• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Экономика 01 Ақпан, 2022

Қордағы қаражат көбейді ме?

1005 рет
көрсетілді

2022 жылдың 1 қаң­тарын­дағы жағдай бойын­ша инвестициялық бас­қару­дағы зейнетақы актив­терінің жалпы көлемі 13,1 трлн теңгені құрады. Оның 13 трлн 46,57 млрд теңгесі Ұлттық банкке сенім­герлік басқаруға беріл­ген қаржы. Ал инвести­циялық портфельді басқару­шылар­дың үлесіндегі актив шамамен 7,5 млрд теңгеге жетті. Инвестициялық қызмет­тің нәтижесінде, 2021 жылы есептелген инвестициялық табыстың мөлшері 1,4 трлн теңгені құрады.

2022 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанның Ұлттық қорын бас­қару жөніндегі кеңес мақұл­даған бағыттар шеңберінде сенімгерлік басқарушы ретінде Ұлттық банк­тің зейнетақы активтерін инвестициялау қызметі бірнеше негізгі бағытты құрады.

Бірінші бағыт – Қаржы ми­нистр­лігі шығарған мемлекеттік бағалы қағаздар. Оның ағымдағы құны 5 трлн 104,82 млрд теңгеге немесе бүкіл портфельдің 39,13 пайызына тең. Оның теңгедегі кірістілігі жылына 9,4 пайызды құраса, долларға қатысты кірістілігі 3,4 пайызға тең.

Екінші бағыт – шетелдердің мемлекеттік бағалы қағаздары. Мұның көлемі – 2 трлн 500,81 млрд теңге. Оның портфельдегі үлесі – 19,17 пайыз. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері портфеліндегі шетелдердің мемлекеттік бағалы қағаздарының орташа кірістілігі жылына 1,2 пайызға тең.

Үшінші бағыт – квазимем­лекеттік ұйымдар облигациялары. Ағымдағы құны – 1 трлн 670,05 млрд теңге, портфельдегі үлесі – 12,80 пайыз. Теңгедегі орташа кірістілігі жылына 10,8 пайызды құраса, доллармен есептелетін кірістілігі 5,5 пайызға тең.

Төртінші бағыт – екінші деңгейлі банктер облигациялары – 1 трлн 046,62 млрд теңге немесе 8,02 пайыз. Орташа кірістілік жылына – 10,0 пайыз. 

БЖЗҚ-ның зейнетақы актив­тері есебінен сатып алынған қаржы құралдарындағы ұлттық валютадағы инвестициялары – 67,22 пайыз, АҚШ долларындағы инвес­тициялар – 32,71 пайыз, Ресей рублінде және басқа валюта­дағы инвестициялар – 0,06 пайыз.

Ұлттық банк алған, жыл басынан бері есептелген инвес­тициялық табыстың құрылымы келесі­дей сипатқа ие: бағалы қағаз­дар бойынша сыйақы түріндегі кірістер – 873,20 млрд теңге, бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан түскен кірістер – 146,57 млрд теңге, шетел валютасын қайта бағалаудан түскен кірістер – 68,32 млрд теңге, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер – 140,97 млрд теңге, өзге де кірістер – 169,79 млрд теңге.

Инвестициялық қызмет нәти­жесінде, сондай-ақ шетел валюталары бағамдарының құбыл­ма­лылығы мен қаржы құрал­дарының нарықтық құнының өзгеруі нәтижесінде, есептелген инвестициялық кіріс мөлшері өткен жылы 1 трлн 398,85 млрд теңге болды. 2021 жылдың басынан бастап салымшылардың шоттарына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 11,13 па­йызға жетті. Ал бұл аралықтағы инф­ля­ция 8,40 пайыз болған. Осы­лайша, БЖЗҚ зейнетақы актив­терінің нақты табыстылығы 2,73 пайыздық өсім көрсетті.

Жоғарыда атап өткендей, зей­нетақы активтерінің бір бөлігі ин­вестициялық портфельді бас­қару­шыларға беріледі. Мұндай шаруамен елімізде бірнеше ком­пания айналысады. Мәселен, Jýsan Invest компаниясының сенім­герлік басқаруындағы зей­нет­ақы активтері 3,43 млрд теңге­ні құрады. Оған Ұлттық банкноттары (портфельдің 33,42 пайызы), Exchange Traded Funds (ETF) пайлары (24,45 пайыз), Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары (15,07 пайыз), РЕПО операциялары (16,64 пайыз) сатып алынды. Инвестициялық шоттарда ақшалай қалған активтер – 10,42 пайыз. Портфельдің 65,22 пайызы теңгемен, 34,78 па­йызы доллармен сақталған. 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша есептелген инвес­тиция­лық табыс мөлшері 139,29 млн теңге болды. Зейнетақы актив­терінің табыстылығы – 8,08 пайыз.

2022 жылдың 1 қаңтарын­да Halyk Global Markets ком­паниясының сенімгерлік бас­қаруындағы зейнетақы актив­тері 2,06 млрд теңгені құрады. Портфельдің құрылымында кері РЕПО операциялары (43,33 па­йыз), квазимемлекеттік ұйым­дарының облигациялары (14,39 пайыз), ETF пайлары (13,99 па­йыз), шетелдік эмитенттердің акциялары мен депозитарлық қолхаттары (8,75 пайыз), екінші деңгейлі банк облигациялары (7,54 пайыз), ұйымдардың корпоративтік облигациялары (6,10 пайыз), халықаралық қаржы ұйымдарының облигациялары (5,83 пайыз), шоттардағы ақша қаражаты (0,05 пайыз) мен басқа да активтер (0,02 пайыз) бар. Портфельдегі ұлттық валютадағы инвестициялар 77,21 пайызға, АҚШ долларындағы инвес­ти­циялар 22,79 пайызға тең. 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағ­дай бойынша есептелген ин­вес­ти­ция­лық кіріс мөлшері 112,79 млн теңге болды. Зейнетақы ак­тив­­терінің табыстылығы 8,41 па­йызға жетті.

BCC Invest компаниясының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері 1,22 млрд теңгеге тең. Активтер пайлар­ға (ETF индекстерге, 25,48 па­­йыз), кері РЕПО операциялары­на (20,79 пайыз), квазимемлекет­тік ұйымдардың облигацияларына (17,04 пайыз), шетелдік эми­тент­тердің акциялары мен депо­зи­т­арлық қолхаттарына (9,91 па­йыз), халықаралық қаржы ұйым­дарының облигацияларына (8,00 пайыз), екінші деңгейлі банк­тердің облигацияларына (6,94 пайыз), Қазақстанның резидент-эмитенттерінің корпоративтік облигацияларына (6,85 пайыз), инвестициялық шоттардағы ақша қаражатына (4,96 пайыз), өзге де активтерге (0,04 пайыз) бө­лінген. Ұлттық валютадағы құрал­дар­ға порт­фельдің 59,82 пайызы, АҚШ долларындағы құрал­дар­ға порт­фельдің 40,18 пайы­зы ин­вес­ти­ция­ланған. Есептелген инвести­ция­­лық кіріс мөлшері 74,51 млн тең­гені құрады. Зейнетақы актив­тері­нің табыстылығы – 8,37 пайыз.

2022 жылдың 1 қаңтарын­дағы жағдай бойынша «Сентрас Секьюритиз» компаниясының сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері 809,46 млн теңгені құрады. Олар Қаржы министрлігінің мемлекеттік ба­ғалы қағаздарына (69,29 пайыз), РЕПО операцияларына (15,70 пайыз), Қазақстан эмитенттері­нің акциялары мен депозитарлық қол­хаттарына (14,73 пайыз), ин­вес­тициялық шоттардағы ақша құралдарына (0,27 пайыз) инвес­тицияланды. Барлық инвестиция­лар ұлттық валютада жүргізілген. Есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 46,72 млн теңгеге тең. Ал зейнетақы активтерінің кірістілігі 9,37 пайызды құрады.