• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Ақпан, 2022

Барыс бейнесі

745 рет
көрсетілді

Бұрынырақта Алтайдың биігінде барыс мекендейді десе, аңыз-әңгімедей қабылдар едік. Оны көзбен көргендер де жоқ-тын. Тек 2014 жылдың қаңтарында ғана Аршаты жақтағы тау соқпағымен ілбіп басып бара жатқан барыс алғаш рет фототұзаққа түсіп, таңғалысқанбыз. Кейін де бірнеше рет суретке түсірілді. Ал жуықта жарыққа шыққан фотосы тіптен анық.

Бұл сурет те Аршаты орманшылы­ғына қарасты учаскеде түсірілген екен. Ка­тонқарағай мемлекеттік ұлт­­­тық табиғи пар­кінің маманда­ры фото­тұзақ­тағы су­ретті енді ғана ашып, анықтап жат­қаны­мен, аппа­раттың шүріппесі жаздың күні ба­сылған. Фототұзақты барыс жүреді-ау деген соқпаққа ұлттық парктің қыз­мет­керлері Жомарт Аманбаев, Ма­нарбек Омаров, Мұрат Арабаевтар барып құрған. Барыстың қырқа-қырат, бел-белестерде емес, құзар шыңдардың басында жү­ре­тінін ескерсек, фототұзақ құру, оны уақ­­тылы тек­серіп тұру оңай шаруа емес. Ес­теріңізде болса, мысық тұқымдастың бұл түрі был­тыр Сарымсақты жотасында да бей­нека­мераға ілінген.

Барыстың негізгі азығы таутеке болған соң шың-құздарды мекен етеді. Әдетте азығын жалғыз жүріп аулайды. Тостағандай таста төрт аяқпен тәкап­парлана тұратын таутеке барыс үшін қағып ала салатын олжа емес. Тырнағы ілінбей шыңырауға кетіп жараланса, жарақаттан емес, ақсап жүріп аштан өледі. Сондықтан да аса сақ қимылдайды. Көбінесе әлсіз аңға шабуылдауға тырысады. Дейтұрғанмен өзінен екі-үш есе ауыр таутекені тамақтап жіберуге қауқарлы. Ілбістің салмағы 40-55 келі тартса, дене тұрқы 103-130 сантиметр, құйры­ғының өзі 90-105 сантиметр. «Ілбіс» демекші, бұл барыстың көне атауы. Кейде «ілбісін» деп те жазылады. Жарайды, бұл өзінше бөлек тақырып.

Барыстың аң аулау тәсілі де ерекше. Кәдімгі үй мысығының тышқанға, торғайға шабуылын көріңіз де, барысты елестете беріңіз. Дәл солай. Көздеген азығына жер бауырлап, жақындаған соң ғана тарпа бас салады. Егер шабуылы сәтсіз болса, тұяқтының соңына түсіп қуаламайды. Энергиясын сақтайды. Бірақ жеті метрге дейін секіретін барыстан алаңсыз жайылып жүрген таутекенің құтылуы да қиын шығар.

Өкініштісі, табиғатта көзге түсе бер­мейтін сұлу жануар құрып кету­дің аз-ақ алдында тұр. Әлемдік зерттеу­шілердің жүргізген санағы бойынша, жер бетінде 3000-7000 ғана барыс қалған. Қазіргі уақытта «Қызыл кітапқа» еніп, аулауға тыйым салынған. Демек, болашақта саны артады.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы