Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға қарай елімізде беделді шетелдік университеттердің кем дегенде 5 филиалын ашу керектігін атап өткені бегілі. Бұл жаңа заманның заңды талабы екені даусыз.
Еліміздегі жоғары аграрлық білім беру сапасын әлемдік стандарттарға дейін көтеру, әлемдік жетекші университеттердің озық тәжірибесін жинақтау және енгізу, жаңа білім мен технологияларды трансферттеу мақсатында үздіксіз ізденістегі ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы-ректор, ҚР Ұлттық академиясының вице-президенті, академик Тілектес Есполов, «Осыған орай университет өзінің инновациялық дамуында ауыл шаруашылығы мамандықтары мен орман ресурстары бойынша әлемдік QS рейтингінде көшбасшы университет болып табылатын Вагенинген университетінің (Нидерланды Корольдігі) озық тәжірибесін басшылыққа алатындығы туралы» атап өтті.
Вагенинген ғылыми-зерттеу университетінің (WUR) әлемдік деңгейдегі университет ретінде қалыптасуы мен даму тәжірибесі университеттің 20 жыл бұрын қосылған бес ғылыми-зерттеу институттарымен сәтті интеграциялануынымен байланысты болып отыр.
Вагенинген университетінде кәсіпорындарды, үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдарды, университетті қамтитын Wageningen Metropolitan Food Clusters желісі құрылған. Бұл желіге ҚазҰАЗУ да қосылды.
Вагенинген университетіне мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіледі, соның нәтижесінде әлем бойынша бизнесті өзіне тарта алатын 20-дан астам агроинновациялық кластер әзірленіп енгізілді.
Университет ғалымдарының WURмен 20 жыл бойы жүйелі жүргізген бірлескен жұмысының нәтижесінде Қазақстан Үкіметі делегациясының Нидерланды Корольдігіне сапары барысында «Қазақ ұлттық аграрлық университеті» КеАҚ және Вагенинген университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылған болатын. Нәтижесінде ҚазҰАЗУ базасында Вагенинген университетімен жұмыс Институты ашылды.
Осылайша ҚазҰАЗУ Вагенинген университетінің білім беру бағдарламаларын енгізу бойынша Наньян технологиялық университетінен (Сингапур) кейін әлемдегі екінші ЖОО болды.
WURға сапар аясында тараптар ҚазҰАЗУ базасында Вагенинген университетінің сарапшыларының кеңесімен Қазақстанда сұранысқа ие бағыттар бойынша «Ветеринариялық тағам өнімдерінің қауіпсіздігі және технологиясы», «Өсімдіктер туралы ғылым мен технология» екі білім беру бағдарламасын ашуға келісім жасалды.
Білім беру бағдарламаларының мақсаты жаңа буын кадрларын даярлау болып табылады. Әзірленген «Ветеринариялық тағам өнімдерінің қауіпсіздігі және технологиясы», «Өсімдіктер туралы ғылым мен технология» білім беру бағдарламалары ҚР БҒМ Білім беру бағдарламаларының ресми тізіліміне енгізілген. Бұл білім беру бағдарламалары Германияның ACQUIN агенттігінде халықаралық аккредитациядан өтті және оларға халықаралық аккредиттеу сертификаттары берілді.
Нидерландық Dutch Fruit Solutions Kazakhstan (DFSK) компаниясымен бірлесіп «Агроуниверситет» оқу-тәжірибелік шаруашылығы базасында «Қарқынды бақ» ғылыми-зерттеу орталығы, «Ақылды жылыжай»» құрылды, онда студенттерге агротехникалық, ұйымдастыру-шаруашылық іс-шараларын өткізуге және ғылыми-зерттеу жобаларды жүзеге асыруға, қорғауға, сондай-ақ жеміс-жидек өсіру саласындағы заманауи инновациялық технологияны практика жүзінде меңгеруге толық мүмкіндіктер жасалған.
Бүгінде Институтта тек қазақстандық емес, шетелдік студенттер де білім алуда. Студенттер арасында БҰҰ даму бағдарламасы аясында оқуға түскен студенттер де бар.
Оқуды аяқтағаннан кейін түлектер WUR қабырғасында магистратураны жалғастыруға мүмкіндік беретін Вагенинген университетінің сертификаты және ҚазҰАЗУ дипломын бірге алып шығады. Мамандарды дайындаудың мұндай форматы елден шықпай-ақ ағылшын тілінде сапалы жоғары білім алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар университетте халықаралық агротехнологиялық ХАБ құрамында 11 ҒЗИ, 8 инновациялық орталық, 49 зерттеу зертханасы, 18 халықаралық орталық кіреді.
Зерттеу бағыттары бойынша барлық топтар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «ҰАҒБО»КеАҚ бейінді ҒЗИ және агробизнес кәсіпорындарымен интеграцияланған ортақ жүйеге енгізілген.
Жүргізілген жұмыс нәтижелерінің қорытындысы бойынша 2020 жылы оқу орны Үкімет қаулысымен зерттеу университеті мәртебесіне ие болды. Ал өткен жылдың қараша айында университеттің қарамағына төрт бейінді ҒЗИ беріліп, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларды жүйелі жүргізуге, инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлеуге және нәтижелерді өндіріске енгізуге мүмкіндік берді.
АЛМАТЫ