермерлер субсидия алу үшін өтінішті Qolday.kz порталы арқылы тапсырып жүр­ге­ні белгілі. Облыс­тық ауыл шаруашылығы бас­қар­ма­сы­ның басшысы Нұрболат Мақашев алғаш­қы­да жүйе дұрыс жұмыс істемей, жиі істен шығып жүргенін жасырмады.

– Бұған дейін өтініш қағаз жүзінде қабылданып кел­ді. Ол уақытта шаруалар аудан орталығына, тіпті облыс орталығына қа­ты­науға мәжбүр болатын. Оның бәрі уақыт пен шы­ғын ғой. Бүгінде үйде отырып-ақ өтініш қал­дыра алады. Бастысы, электронды цифрлық қол­таң­ба қажет. Ғаламтор мәселесі қол­­байлау деуге келмес. Қа­зір интернет тарататын көп­теген қондырғы бар. Ар­тық­­шылығы сол, қара­жат бө­лу­дің ашықтығына қол жеткізілді. Шаруалар сайттан кім­нің өтініш бергенін, кімге қанша ақша берілгенін, ке­зе­ктің сақталуын және өзге де маңызды ақпараттармен таныса алады. Кейде күніне 50-ден астам өтініш түседі. Жүктеме көп болғандықтан, портал уақытша істен шығуы мүмкін. Кейбір жағдайда әлі күнге дейін өтінішті толтыру кезінде ақпараттар то­лық қам­тыл­майтынын атап өткен жөн. Бұл – өтінішті қанағат­тан­дыру процесін тежеп, сәйкесінше қаражаттың кешігіп түсуіне алып келмек. Қазір шаруалар субсидия алу үшін ақпараттық-талдамалық жүйе, төрт түлікті бірдейлендіру жү­йе­сі сияқты 4 бірдей бағ­­дар­ламадан хабардар бол­уы талап етіледі. Ұсақ шаруа­­лар тасада қалып қоя­ды деген пікір дұрыс емес. Шаруаларға барынша мұ­қият­тылық танытқан абзал, – дейді Н.Мақашев.

2021 жылы ауыл шаруа­шы­лығы саласын дамы­туға барлық деңгейдегі бюджеттерден 30,1 млрд теңге қаражат бөлінген. Атап айт­сақ, инвестициялық са­лым­дарға – 9,8 млрд теңге, мал шаруашылығын дамы­ту­ға – 7,7 млрд теңге, өсімдік шаруашылығына – 4,4 млрд теңге, сыйақы мөлшерлемелерін субси­дия­лауға – 4,4 млрд теңге, қайта өңдеу кәсіпорындарының шығындарына – 759 млн теңге.

Сонымен қатар «Бәй­терек» ұлттық басқарушы хол­дингінің құрылымдық бө­лімшелері де несиелер үлес­тірді. Азық-түлік ба­ға­сын тұрақтандыру мақ­са­­тын­да былтыр азық шы­ғын­­­дарының құнын арзан­дату 1,5 млрд теңге сомасында субси­дия­­ланған. Оның 1 млрд теңгесі мал шаруа­­­­шылығына бө­лінген суб­­сидиялар шең­бе­­рін­де қайта бөлінсе, ал 500 млн теңге облыстық мәс­лихат сес­­сиясының шеші­мі­мен жер­­гі­лікті бюджет есе­бінен қа­рас­ты­рылған. Нәти­жесінде, өткен жыл­­дың соңында 700-ден астам ұсақ шаруашылық қар­жы­лай қол­­дауға ие бол­ған. Биыл субсидия ре­тін­де үлестірлетін қара­жат мөл­шері көбеймесе, азай­май­ды деп сендіруде салаға жа­уап­ты мамандар.

Қазақстанның агро­өнер­­кә­­­сіп­тік кешенін дамы­ту­дың мем­­­ле­кеттік бағ­дар­ла­масында суб­­сидиялау ісіне ерекше мән берілуде. Алдағы бесжылдық жоспарда да нақты өзгерістер енгізіліп, демеуқаржыны үлес­тірудің тиімді жолдары бекі­тілмек.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ,

журналист

 

Павлодар облысы