Облыс орталығының іргесіндегі Садовый ауылының тұрғындары жайылымның жоқтығынан мал баға алмай отыр. 200-ден астам ауыл тұрғыны жер теліміне өтініш бергенімен, үй салатын алақандай жер жоқ.
Ауылдық жерде тұрып, үй салатын жер жоқ дегенге сенудің өзі қиын. Тіпті көз алдыңызға елестете алмас едіңіз. Елдің өкпесін қара қазандай қылған, орынды өкпе-назын туындатып отырған жайылым мәселесі талайдан бері айтылып келеді. Бұл жайға ел Президенті де көңіл аударған. Мәселен, Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында былай деп айтқан болатын: «Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс. Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажет. Олардың құқықтық мәртебесі және көрсетілетін қолдау тәсілдері «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» бөлек заңда көрініс табуы керек. Үкімет бұл заң жобасын өте қысқа мерзімде әзірлеуге тиіс».
Алдымен жайылым мәселесі туралы айта кетелік. Садовый ауылдық округіне Елікті және Заречный елді мекендері қарайды. Округ орталығы Садовый ауылын қоса есептегенде, осы үш ауылдағы мал сүмесімен күн көріп отырған қауым қазір зар илеп отыр.
– Осыдан екі жыл бұрын бәрі ойдағыдай еді, – дейді ауыл тұрғыны Тәуекел Тұрсынбек, – кейін ауылдың іргесіндегі жердің бәрін «Агротрейд Көкше» ЖШС алды да, бізге мал жаятын тоқымдай жер қалмады. Жайылым серіктестіктің егін егетін алқабының арғы жағында. Төрт аяқты мал аталған жайылымға жете алмайды. Егіннің үстінен басып өтуге болмайды. Ал сонда халық күн көріп отырған төрт түлігін қалай бақпақ? Қысы-жазы қораға қамап тағы баға алмайсың. Ауыл тұрғындарының өкпе-назы осыдан басталды. Аудан басшыларына арыздандық, жазылған шағымда есеп жоқ. Кейін серіктестік басшылары ел тілегін ескеріп, ені 100 метр болатын жол қалдырды. Бірақ аяқты малды жайқалып өсіп тұрған көк егіннің арасымен айдап өту тіпті мүмкін емес, ұзындығы бір шақырымнан асатын жолдан өткенше бақташы қайырып үлгермейді. Түні бойы қамауда тілін тістеп тұрған аш мал жайқалып өсіп тұрған егінге түсіп кетеді. Өйткені мал айдайтын жол өте тар. Ал егінге түссе, амал жоқ айыппұл төлейміз.
Жайылым бар, тек алыста. Көкшетау-Атбасар тас жолының бойындағы осы ауылдан 15-20 шақырым жердегі Ақадыр ауылының маңында 10 мың гектар құнарлы жер мал бағылмай, егін егілмей тусырап бос жатыр. Бұл жерді де серіктестік жалға алған екен. Бірақ кәдеге асырмаған. Осы жайылымда ауылдың төрт түлік малын бағуға әбден болады. Бірақ оған жете алмайсың. Жол бойы егістік алқаптары. Демек округ, аудан басшылары егін шаруашылығымен айналысатын серіктестіктер мен қожалықтарға жер бөлген кезде ауыл тұрғындарының мүддесі мүлдем ескерілмеген. Тығырықтан шығатын жол әлі де бар. Кәдеге аспай жатқан 10 мың гектар жерді егін шаруашылығымен айналысатын, егістік алқаптары ауылдың іргесінде орналасқан серіктестіктерге беріп, маңайды босатса, ешқандай өкпе-наз тумас еді. Ауыл тұрғындарының көпшілігі қазір жайылымдық, шабындық жер болмағандықтан, мал ұстай алмай отыр. Облыс орталығының іргесіндегі ауыл тұрғындары азды-көпті мал ұстаса, артық өнімдерін сатып күнкөрістеріне жаратпай ма?! Таяуда ауыл адамдары жылдар бойы қордаланып қалған осы өткір мәселені айтып, облыстық әкімдікке дейін барған. Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов Зеренді ауданының басшылары және «Агротрейд Көкше» ЖШС басшысының орынбасары Қайрат Жандаевпен ақылдаса келіп, егін үстінен малды жайылымға өткізетін жолдың ауқымын 300 метрге дейін кеңейтуге келісті. Уәденің қалай орындалары белгісіз. Әйтсе де, ауыл тұрғындары үміттеніп отыр.
Ауылда мал ұстап, өз күнімізді өзіміз көреміз деп алға ұмтылған адамдар аз емес. Солардың бірі – Бейсенбек Зинатбек. Алдынан жұмыс үркіп отыратын азаматтың өкпе-назы да орынды. Қазір бір өзі 70 бас ірі қара бағып отыр. Шабындық жер болмағандықтан, мал азығын сатып алады. Биыл оған 4 млн теңге қаражатын жұмсапты. 35 сауын сиырының сүтін көрші-қолаңға литрін 150 теңгеден сатады. Мал бағуға жайылым болмағандықтан, жағдайы жоқ ауыл тұрғындары сүтті сатып алуға мәжбүр.
Маған бар-жоғы 10 гектар жер керек. Сол жерге жүгері, екпе шөп егіп, мал азығын қамдасам, шаруам түзеліп қалар еді. Несиеге мал алып, бағып отырмыз. Жаздыгүні малды осы арадан 50 шақырым жердегі басқа ауылдың жайылымында бағып лаждадым, – дейді шаруа қожалығының басшысы Бейсенбек Зинатбек, – бұл да оңтайлы жол емес.
Шаруа қожалығы басшысының айтуына қарағанда, үй іргесіндегі шарбағының арғы жағы егістік алқабы. Жаздың күндері егістікке сепкен химиялық дәрінің иісі тыныс алдырмайды. Қазір ауыл тұрғындары 200-ге жуық қара мал мен 300-дің үстіндегі қой-ешкіні әрең-әрең бағып отыр. Қаражаты барлар жем-шөбін сатып алады. Бірақ олай мал бағудың өзі тиімсіз, өйткені биылғыдай құрғақшылық жылы мал азығы күрт қымбаттап кеткен.
Мән-жайды ауылдық округ әкімдігінің бас мамандары Олжас Қайыржанов пен Фариза Аманбаевадан білдік. Танаптың табалдырыққа дейін жыртылуы шындық. Оны айтасыз, осы ауылдың тұрғындары ондаған жыл бойы үй салатын жер теліміне қол жеткізе алмай отыр. Кезекте тұрғандардың саны 200-ден асқан. Барлығы 649 адам тұратын ауыл үшін өте көп кезек. Ал кезектің алға жылжитын түрі жоқ. Өйткені ауылдың іргесіне дейін егін егілгендіктен, алақандай жер қалмаған.
Ауыл тұрғындары аспандағы айды алып беріңдер деп буынсыз жерге пышақ ұрып отырған жоқ. Бар болғаны мал жаятын жайылым мен шабындықтың және үй салатын жер телімінің мәселесі шешілсе болғаны. Жұрттың жанайқайына назар аударатын, түйінді мәселені біржола шешетін уақыт әбден жетті. Жан-жағының бәрі шөбі шүйгін алқап, ел іргесін жанай өтетін өзені бар жерде өріс таппай қиналғандықтары кімнің болсын жанына батқандай. Өкінішті-ақ!
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы